Астанада Еңбек күні мерекесіне орайластырылған «Жұмысшы мамандықтар жылында оқудан еңбекке тиімді көшу үшін серіктестер диалогы – 2025» атты жастарды жұмыспен қамту және дағдыларды дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық конференция басталды. Үш күнге созылатын шара аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылар жастардың еңбек нарығына шығуына көмектесетін озық тәжірибелерді, саяси тәсілдерді және инновациялық шешімдерді талқылайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Конференцияға Қазақстандағы Еуропалық одақ делегациясы, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіби біліктілік саласындағы салалық кеңестердің сарапшылары, жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтар, халықаралық мамандар қатысты.
Халықаралық конференцияны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Еуропалық одақтың Елшісі, өкілі және делегация басшысы Алешка Симкич ашты.
Пленарлық отырысты Еуропалық білім беру қорының білім орталығының жетекшісі Кристина Мереута жүргізді. Сарапшылар қауымдастығымен амандаса отырып ол дағдылар мен біліктілік жүйесін дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ оны еңбек нарығының қазіргі тенденцияларына сәйкес жастар үшін өзгерту қажеттігін атап өтті.
Асқарбек Ертаев өз сөзінде сарапшылар қауымдастығының өкілдерін құттықтай отырып, адами капиталды дамыту, заманауи дағдыларды меңгеру және еңбек нарығындағы өз орнын табу мәселелерінің тек қазақстандықтар үшін ғана емес, көптеген елдер үшін, әсіресе жастар үшін аса өзекті екенін жеткізді.
Аталған бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Еуропалық білім беру қорының үйлестіруімен «Орталық Азиядағы білікті жастарға арналған диалог пен әрекет» (бұдан әрі – DARYA) жобасы іске асырылуда.
Вице-министр мұндай бастамалар Орталық Азиядағы ортақ білім беру және кәсіби кеңістікті қалыптастыруға ықпал етіп, еңбек нарығын жастар үшін анағұрлым икемді әрі қолжетімді ететінін айтты.
Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 38%-ын жас мамандар құрайды. Дәл осы жастар елдің экономикасы мен еңбек нарығының болашағын айқындайтын болады.
«Жұмысшы мамандықтар жылында біз жаңа технологиялық шындыққа сұранысқа ие қолданбалы құзыреттер мен біліктіліктерді дамытуға баса назар аударамыз. Біздің стратегиялық міндетіміз – кадрларды даярлау жүйесін озық дамытуды қамтамасыз ету», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ ол Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІТ-инфрақұрылымды жедел дамыту, жасанды интеллект, автоматтандыру салаларындағы мамандарды даярлау және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі басымдықтарды айқындағанын еске салды. Бұл білім беру және біліктілік жүйелерін трансформациялаудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
«Цифрлық экономикада шешуші рөл атқаратын автоматтандыруға төзімді жұмысшы мамандықтарына – құрылысшыларға, инженерлерге, өндіріс саласының мамандарына ерекше назар аударылып отыр.
Мемлекеттік жұмыспен қамту саясаты кешенді модель бойынша іске асырылады: жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуден бастап, кәсіпкерлікті дамыту, білім беруді цифрландыру және заманауи стандарттарды енгізуге дейін», – деді вице-министр.
Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шаралары көрсетіліп жатқанын атап өтіп, бұл ретте жастарды қолдау – олардың еңбек нарығындағы алғашқы тәжірибесін алуына, кәсіби деңгейін арттыруына және жаңа дағдылар игеруіне ерекше мән берілетінін айтты.
Одан кейін Асқарбек Ертаев кәсіби біліктілік жүйесінің дамуы және білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
«Кәсіби стандарттар құзыреттерге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, жұмыс берушілер үшін бағдар болады және оқу бағдарламаларын жаңартудың негізі ретінде қызмет етеді. Бүгінгі таңда сұранысқа ие 7,8 мың мамандықтың шамамен 60%-ы кәсіби стандарттармен қамтылған. Олардың негізінде 11 мыңнан астам білім беру бағдарламасы өзектендірілді», – деп сөзін жалғастырды ол.
Вице-министр сондай-ақ бейресми және формальды емес оқу шеңберінде алынған білім мен дағдыларды объективті бағалау және тануды қамтамасыз ету үшін кәсіби біліктілікті тану орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы мәлімет берді. Қазіргі таңда ірі жұмыс берушілермен серіктестікте 9 біліктілікті тану орталығы жұмыс істейді.
Сөзінің соңында Асқарбек Ертаев қазақстандық сарапшылардың Еуропалық білім беру қорымен тығыз ынтымақтастығы туралы айтып өтті. Бұл ынтымақтастық Орталық Азиядағы еңбек нарығының қажеттіліктерін зерттеу және жастардың дағдылары мен біліктіліктерін сол сұранысқа сәйкес дамытуға бағытталған.
Өз кезегінде ЕО делегациясының басшысы Алешка Симкич Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту перспективаларына тоқталды. Атап айтқанда, ол цифрлық, энергетикалық және көлік секторларындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау, білім беру және зерттеу жүйелерін нығайтуға бағытталған ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясы аясындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Спикер Орталық Азиядағы өзара іс-қимыл мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аймаққа ұзақ мерзімді пайда әкелетінін жеткізді.
Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін «Еңбек нарығындағы үрдістер, болашақ дағдылар мен мамандықтар» тақырыбында кіріспе сессия өтті. Онда жаһандық еңбек нарығындағы негізгі үрдістер мен жастардың оқудан еңбекке өту процесіндегі басты сын-тегеуріндер, әсіресе Орталық Азия елдеріндегі жағдайлар ұсынылды. Талқылауға Еуропалық білім беру қорының Білім орталығы бөлімінің жетекшісі Кристина Мереуца (модератор), Еуропалық білім беру қорының Еңбек нарығы бойынша сарапшысы Ева Янсова және «Еуразиялық топ» ЖШС-нің кадр және мәдениет жөніндегі бас директорының орынбасары Анастасия Круч қатысты.
Келесі сессия жастардың оқудан еңбекке өтуін қолдауға бағытталған саяси тәсілдерді талқылауға арналды. Шара аясында отандық және шетелдік сарапшылар Орталық Азия, Еуропалық одақ және Батыс Балкан елдерінің саяси шеңберлерін салыстырып, жастарды жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі табысты ұлттық стратегиялардың үлгілерін ұсынды.
Сондай-ақ, үш күнге созылатын конференцияда жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сұранысқа ие дағдылар мен аналитиканы болжаудағы еңбек нарығы мониторингінің рөлі, сондай-ақ жұмыспен қамту саясатын әзірлеу мәселелері талқыланады.
Сарапшылар сонымен бірге жастарды жұмыспен қамтуды және олардың біліктілігін арттыруды қолдайтын бірқатар ұйымдарға барады, бұл Қазақстанда іске асырылып жатқан мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша тәсілдердің тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын зерттеуге мүмкіндік береді.