Астанада көп қабатты тұрғын үй өртеніп, 8 пәтер зардап шекті

/
Астанада көп қабатты тұрғын үй өртеніп, 8 пәтер зардап шекті
Астана әкімдігі

18 қыркүйекке қараған түні Есіл ауданында Достық көшесі, 12/1 мекенжайында орналасқан KaRima кафесінде өрт тұтанды. От ғимараттың қасбетін және бірнеше пәтерді зақымдады, тұрғындар уақытша қонақүйлерге орналастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ТЖМ деректерінше, жағдайды қатты түтін, жоғары өрт жүктемесі және ғимараттың конструктивтік ерекшеліктері қиындатқан – жалын жылдам өршіген. Өртті сөндіру үшін үздіксіз су беріліп, бірнеше су қақпаны қосылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылды.

Әкімдік нақтылағандай, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, алайда сегіз пәтер зақымданған.

«Тұрғындар үшін қала қонақүйлерінде уақытша орналастыру ұйымдастырылды. Сондай-ақ жан-жақты көмек көрсетіледі. Бір тәулік ішінде зақымданған пәтерлерді жөндеу және қасбетті қалпына келтіру жұмыстары KaRima кафесінің иелері есебінен басталады», – делінген хабарламада.

Билік өкілдерінің мәліметінше, оқиға орнында ТЖД мен полиция қызметкерлері жедел жұмыс істеді. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары