«Салтанаттың» өзгенің босағасында жүргені жаныма батады – Елубай Кенжалиев

«Салтанаттың» өзгенің босағасында жүргені жаныма батады – Елубай Кенжалиев

Қазақстандағы жоғары дәрежедегі өнер ұжымдарының бірі – «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі. Оның құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Соған орай ансамбльдің директоры Елубай Кенжалиевпен кездесіп, шетелге аты белгілі ансамбльдің жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.

Ансамбльге ғұмырын 
арнаған жандар туралы кітап жазуға болады

– Елубай Мұхамбетұлы, сіздің «Сал­та­нат» мемлекеттік би ансамблінің бас­шы­лығына келгеніңізге үш жылдай уақыт бо­лыпты. Ал биыл сіз басқарып отырған өнер ұжымының құрылғанына 70 жыл то­лып отыр. Сондықтан әңгімеміздің ба­сын «Салтанат» ансамблінің жүріп өт­кен жолына шолудан бастасақ.

– Әрине, 70 жыл деген де халыққа та­ны­мал өнер ұжымы үшін белгілі бір белес. Сон­дық­тан алдымен «Салтанат» мемлекеттік би ан­самблінің тарихын қысқаша шолып өтсек: ан­самбль 1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі, Ук­раина КСР-на еңбегі сіңген әртісі Чернышева Ли­дия Демьяновнаның басшылығымен құ­рылған. Алғашқы ұжым Алматы және Киев кон­серваторияларының, Ленинград және Ал­маты музыкалық училищелерінің жас тү­лектерінен құралған. Сол кездегі талап тұр­ғы­сынан ансамбль ұжымы ән салып, би билеп, бей­бітшілік, достық және ұлттар бірлігін на­си­хаттау бағытында жұмыс істеді. 
Кеңестік кезеңнің саясатында ұлттар дос­тығы, интернационализм идеологиясы басты ба­ғыт болды ғой, сондықтан «Салтанат» ан­самблі де қазақ елінің өнер ұжымы санал­ғанымен оның репертуары еліміздегі түрлі ұлт­тың билерін насихаттауға құрылды. Сол талаптың үдесінен шыққан, кәсіби бі­лік­тілігі жоғары ансамбль алғашқы жылдардың өзін­де-ақ өз бағдарламаларымен әртүрлі фес­тивальдар мен конкурстарға қатысып, көзге тү­се бастады. Соның бір көрінісі – ансамбльдің Мәс­кеу қаласы студенттер мен жастардың Дүние­жүзілік фестивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алуы. Сондай-ақ 1998 жылы Пусан қа­ласында (Оңтүстік Корея) өткен 19 елдің өнер­паздары қатысқан дүниежүзілік би фес­тивалінде «Салтанат» ансамблі лауреат атануы да оның деңгейінің қандай екенін көрсетсе керек.
Құрылғанына 12 жыл толғанда жоғары орын­даушылық шеберлігі және музыкалық, во­калдық және хореографиялық өнерді да­мытуда сіңірген үлкен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жар­лы­ғы­мен ансамбльге ел мәдениетіне «Еңбек сіңір­ген» құрметті атағы берілді. Бұл аз ғана уа­қыт­тың ішінде жеткен табыс деуге болады. Өйт­ке­ні ол кезде өнер ұжымының мемлекеттік наг­­­­радаға қол жеткізуі үлкен жетістік сана­латын.
Өз тарихында «Салтанат» ансамблі бір­не­ше рет қайта құрылып, өнер ұжымының си­па­ты өзгеріп отырған. Мысалы, 1967 жылы ан­­­­самбль жанынан оркестр және хор ашылды, сөй­тіп «Салтанат» ән-би ансамбліне айналған еді. Сөйтіп, ансамбль хордың жанды даусына, ор­кестрдің сүйемелдеуіне билеп, жаңаша тұрпаттағы өнер ұжымы қалыптасқан-ды. Бір­ақ 1989 жылы оркестр мен хор жабылып, өнер ұжымының мәртебесі өзгеріп, қайтадан бірыңғай би ансамбліне айналды. Шынына кел­генде, көрерменге жанды музыкаға билеу­дің әсері мол ғой. 
Әрине, қандай өнер ұжымы болса да тари­хы, қалыптасқан дәстүрі, бағыты болады. Бір­ақ өнер дәуір талабымен жаңғырып, жаңарып отырмаса тоқырауға ұшырайды. Сон­дықтан өзім басшылыққа келгелі бері ан­сам­бльдің репертуарын қайта қарап, барды да­мытып, жаңаны қосуға әрекет жасап жа­тырмын. 

– Ансамбльдің жоғары дәрежеде өнер көрсететін ұжымға айналуына үлес қос­қан майталман өнерпаздар кімдер?

– Қандай өнер ұжымы болса да оның биік дәре­жеге көтерілуіне белгілі бір тұлғалардың жанкешті еңбегі әсерін тигізеді. Ондай жандар бар қажыр-қайратын жұмсап, бойдағы бар та­­­лантын арнау арқылы өнердің көшін алға сүй­рейді. «Салтанаттың» да өз дәстүрі қалып­тасып, қазіргі деңгейге жетуіне Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстан Республи­ка­сы­ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнер қайраткері, қазақ балет әртісі және педагог, профессор Зәуірбек Райбаевтың сіңірген еңбегі зор дер едім. Ол кісі 1970-1986 жылдар аралығында Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін атқарған тұста КСРО халықтарының көптеген биін қойып, еліміз көрерменді түрлі ұлт­тың өнерімен таныстырды, сол арқылы ан­­самбль­дің кәсіби біліктілігін көтеріп, таны­мал етті. Сол кісінің тұсында Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның «Салтанат» мемлекеттік би ан­самблі қай­та құрылды. Ол ағамыздың қазақ би өнерін дамытуға махаббаты ерекше еді. Көзі тірісінде бізге ақыл-кеңесін айтуға, қол­дан кел­ген көмегін беруге жалықпайтын. Ол кісі «Аса таяқ», «Қосалқа», «Биші қайың», «Шол­пы» се­кілді керемет билерді қою арқылы осы өнер­дің өрісін кеңейтті дер едім.
Сол сияқты, «Салтанат» ансамбліне балет­мейстер ретінде зор еңбек сіңіріп, көптеген биді қойған Қазақстанның халық әртісі, өнер­тану ғылымдарының кандидаты, хореография профессоры Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтің ең­бегін де ерекше атап өтсек дұрыс болады.
Сол сияқты 30 жылға жуық ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған биші, балетмейс­тер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері Гүлсәуле Орумбаеваның және қа­зіргі көркемдік жетекшіміз, көптеген ха­лық­аралық конкурстың лауреаты Қуанышбек Тө­легеннің де «Салтанат» ансамблінің дең­гейін көтеру үшін сіңірген еңбегі көп.
Жалпы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Бол­гария, Италия, Түркия, Қытай, Ресей, Оң­түстік Корея елдерінде өнер көрсетіп, қалың кө­рерменді өнерімен тамсандырған «Салта­нат» би ансамбліне ғұмырын арнаған жандар туралы арнайы кітап жазса артық емес.

– Сіз басқарып отырған аты белгілі өнер ұжымының, жоғарыда өзіңіз айтып кет­кендей, о баста түрлі халықтардың, оның ішінде Кеңес одағы халықтарының би­лерін насихаттау бағытында құрыл­ғаны белгілі. Бүгінде ансамбльде қазақ би өнерін дамытуға қандай талпыныстар бар?

– Кең тұрғыдан алғанда, би өнеріне әлем­дегі барлық халықтың үлесі бар деп айтар едім. Тіпті, ұлттық биі қалыптасқан, сол арқы­лы өнері дүниеге танылған ұлттар да бар. Ол – өнердің бүкілхалықтық сипат алуы. Қазақта да би өнерінің өз орны бар. Бізде «Қамажай» се­кіл­ді қыздар орындайтын би түрі және кейін­гі дәуірде бүкіл халыққа танымал болған «Қаражорға» биі бар. Әрине, әркім әртүрлі айтады, біреулер «Қаражорға» қазақтың биі емес, буын биі қазақта болмаған дейді, енді бі­реулер бұл би бұрын бар қазаққа танымал бол­ған, кейін ұмытылып барып қайта жаң­ғыр­ды деп жатады. Десек те, біздің билердің жал­пылық мәні, яғни бәрі білуі тұрғысынан ал­ғанда Хорезм халық биі «Ләзгінің», кавказ ха­лықтарының «Лезгинка» биі деңгейіне жет­пегенін мойындау да керек. Қазақ өнері көбіне интеллектуалдық бағытта қатты дамыған­дық­тан бізде жыр-терме, ән, күй, айтыс өнері өте та­нымал, ал биіміз олардың деңгейіне жете қой­маған. Әйткенмен, би өнерінен құр алақан қалған ел емеспіз. Біздегі билер көбіне ком­по­зиялық қалыпта жасалған. Сюжетті билер. Би­ші, педагог, Қазақстанның халық артисі Ша­ра Жиенқұлова секілді қазақ би өнерінің корифейлерінің шығармашылығы қазақта би бол­маған деген таяз пікірді жоққа шығарып қа­на қоймай, оны жаңа деңгейге көтерді.
Енді сұрағыңызға нақты жауап беретін бол­сам, мен осы ансамбльге келгенде мұнда қа­­зақ биінің кенжелеп қалғанын сездім. Құ­рыл­ғанына 70 жыл болып отырған ұжымның ұзақ жо­лында әртүрлі кезеңдер бар ғой, әр дәуірде әртүрлі қалыптасты дегендей. Сондықтан біз бү­гінде қазақ билеріне көбірек мән беріп отыр­мыз. Репертуарымыздағы қазақ билерінің са­нын арттырып, соларды көрсету үшін ел ара­лап, концерт беріп жатырмыз. Былтыр Ре­сейдің Санкт-Петербург қаласына барып кон­церт қойдық. Өзіміздің Қостанай, Ақтөбе, Қы­зылорда, Маңғыстау облыстарына, Алматы қа­ласына концерт бердік. Ел аралағанда тек кон­церт қоюмен шектелмей, би өнерімен айна­лысып жүрген ұжымдарға шебердік са­бақ­тарын өткіздік. Енді биыл министрліктің қол қойып бекітуімен Астана қаласына, Сол­түстік Қазақстан облысына гастрольге шығу жоспарда тұр.

Облыс әкімдеріне хат жазып жүрмін...

– Белгілі өнер ұжымының халықпен ті­келей жүздесуінің әсері мол ғой. Сон­дықтан өнер арқылы ағартушылық жұ­мыс­тарын жүргізу де қажет шығар?

– Дұрыс айтасыз, өнерді жай көрсету бір бө­лек те, оны насихаттаудың жөні бір бөлек. Сон­дықтан әрқашан екеуін де қатар алып жү­ру­дің пайдасы мол.
Ансамбліміздің 70 жылдығына орай «Би керуені» деген арнаулы жоба жасадық. Соны ел аралап көрсету үшін облыс әкімдеріне хат жа­зып едік, солардың ішінде Түркістан облы­сы­ның әкімі мен Шымкент қаласының әкімі ке­лісім берді. Екі қалаға биыл маусым айында бар­дық. Олар біздің шығындарымызды (өнер­паздардың жолына, тамағы, жатын орнына кететін қаражатты) көтеріп, көп көмек көр­сет­ті. Солармен бірлесе отырып, «Заң және тәр­тіп аясында» деген форум өткіздік. Түр­кі­стан жастарын жинап, әлемге белгілі әншіміз Ди­маш Құдайбергеннің орындауындағы «Тау ішін­де» әніне флешмоб жасадық. Одан соң Мем­лекеттік рәміздер күніне орай көрер­мен­дер­ді жинап Мемлекеттік әнұранды орында­дық. Сосын біздің мамандар Түркістан қала­сын­дағы, облыстың аудан-ауылдарындағы хо­реографтарынан, бишілерінен, клуб мең­герушілерінен 300-дей өнерпаз жастарды жи­нап, үш тақырыпта тегін шеберлік сабағын өт­кізді. Онда бүгінгі қазақ биінің проблема­лары, би ұжымдарында концерттік бағдарла­ма­­­ларды жасау секілді мәселелер қамтылды. Бұл олардың өз өнерін өрістетуіне құлшыныс ту­дыратыны анық. Бұл шаралардан соң кеш­кі­сін халыққа тегін концерт қойдық.
Сонымен бірге Шымкент қаласының Қыз­ғал­дақ сарайында да «Би керуені» концертін ха­лыққа тегін қойдық. 2 000 адамдық зал көрер­менге толды. Оған жиналған шымкентік 200-дей бишіге шеберлік сабағын бердік. Кон­церттің соңында көрермендер тік тұрып қол соққанда еңбегіміздің елге ұнағанына риза бол­дық. 

– Өзге облыстармен байланыстарыңыз қалай?

– Мен көптеген облыс әкімшілігіне сіз­дер­дің облыстарыңызға барып концерт берсек, жер­гілікті бишілерге шеберлік сабағын өткі­зіп, қазақ би өнерінің  дамуына үлес қоссақ, ха­лықпен жүздессек деген ұсыныспен хат жаз­дым. Бірақ олардың көбі «жоспарда жоқ» деп жауап берумен шектелді. Бірен-сараны ке­лесі жылға қалдырайық деп жатыр. Бұл орай­да бізге қолдау білдірген Түркістан облы­сы­ның, Шымкент қаласының әкімдігіне алғыс ай­тамын. Солардың арқасында біз халыққа таза би өнерін насихаттауға мүмкіндік алдық.
Адамда түсінік, талғам неден пайда бола­ды? Әрине, деңгейі биік өнерпаздардың ең­бе­гін өз көзімен көріп, өз құлағымен есті­геннен пай­да болады. «Қайық білмегенін кемеден сұ­райды, халық білмегенін көнеден сұрайды» демекші, кәсіби өнерден тәлім алғандар күні ертең өзгеге үйретеді. Сөйтіп, өнер ел ішінде қа­натын кеңге жая береді. 
Сонымен бірге маусым айында Ақтөбе об­лы­сы әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауын­да болып едім, ол кісі ұсынысымды қабылдады. Бұйырса, осы айдың 22-сі күні Ақтөбе жұрты­мен кездесіп, «Би керуенін» қоямыз. Оның бәрі қара­жатқа келіп тіреледі ғой, бірақ өнерге жа­нашыр, түсінігі мол ел басқарып отырған аза­маттар соның шешімін тапқанына ризалық біл­діремін.
Алдағы айда, қазанның бесінде, бұйырса, Та­р­аз қаласына барғалы отырмыз. Концерт қоюға залды тегін беріп отыр.
Тағы бір айта кететін нәрсе, өткен жылы Аста­на өткен 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойы­нында да, сол жаққа барып бір ай жатып, дайындалып, замануи форматта жарықтардың үйлесімімен өнер көрсеттік.

«Мынау шынымен «Салтанат» па?» деп сұрайды

– Өзге елдердің би ұжымдарымен, ма­мандарымен тәжірибе алмасу, үйрену жа­ғы қалай? Өнерде бір елдің бір елден ала­тыны, үйренетіні де аз болмаса керек?

– Иә, ол да назарда болатын нәрсе ғой, өнер­де өзара байланыстың берері мол. Өйт­кені адамзат қоғамының дамуы бір-бірінен үй­рену мен бір-біріне үйретуден тұрады. Біз де осы жағына мән береміз.
Біз кейінгі кезде өзге елдердің балет­мейс­терлерімен жұмыс істедік. Биді әр елдің биінің өз маманы келіп үйреткенінің пайдасы көп. Мә­селен, бізге өзбек елінің опера театрының көр­кемдік жетекшісі келіп, өзбек билерін үй­ретті. Мен осы жерге келгенде байқағаным, ан­са­мбль репертуарындағы өзге елдің билерін қой­ған қазақстандық мамандар. Ондайдың ол­қылығы болмай тұрмайды. Ал біз мемле­кет­тік ансамбль болғандықтан қай елдің биін көр­сетсек те оны өз дәрежесінде игеріп барып көр­­­­сетуіміз керек. Ол үшін нағыз мамандармен жұ­мыс істеуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміз­дегі мамандармен ойласа отырып, өзге елдің мамандарын шақыртып жұмыс істеуді ұй­ғар­дық. Демек, репертуарымызға өзбек биін алу керек пе, өзбек маманын, тәжік биін аламыз ба, тәжік маманын алдыру керек деп шешіп, со­ларды алдырдық. Олар өз қойылымын му­зыкасымен алып келіп үйретті. Сонымен бірге би­ге қажетті киім үлгілерін әкеліп көрсетті. Әри­не, бұл ансамбльдің ішкі жұмысы болған­дықтан, оған қажет қаражатты өзіміз таптық. Сөйтіп, өзбек, тәжік елдерімен меморандум жа­садық. Олар бізге өз билерін, біз оларға қа­зақ биін үйретуге келісім жасастық.
Тәжік биін қоярда олар бізге ішінен таң­дап алуға биге қажет 28 музыка жіберді. Тәжік биіне арналған музыкалар ойнақы болғаны­мен, көбінің ырғағы жай екен. Ал бізге жігерлі, мерекелік көңіл күйге арналған саз керек. Сөйтіп, музыка таңдап, одан соң тәжік елінен хореографиялық оқу орнының директоры бо­лып істейтін би өнерінің шебер маманы ке­ліп, біздің өнерпаздарға тәжік биін үйретті. 
Одан соң Хорезм халық биі «Ләзгі» үйрену үшін де өз маманын шақырттық. Оны ерлер мен қыздар бірге орындайды. Өте күрделі би. Мә­селен, ол биде қыз баланың шыр көбелек ай­налатын жері бар ғой, соны тоқтамастан 83 рет қайталайды екен. Оны және музыканың ырғағы жиілеген сайын тездете түседі. Билеуді айтасың, оған қарап тұрған адамның миы ай­налады. Сол биді біз Almaty Theatre-да қой­ған­да, көремендер делебесі қозып, ысқырып, шулап, өте күшті әсермен қабылдады. Тіпті, «мы­на биді көрсетіп жатқан расымен де «Сал­танат» ансамблі ме?» деп таң қалғандар болды. Одан соң тәжік биін көрсеткенде де халықтың ықыласында шек болмады. Сосын жалпы билейтін ұйғыр биін де көрсеттік, оны көрер­мен жақсы қабылдады. Ол биді де хореог­рафиялық колледжде істейтін, би өнерінің ма­маны келіп үйреткен болатын.

– Биді сахнаға шығару өз-өзінен бола қой­майтын шаруа ғой, оны қоюға ар­найы мамандарды шақыру, билерге ар­нал­ған костюм дайындауға да біраз қа­ра­­­жат керек шығар?

– Әрине, би қою тек музыкаға ілесіп билеп шы­ғу емес, оны сахнаға шығару үшін арнайы кос­тюм керек. Министрлік бізге бір жылға екі би костюмін тігуге қаражат бөледі, бірақ біз бір жылда екі биді ғана репертуарымызға ен­гізіп қарап отырмаймыз ғой, сондықтан өзіміз қойып жатқан көптеген биге арналған кос­тюм­ді тіктіруге өзіміз қаражат табамыз. Әйт­песе, мемлекеттің берген қаржысын екі биге жұмсап отыра берсең де саған ешкім ештеңе демейді. Бірақ өнер ұжымының дамуы, кәсіби біліктілігінің арта түсуі үшін ізденіс керек, өзің басқарып отырған ұжымның абыройы үшін еңбектену қажет. 
Заман ағымынан қалмау үшін үздіксіз із­деніп, талаптанбасаң артта қалып қоясың. Ал «Салтанат» секілді мемлекеттік өнер ұжы­мы­ның репертуары бай болмаса болмайды. Сон­дықтан біз кейінгі кезде Азия халық­тары­ның билерін сахналадық. Бұрын ан­сам­блі­мізде Еуропа халықтарының биіне басымдық бе­рілсе, енді Азия билеріне көп назар ау­дарылып жатыр. Сол үшін де репертуарымызды өз­бек, тәжік, ұйғыр, моңғол, татар билерімен то­лықтырдық. 

Елді халтураға үйретсең, 
талғамы төмендейді

– Ансамбльде музыка жағынан қан­дай өзгеріс, жаңалық бар?

– Биыл наурыз айында Алматы қаласында Мә­дениет және ақпарат министрі Аида Ба­лаева­ның өзі келіп қатысқан жиын болды. Сон­да би ансамблінің оркестрдің сүйемел­деуі­мен билеу қажеттігі жайында мәселе көтердік. Өйт­кені әлемдік стандартқа сай би ансамбль­дері қойылымдарын өз оркестрімен біріге орындайды. Бұрын біздің ансамбльде ондай оркестр, хор болған, кейін жабылып қалған. Ол кезде «Салтанат» мемлекеттік ән-би ан­сам­блі деп аталған. Хор мен оркестр таратылғаннан кейін тек би өнері ұжымына айналған ғой. 
Министрге рахмет, біздің ұсынысымызға қол­дау білдіріп, «Салтанаттың» жанынан 18 адам­нан тұратын фольклорлық ансамбль ашы­лып, оған консерватория бітірген жастар­дың арасынан мықтыларын таңдап алдық. Фо­льклорлық ансамбльдің көркемдік же­текшісі – Серік Зәкәрия. Серік – өзі компо­зи­тор жігіт. Жақында «Айдай сұлу» деген ком­по­зиция шығарды, оған «Салтанаттың» көр­кем­дік жетекшісі Қуанышбек Төлеген арнайы би қойды. Бұл композитор мен балетмейстердің шы­ғармашылық одағы жақсы нәтиже көрсете бас­тады деген сөз. Бұдан басқа Серік «Сал­танат­тың» репертуарында бұрыннан келе жат­қан билердің музыкасының партитура­ла­рын жазып шықты. Фольклорлық ансамбльде әнші де бар.
Әрине, бұрын дайын музыкамен билеп кел­ген бишілерге үнінен қазақтың сазы есіп тұрған фольклорлық ансамбльге қосылып өнер көрсету оңай емес, оған шыдам, ізденіс, ше­берлік керек. Бірақ жанды музыкамен сах­нада өнер көрсетудің табиғи сұлулығына же­тер не бар? Ол тамаша гармония ғой!

– Елімізде, жалпы алғанда, мәдениет пен өнерді қолдауға көңіліңіз тола ма?

– Мәдениетті қолдамаса болмайды ғой, на­ғыз өнер той-томалаққа барып күн көр­мейді. Елді халтураға үйретсең, талғамы өшеді. Тал­ғамның төмендеуінен жаман нәрсе жоқ. Жақ­сы мен жаманды айыра білуге талғам қа­жет. Сондықтан биік өнер белгілі бір кон­церт­тер шеңберінде қалмай, елге кеңінен таралып, халыққа танылу қажет. Ол тек мемлекеттің қолдауымен жүзеге асатын іс.
Мемлекет басшысының кешегі Жол­дауы­нан көп үміт күтемін. Онда айтылған «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қай­рат­керлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз» деген Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі біз­дің саламыздағы көптеген проблеманың оң ше­шіміне үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл сөзді жеңіл-желпі түсінуге болмайды. Ол той-томалаққа барып, фонограммамен ән са­лып жүрген әуесқойлар жөнінде емес, ұлт­тық мәдениетті көтеріп жүрген кәсіби ұжым­дарға қатысты айтылған сөз деп ойлаймын.

– Кәсіби өнерді дамыту үшін алда қан­дай жұмыстар атқарылуын қалар едіңіз? Өнер ұжымдарының, оның ішінде өзіңіз басқарып отырған «Салтанат» мем­лекеттік би ансамбліне қатысты қандай проблемалар бар?

– Өнер – кәсіби түрде дамыса ғана өнер. Жұрт­тың назарын тез тартып алатын жеңіл әуен­дерге құрылған әндер, тойларда орын­да­латын қимыл-қозғалысы шала-шарпы билер жұртты тез жалықтырады да, өнерге деген сел­қостықтың пайда болуына әкеп соғады. Шын өнер үлкен ізденіспен, көп тер төгумен жа­салады. Сондықтан сауатты азаматтар осы мә­селені жадынан шығармаса екен деймін.
Өнер қаржылық қиындыққа тәуелді бол­маса, оған жеткілікті назар аударылып, мем­лекет тиісті қамқорлық жасап отырса, өнер­паздардың еңбегі лайықты бағаланса екен дейсің. Өзге елдерге барғанда көріп жүрміз, біз секілді мемлекеттік өнер ұжымдарының көбінің өз ғимараты бар, өз оркестріне ие. Бізде де сондай болса деп армандайсың. Мәсе­лен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Құрманғазы атындағы Қазақ­тың мемлекеттік академиялық халық аспап­тар оркестрі, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық опера және балет театры өз ғимаратында отыр. Олар да біз секілді өзге бір ұжымның қол­тығында қысылып отырса қалай болар еді? Әрине, олардың бәрі ұлттық өнеріміздің бір-бір шыңдары. Ал олармен мәртебесі тең бол­маса да, маңызы жағынан бір саланың бет­кеұстары, ұлттық би өнерінің басты ұжымы «Сал­танат» мемлекеттік би ансамблінің өз ғи­мараты жоқ. Концертке баратын болсақ, мі­ніп баратын жеке автобусымыз жоқ, киім­дерімізді таксиге салып алып жүреміз. 130 адам жұмыс істейтін үлкен өнер ұжымында мем­лекеттік награда алғандардың санын ай­ту­ға да ұяламыз... Бірақ солай да болса, жағ­дайымыз осындай екен деп қол қусырып отыр­ған жоқпыз. Мемлекет берген қаражатқа ғана иек артпай, өз бетімізше әрекет етіп жа­тырмыз. Соның арқасында біраз жетістікке де қол жеткізіп келеміз. Бұйырса, алдағы уақыт­ты біз айтқан мәселелер шешімін тауып, өне­рі­мізді одан әрі өрістете береміз деп үміт­те­немін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары