Атырау облысында нөсерден кейін 1200-ден астам қой-ешкі қырылды

/
Атырау облысында нөсерден кейін 1200-ден астам қой-ешкі қырылды
istockphoto

Жылыой ауданында маусым айының басында болған қолайсыз ауа райы салдарынан бірнеше шаруа қожалығы 1200-ден аса бас ұсақ малынан айырылды. Қазір қырылған малдарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жылыой аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2-3 маусымда Сарықасқа және Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы толассыз нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел соққан. Осыдан кейін аталған аумақтарда қой мен ешкі қырылған.

Оқиға туралы хабарлама түскен соң жағдайды зерделеу үшін оқиға орнына «Жылыой аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның бес маманы мен арнайы техника жіберілген.

Тексеру нәтижесінде Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майкөмген ауылдық округі аумағындағы шаруашылықтарда барлығы 1238 бас ұсақ малдың қырылғаны анықталды.

Мамандардың алдын ала болжамынша, қырқылған қой-ешкі ұзақ уақыт жаңбыр астында қалып қойған. Жауыннан кейінгі батпаққа батып қалған.

— Жайлауға көшірілген малдарға арналған ықтайтын қора-жайлардың болмауы да жағдайды күрделендірді, — деді Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Еркінов.

Ресми ақпарат бойынша қазір қырылған малдарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары