Ұлттық мәдениетіміздің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер өзіндік даралығымен, терең тарихымен ерекшеленеді. Бүгінде заман талабына сай ұлттық қолөнер элементтері үй интерьерінде, киімдерде, әшекей бұйымдарда көп қолданылады. Осы орайда ұлттық болмысымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, осы салада еңбек етіп жүрген қолөнершілеріміз жетерлік. Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында осындай 200-ге жуық қолөнер шебері бас қосып, жұртшылыққа ерекше көрме өткізді. Шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, ақтөбеліктерге өз қолдарымен жасаған дүниелерін ұсынды.
Аталған шараны Ақтөбе облысы әкімдігі мен республикалық «Бақытты отбасы» ақпараттық кеңес-білім беру орталығы ұйымдастырды. Оған «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада арнайы шақырылып, қолөнер шеберлеріне шеберлік сабақтарын өткізді.
Ақтөбенің төрінде «Шеберлер ше-руі» атауымен өткен фестивальге еліміздің түпкір-түпкірінен, сондай-ақ облыстың аудандарынан қолөнер шеберлері қатысты. Олар негізінен төрт бағыт бойынша өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жасаған қолөнер бұйымдарының қыр-сырымен бөлісті. Атап айтсақ, шеберлер құрақ құрау, киіз басу, терме тоқу және ши ораудан жастарға және қолөнерді үйренуге ниетті жандарға шеберліктерін көрсетті. Мәселен, ақтөбелік зейнеткер, қолөнер шебері Қалимаш Кәрімбердиева көп жылдан бері киіз үй жабдықтарын тоқиды. Ұмытылып бара жатқан өнер болғандықтан, мұндай дүниелерге сұраныс аз. Дегенмен қолөнер шебері ерінбей, түрлі-түсті жіптерден оюлап, киіз үй жабдықтарын тоқып, бар білгенін жастарға үйретіп жүр.
– Алты қанат киіз үйге қызыл бау тоқуға бір апта уақыт кетеді. Бұл жерде ең бастысы есепке жүйрік, сондай-ақ төзімді болуың керек. Қазір мұндай киіз үй жабдықтарына сұраныс көп емес. Дегенмен ерекше өнер түріне қызығушылық танытатындар бар. Бүгінгі фестивальде қыз-келіншектерге қызыл бау, басқұр тоқудың қыр-сырын үйретіп, әдіс-тәсілдеріммен бөлісіп жатырмын. Жалпы, қазақ халқында басқұр, терме тоқу – ежелден келе жатқан өнер түрі. Мысалы, терме тоқу – қазақ халқының атам заманнан бергі келе жатқан дәстүрлі өнері. Әсіресе, ауылдық жерде өскен біз үшін бұл таңсық емес. Аналарымыздың жүн түтіп, жіп иіріп, терме тоқығанын бала кезімізден көріп өстік. Киіз үйдің бүкіл бауын, басқұрын, ши тоқудан бастап керек-жарақтарын көрші-көлеммен бірге тоқитын. Сол көрініс зердемізде қалып қойған. Терме тоқудағы өткермелеу, ілмектеу жұмыстарының барлығы да есептеп санау арқылы, әрбір ілінген жіп санын ұмытпай есте сақтау арқылы орындалады. Бұл әдіс – қазақтың өрмек өнерінің ең көп тараған түрі, көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы. Ал басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр. Басқұрдың ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Сол сияқты қызыл баудың тоқудың да өз ерекшелігі бар, – дейді зейнеткер.
Шараға арнайы келген «Алтын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, аталған фестиваль қолөнер шеберлерінің басын қосып қана қоймай, ел арасында ұмытылып бара жатқан ұлттық өнер түрлерінің дәріптелуіне, қайта жаңғыртылуына өзіндік үлес қосады.
– Өзім Ақтөбе облысына жиі келіп тұрамын. Мұнда қолөнер шеберлеріне тегін семинар-тренингтер өткіземін. Соның бір жемісі – биыл ақтөбелік қолөнер шеберлері республикалық конкурстан бірінші орын алып келгені. Міне, сол бес саусағынан өнер тамған шеберлер осы фестивальге қатысып жатыр.
Енді шараның маңыздылығына келсек, «Шеберлер шеруі» фестивалі – биыл қолға алынған жаңа жоба. Оны Ақтөбе өңірінде жүзеге асыруымыздың өзіндік себебі де бар.
Өйткені ақтөбелік қолөнершілердің беталысы, талпынысы зор, олар өз жұмысына өте тиянақты, ұқыпты. Дегенмен олардың өз бұйымдарын насихаттап, содан табыс табуына әлі де бір қалыптасқан жүйе, жаңашылдық керек. Кез келген қолөнерші өзі жасаған дүниесін табыс көзіне айналдыра білуі керек. Себебі ол оған қаншама уақытын жұмсайды, күндіз-түні еңбектенеді. Меніңше, Ақтөбеге қолөнершілердің басын біріктіретін үлкен орталық қажет, – дейді ол.
Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, елімізде сән индустриясында жыл сайын жаңа топтамалар таныстырылатын болса, қолөнер саласында да дәл сондай нарықтың сұранысына төтеп беретін жаңа нақыштағы бұйымдар жасау маңызды. Олардың бояуы, техникасының күрделілігі, қолданатын кәделері заманауи болуы керек. Кейінгі жылдары шетелдерде қазақтың қолөнер шеберлерінің жұмыстары жоғары бағаланып, бірқатарының туындылары сұранысқа ие болуда. Осы тұрғыда ақтөбеліктер де осы салаға өз үлесін қосуы керек.
– Мен 16 жылдан бері құрақ құраумен айналысамын. Бұл бағытта өзім жасаған дүниелерді трендке айналдырып қана қоймай, оны жеке кәсіп ретінде дамытуға бар күшімді салып келемін. Бүгінгі фестивальге осы салада танылып жүрген Орал, Ақтау, Атырау қалаларынан келген қолөнершілеріміз бар. Олар өздерінің қолынан шыққан бұйымдары мен жабдықтарын әлемдік аренаға шығаруға жұмыстанып келеді. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде алаша, ши тоқу, киіз басу сияқты қолөнер түрлері кенжелеп бара жатыр. Осындай іс-шараларда аталған қолөнер түрлерін дамытып, оны жан-жақты насихаттаудың маңызы зор, – дейді ол.
Айта кету керек, аталған фестивальде қала тұрғындары шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды көріп қана қоймай, оларға қолдау білдіріп, сатып алып жатты. Бірқатар азаматтар өзге өңірлерден келген шеберлерге ризашылығын білдіріп, ұлттық өнерге деген жанашырлығын көрсетті.
Шара соңында Ақтөбе облысы әкімінің атынан барлық қатысушыға алғыс хаттар, ал үздік қолөнер шеберлеріне тігін машиналары табысталды.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы