«Әкесі не анасы агрессор болған»: Психолог әкесін аяусыз ұрған асаба туралы айтты

/
«Әкесі не анасы агрессор болған»: Психолог әкесін аяусыз ұрған асаба туралы айтты
Видеодан скриншот

Түркістан облысындағы әкесін аяусыз ұрып, балағаттаған ер адамның видеосы желіде таралып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Артынша бейнежазбадағы ер кісінің ауылдағы мәдениет үйінде қызмет атқаратыны, асаба болып тойларға шығатыны белгілі болды. Халықтың ықыласына бөленіп жүрген жанның өз әкесіне деген осыншалықты қатыгездігіне психологиялық тұрғыдан не себеп болуы мүмкін? Жалпы Қазақстанда қарттар қаншалықты қорғалған? BAQ.KZ тілшісі бұл сауалдарға әлеуметтанушы және психолог маманмен бірге жауап іздеп көрді.

“Әкесі не анасы агрессор болған”

Психоаналитик Шолпан Мықтыбек видеодағы ер адамның өзі де бала кезінде агрессия көрді деп есептейді және агрессор әкесі не анасы болды деп болжайды.

Психологияда "өзін агрессормен сәйкестендіру" (идентификация с агрессором) деген термин бар. Адам бала кезінде не мамасына, не әкесіне ұқсағысы келеді. Осы жерде ол бейсана тұрғысынан таңдау жасайды. Мысалы, “мен мамама ұқсаймын, әлде әкеме ұқсаймын, жұмсақ боламын, әлде қатал боламын”. Яғни бала қатал болуды таңдағанда өзін агрессормен сәйкестендіреді, агрессор әкеге не агрессор шешеге ұқсап, олар сияқты әрекеттерді жасайды, - деді маман.

Шолпан Мықтыбек біреуге әдейі зиян келтіруге, үстемдік етуге, қысым көрсетуге бағытталған әрекет бала кезден көрініс табатынын жеткізді.

Мысалы, кішкентай кезінде ол құмырсқаларды өлтіргенді жақсы көреді. Мысық, иттерді қинағанды жақсы көреді. Бала кезінде өзінен кішкентайларға, әлсіздерге, ол ұл да, қыз да болуы мүмкін, тиіседі. Ал өскен кезде одан да зорын жасайды, - деп түсіндірді ол.

Психоаналитик психологияда отыздан астам қорғаныс механизмі бар екенін айтады. Психологтың сөзінше, "өзін агрессормен сәйкестендіру" де қорғаныс механизмі болуы мүмкін.

Асабалық – “мен жаманмын” дегенді жасыру амалы

Психоаналитик Шолпан Мықтыбек “мен жаманмын, менің бір жерім дұрыс емес” деген сезіммен өскен бала есейгенде өзін жақсы жақтан көрсететін және қоғамның мақұлдауын алатын, әлеуметке шығатын іс-әрекеттер жасайтынын атап өтті. Сол сияқты видеода әкесін ұрған ер адамның да мәдениет үйінде қызмет етіп, асабалықты таңдауы “мен жаманмын” деген ішкі жамандығын жасыру мақсатында болуы мүмкін екенін жеткізді. Ол ойдың қайдан келетінін де түсіндірді.

Бейсаналық тұрғыдағы “мен жаманмын, менің бір жерім дұрыс емес” деген ойды, әрине, бала кезде әке-шешесі береді. Қалай береді? Бала бір қателік жасап қойса, баланы ұру, соғу, кінәлау, сөгу арқылы, өзгелермен салыстыру және үнемі баладан мінсіз болуды талап ету арқылы. Мысалы, колледжге түскен баланы “сен университетке түспедің”, төрт алған баланы “сен бес алмадың”, бес алған баланы “сен неге қызылмен бітірмедің”, қызылмен бітіргенді “сен неге алтын белгі алмадың” деген сияқты. Яғни ата-ананың балаға үнемі көңілтолмаушылығы және мінсіз болуын талап етуі, - деді ол.

Маман ата-ананың баласынан мінсіз болуды талап етуі оның сырт келбетіне де әсер ететінін айтты.

Мысалы, әкесін ұрған асабаның сырт келбеті келісті. Шаш үлгісі, шыттай киінуі, еңсесін тік ұстауы, түрі. Яғни бала кезден ата-ананың одан мінсіз болуды талап етуі “мен мінсізбін, менде бәрі жақсы” деген сырт келбетке алып келуі мүмкін, - деді Шолпан Мықтыбек.

“Қарттар назардан тыс қалады”

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек Түркістан облысында орын алған қарт әкені ұру оқиғасы қоғамды не себепті терең алаңдатқанын әлеуметтік тұрғыдан талдап берді.

Қазақ қоғамында ата-ананы құрметтеу – ең басты құндылықтың бірі. Сондықтан мұндай жағдай тек жеке тұрмыстық жанжал немесе жеке қылмыс емес, бүкіл қоғамның моральдық негізіне жасалған соққы ретінде қабылданды. Бұл оқиға халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне қатты әсер етті, - деп баға берді маман.

Сондай-ақ Әйгерім Жақыпбек Түркістан облысында баласы жасы егде тартқан әкесіне көрсеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы қарт адамдардың әлеуметтік осал топ екенін айқын көрсеткенін айтты.

Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты айтқанда, әдетте әйелдер мен балаларды бірінші орынға қоямыз. Бірақ назардан тыс қалып жүрген үлкен бір топ бар. Ол – қарт адамдар. Қарттар да балалар сияқты қорғанысты қажет етеді. Оларға уақыт бөлу, назар аудару, жан жылуын сездіру маңызды. Қазіргі таңда қарттарға қатысты мәселелер көбіне әлеуметтік желілерде көңіл көтеру форматында көрсетіледі: қарттардың ән айтып, би билеп тұрған бейнелері таралады. Әрине, бұл көрініс бір жағынан қарттардың белсенді жағын көрсетеді, бірақ олардың шынайы әлеуметтік проблемаларын көлегейлеп қояды, - деді ол.

Әлеуметтанушы қоғамда қарттарға қатысты зорлық-зомбылық, еңбек қанауы, жалғыздық мәселесі бар екені жеткілікті айтылмайтынын жеткізді.

Әсіресе әйелі қайтыс болғаннан кейін ер адамдар көбірек осал күйге түседі, тұрмыстық жанжалға да, қарттар үйіне баруға да бейім келеді. Ал әйелдер көбіне еңбек қанауы мен шамадан тыс тұрмыстық міндеттерді атқаруға тәуелді. Қарттарды қорғау – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қарттарға құрмет – біздің ұлттық болмысымыздың өлшемі ғана емес, бүгінгі әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі деп ойлаймын, - деді ол.

“Түркістан облысындағы қарттар үйінде ерлер көбірек”

Әйгерім Жақыпбектің әлеуметтанушы ретінде қарттар мәселесіне қатысты жүргізген зерттеулері Түркістан облысындағы қарттар үйінде әйелдерге қарағанда ерлердің көбірек екенін көрсетті. Олардың басым бөлігі – балалары бар адамдар.

Әсіресе ұлы жоқ ерлер қартайған шақта әлеуметтік қызметтерге, яғни қарттар үйлеріне көбірек тәуелді болады. Бірақ тіпті ұлы бар ер адамдардың өзі, егер әйелі қайтыс болса немесе ауырып қалса, Түркістан облысындағы баласы әкесін ұрған видеодағыдай әлеуметтік осал жағдайға тап болады. Өйткені отбасындағы байланыс ана арқылы жүріп келгендіктен, ол үзілгенде әке мен бала арасында шиеленістер пайда болады. Бұл құбылыс қарт ерлердің осалдығын арттырады: олар тұрмыстық жанжалға, агрессияға, тіпті қарттар үйіне түсуге көбірек бейім болады. Ал әйелдер қартайған шақта мұндай тәуекелге азырақ тап болады, өйткені олардың отбасымен эмоционалды байланысы тікелей және тұрақты болып келеді, - деді Әйгерім Жақыпбек.

Әлеуметтанушы қартайған шақтағы ер адамдар көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және отбасылық қақтығыстарға тап болса, қарт әйелдер көбіне еңбек қанауына немесе шамадан тыс тұрмыстық жүктемеге ұшырайтынын айтты.

Әйелдер бала қарау, немере бағу, үй шаруасын жүргізу міндеттерін өмірінің соңына дейін атқарып келеді. Бұл – олардың тыныш қарттық құқығын шектейтін әлеуметтік проблема. Ал ерлердің жағдайы көбіне олардың зейнетке шыққаннан кейінгі экономикалық мүмкіндігіне байланысты. Егер бұрынғыдай асыраушы рөлі әлсіресе, оларды бағалау да өзгереді, - деді маман.

Әйгерім Жақыпбектің айтуынша, қарт ерлердің тұрмыстық қақтығыстарға бейім болуы да, қарт әйелдердің еңбек қанауына ұшырауы да отбасындағы “әділетсіздіктің” және әлеуметтік қолдаудың әлсіздігінің көрінісі. Әсіресе әлеуметтік қиындықтар, кедейлік орын алған отбасыларда агрессия күшейіп, ең алдымен әлеуметтік осал топтарға – қарттарға бағытталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары