«Орталықтан жер алып беремін»: Ақтөбеде бірнеше адамды алдаған күдікті ұсталды

/
«Орталықтан жер алып беремін»: Ақтөбеде бірнеше адамды алдаған күдікті ұсталды
polisia.kz

Ақтөбеде ер адам бірнеше азаматқа жоқ жер телімдерін сатқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияға Мәртөк ауданының тұрғыны арызбен жүгініп, белгісіз ер адамның облыс орталығынан жер телімін төмен бағамен сатып беруге уәде етіп, ақшасын иемденіп кеткенін хабарлаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Тексеру барысында күдіктінің меншігінде жер телімдері болмағанына және оларды сатуға құқығы жоқ екеніне қарамастан, азаматтарға тиімді бағамен жер телімдерін сататынын айтып, олардың сеніміне кіргені анықталды. Ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған.

Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас тағы үш алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды.

Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты. Аталған факті бойынша “Алаяқтық” бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Полиция азаматтарға жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеріп, мәмілені заңды түрде рәсімдемей тұрып ақша бермеуге кеңес береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары