Жапонияда тұрғындарға смартфонды тек 2 сағат пайдалануға рұқсат етілмек

/
Жапонияда тұрғындарға смартфонды тек 2 сағат пайдалануға рұқсат етілмек
сурет: unsplash

Жапониядағы Тойоакэ қаласының билігі тұрғындарға смартфон қолдануды шектеуді ұсынды. Жаңа бастамаға сәйкес, жұмыс пен оқу уақытынан бөлек, телефонды күніне тек екі сағат пайдалануға рұқсат етілмек, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мэр Масафуми Коки мұндай қадамның басты мақсаты халықтың денсаулығы мен ұйқы сапасын қорғау екенін түсіндірді. Құжатта, әсіресе оқушыларға кешкі сағат 21:00-ден кейін телефон қолдануды шектеу ұсынылған. Шенеуніктердің айтуынша, гаджеттер адамдардың психикасына қатты әсер етіп, ұйқысыздық пен шаршауға әкеліп отыр, деп хабарлайды Phys.org агенттігі AFP-ке сілтеме жасап.

Жапонияның Балалар және отбасы істері агенттігі 2025 жылғы наурызда жариялаған деректерге сай, жапон жасөспірімдері аптаның жұмыс күндері интернетте күніне бес сағаттан артық уақыт өткізеді.

Алайда жаңа бастама қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі: «Екі сағатта тіпті бір фильмді көріп үлгермеймін» – деп жазса, өзгелері мұндай шешімді билік емес, әр отбасының өзі қабылдауы керек деген пікір білдірді.

Бұл Жапониядағы алғашқы шектеу емес. 2020 жылы Кагава аймағында балаларға ойын уақытына шектеу енгізілген болатын: жұмыс күндері – 1 сағат, демалыс күндері – 1,5 сағат. Сондай-ақ оқушыларға кешкі уақытта смартфон қолдануға тыйым салынған еді. Ол кезде де бастама қоғамда қызу талқыға түскен.

Егер Тойоакэ жобасы мақұлданса, ол 2025 жылдың қазан айынан бастап күшіне енбек. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары