АҚШ жастары егде жастағыларға арналған тұрғын үй кешендеріне көше бастаған. Олар зейнетке шығуды күтпей, қазірден бастап тыныш әрі жайлы өмір сүргісі келеді. Бұл туралы Business Insider басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мұндай тұрғын үй кешендері көбіне 55 жастан асқан адамдарға арналған. Олардың аумағында бассейндер, спорт залдары, серуендеуге арналған саябақтар, демалыс орындары мен түрлі үйірмелер бар. Тұрғындар бірге спортпен айналысып, саяхат ұйымдастырып, қоғамдық іс-шараларға қатыса алады.
Бұрын америкалықтар мұндай кешендерге көбіне зейнетке шыққаннан кейін көшетін. Ал қазір 50-ден асқан, әлі де еңбек етіп жүрген адамдар арасында қызығушылық артып келеді.
Жылжымайтын мүлік саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар Active Adult Consultants компаниясының кеңесшісі Тодд Уоршауэрдің айтуынша, бұл өзгеріске қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігінің кеңеюі де әсер еткен.
«Бұрын мұндай қалашықтарға адамдар зейнетке шыққан соң көшетін. Ал қазір кейбір адамдардың алда тағы 10-15 жыл жұмыс істеуіне тура келсе де, олар өмір салтын өзгертуді ертерек ойластырады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі тұрғындар жұмысын тоқтатуға асықпайды. Бірі қашықтан қызмет атқарса, енді бірі жеке кәсібін жүргізеді немесе кеңесшілікпен айналысады. Алайда бос уақытында спортпен шұғылданып, достарымен кездесіп, өз қызығушылықтарына көбірек көңіл бөлгісі келеді.
Бұл үрдіс әсіресе 1965-1980 жылдары дүниеге келген X буынының өкілдері арасында байқалады. Сарапшының пікірінше, олар алдыңғы буынға қарағанда зейнетке шыққанша күтіп отырмай, өзіне қолайлы өмір салтын ертерек қалыптастыруға ұмтылады.
Оның үстіне мұндай кешендерде үй мен аула күтіміне кететін жұмыс аз болуы мүмкін. Тұрғындар бос уақытын үй шаруасына емес, демалысқа, саяхатқа және қарым-қатынасқа жұмсауды қалайды.