Уақытты кері айналдыруға бола ма? – физиктер жаңа тұжырым ұсынды

/
Уақытты кері айналдыруға бола ма? – физиктер жаңа тұжырым ұсынды
сурет: istockphoto.com

Уақыт машинасы жасалса, өткенге оралуға бола ма? Қытайлық физик Хуншэн Чжанның жаңа зерттеуіне сәйкес, белгілі бір физикалық жағдайларда өткенге саяхаттау математикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ал болашаққа «саяхаттау» физика заңдарына қайшы келмейді, деп хабарлайды turkystan.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

Цзинань университетінің зерттеушісі Хуншэн Чжан уақыт пен кеңістіктің құрылымын математикалық тұрғыдан талдап, өткенге оралу мүмкіндігін қарастырған. Ол көптеген теориялық ғаламда уақыт тек бір бағытта қозғала алатынын көрсететін тұжырым ұсынды.

Ғалымның зерттеуі Эйнштейннің салыстырмалылық теориясына негізделген. Бұл теорияға сәйкес, уақыт пен кеңістік бір-бірімен тығыз байланысты және олардың қасиеттері тартылыс күші мен қозғалыс жылдамдығына қарай өзгеруі мүмкін.

Чжанның түсіндіруінше, белгілі бір жағдайларда уақыттың қозғалысын тек жоғары көтерілуге болатын баспалдаққа ұқсатуға болады. Адам баспалдақпен қанша көтерілсе де, бастапқы басқышына қайта орала алмайды. Уақыт та дәл осылай тек алға жылжиды.

Алайда ғалым өткенге саяхаттау мүмкіндігін толық жоққа шығармайды. Оның айтуынша, теориялық тұрғыдан мұндай сапарға жол ашуы мүмкін екі ерекше жағдай бар.

Біріншісі – айналмалы қара құрдымдардың маңындағы кеңістік пен уақыттың қатты бұрмалануы. Эйнштейн теориясына сәйкес, аса үлкен массасы бар айналмалы денелер айналасындағы кеңістік пен уақытқа әсер етеді. Кейбір математикалық модельдерде бұл құбылыс уақыттың тұйық шеңбер бойымен қозғалуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Екінші жағдай ғаламның кеңістік-уақыт құрылымымен байланысты. Егер оның геометриялық құрылысы ерекше болса, адам бір бағытта үздіксіз қозғалып отырып, теориялық тұрғыдан бастапқы уақыт нүктесіне қайта оралуы ықтимал.

Дегенмен бұл мүмкіндіктер әзірге математикалық модельдерде ғана қарастырылған. Олардың шынайы ғаламда жүзеге аса алатыны дәлелденбеген.

Ал болашаққа саяхаттау мәселесі басқаша. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы өте жоғары жылдамдықпен қозғалған немесе күшті тартылыс өрісінде болған адамның уақыты өзгелермен салыстырғанда баяуырақ өтетінін көрсетеді.

Мәселен, Халықаралық ғарыш станциясындағы ғарышкерлер Жердегі адамдарға қарағанда уақыттың өтуін сәл өзгеше сезінеді. Бұл айырмашылық өте аз болғанымен, арнайы құралдар арқылы өлшенеді. Яғни адам үшін уақыт баяуырақ өтіп, ол өзгелердің болашағына қарай жылжи алады.

Ғалымдар мұндай құбылысты уақыттың салыстырмалы баяулауы деп атайды. Оның бар екені тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Алайда бұл ғылыми-фантастикалық фильмдердегідей уақыт машинасын жасап, қалаған жылға бірден баруға болады деген сөз емес.

Хуншэн Чжанның зерттеуі 2026 жылғы қазанда arXiv ғылыми платформасында жарияланған. Әзірге ол тәуелсіз ғылыми сараптамадан өтпеген.

Зерттеушінің айтуынша, оның жұмысы өткенге саяхаттау қандай жағдайларда мүмкін болмайтынын анықтауға көмектеседі. Ал табиғат заңдары уақыттың кері жүруіне шынымен мүмкіндік бере ме деген сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар