Ұйқының бұзылуы ми құрылымында өзгеріс тудыруы мүмкін. Ғалымдар ұйқысыздық, апноэ және ұйқыда жүру сияқты бұзылыстары бар адамдардың миындағы зейін мен ақпаратты өңдеуге жауап беретін кейбір аймақтардың көлемі кішірек болатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Scientific Reports ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Флорида халықаралық университетінің ғалымдары бұған дейін жүргізілген 57 зерттеудің нәтижесін талдаған. Оның 40-ы ұйқыға кету немесе ұйқыны сақтау қиындықтарына, ал 17-сі ұйқы кезіндегі әдеттен тыс әрекеттерге қатысты болған.
Ғалымдар ұйқысыздық, ұйқы апноэсы, нарколепсия, ұйқыда жүру және түнгі қорқыныш сияқты түрлі бұзылыстары бар адамдардың магниттік-резонанстық томография (МРТ) нәтижелерін салыстырған. Талдау барысында әртүрлі ұйқы бұзылыстарына ортақ өзгеріс анықталған. Атап айтқанда, мұндай адамдардың миындағы таламус деп аталатын аймақтың сол жақ бөлігінде тін көлемінің азаюы байқалған.
Таламус – мидың ақпаратты қабылдау, өңдеу және жеткізу үдерістеріне қатысатын маңызды бөлігі. Ол адамның зейін қоюына, сыртқы әсерлерге жауап беруіне және белгілі бір тапсырманы орындауына көмектеседі. Ғалымдардың пікірінше, осы аймақтағы өзгерістер ұйқысы бұзылған адамдардың күндіз зейінін шоғырландыруда қиналуымен, баяу әрекет етуімен және жиі қателесуіне байланысты болуы мүмкін.
Зерттеу барысында тағы бір ерекшелік анықталған. Ұйқыда жүру, қорқынышты түстер көру және басқа да ұйқы кезіндегі әдеттен тыс әрекеттері бар адамдардың миындағы артқы белдеулік қыртыс деп аталатын аймақта да құрылымдық өзгерістер байқалған. Мидың бұл бөлігі адамның шешім қабылдауына, эмоцияларын басқаруына және ынтасын реттеуіне қатысады. Сондықтан ондағы өзгерістер адамның көңіл күйі мен мінез-құлқына да ықпал етуі мүмкін.
Ал ұйқысыздық пен апноэ сияқты бұзылыстар жеке топ ретінде қарастырылғанда, барлық зерттеуге ортақ нақты құрылымдық өзгеріс анықталмаған. Бұл ұйқы бұзылыстарының әр түрі миға әртүрлі әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Зерттеушілер ұйқының жеткіліксіздігі адамның күнделікті өміріне де әсер ететінін атап өтті. Ұйқысы қанбаған адамдар жұмыста жиі қателесіп, зейінін шоғырландыруда қиналуы және жазатайым оқиғаларға жиірек ұшырауы мүмкін.
АҚШ-та жүргізілген бұрынғы есептеулерге сәйкес, жеткіліксіз ұйқының салдарынан еңбек өнімділігінің төмендеуі, қателіктер мен жазатайым оқиғалар жыл сайын экономикаға 280-411 миллиард доллар шығын әкеледі.
Дегенмен жаңа зерттеу ұйқының бұзылуы ми тіндерінің кішіреюіне тікелей себеп болатынын дәлелдемейді. Ғалымдар тек ұйқы бұзылыстары мен ми құрылымындағы айырмашылықтар арасындағы байланысты анықтаған. Сондай-ақ бұл нәтижелер бір-екі түн дұрыс ұйықтамаған адамның миы кішірейеді дегенді білдірмейді.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл жаңалық ұйқы бұзылыстарының адамның ойлау қабілетіне, эмоциялық жағдайына және мінез-құлқына қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Болашақта мұндай өзгерістердің себептерін анықтау ұйқы бұзылыстарын емдеудің тиімді тәсілдерін әзірлеуге көмектесуі мүмкін.