Ақмола облысында мас күйінде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Полицейлер оның автокөлігінен ондаған бос сыра бөтелкесін тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 7 қараша күні кешкі уақытта Көкшетау – Красный Яр тасжолында болған.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері жолда күмәнді қозғалып келе жатқан ВАЗ-21150 маркалы автокөлікті байқаған.
Тәртіп сақшылары жүргізушінің әрекетіне күдіктеніп, көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында ер адам жолға шығар алдында сыра ішкенін мойындаған. Полицейлер автокөліктің салоны мен жүк салғышын қарау кезінде ондаған бос сыра бөтелкесін анықтаған. Кейін жүргізуші медициналық куәландырудан өткізілді. Сараптама нәтижесі оның алкогольдік масаң күйде болғанын растаған.
Осы дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік арнайы айып тұрағына жеткізілді. Іс сотта қаралып, жүргізушіге қатысты тиісті шешім қабылданды. Сот үкімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.