"Қатты қорықтық": АҚШ-та ұшақ әуежайда аударылып кетті

/
"Қатты қорықтық": АҚШ-та ұшақ әуежайда аударылып кетті
видеодан скриншот

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Джон Уэйн атындағы әуежайда шағын жолаушылар ұшағы күтпеген жерден аударылып қалды. Оқиға кезінде әуе кемесінің ішінде екі адам болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға өткен сенбіде болған. Cessna 172 үлгісіндегі шағын ұшақ оқу-жаттығу рейсін аяқтап, әуежайдағы тұраққа қарай қозғалып бара жатқанда аударылған.

Оқыс жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін ABC 11 North Carolina медиасы видеоны Instagram желісінде жариялады. Кадрлардан ұшақтың әуежай аумағында қозғалып келе жатып, бір бүйіріне қарай қисайып, аударылғанын көруге болады.

CBS News мәліметінше, ұшақ бортында авиациялық мектептің курсанты Кунал Гавли мен оның нұсқаушысы Джейсон Рю болған. Олар оқу-жаттығу ұшуын аяқтап, әуе кемесін тұраққа апара жатқанда күтпеген жағдайға тап болған.

"Қатты қорықтық. Сұмдық қорқынышты болды. Не болып жатқанын түсінбей қалдық", – деді курсант Кунал Гавли.

Ал ұшу нұсқаушысы Джейсон Рюдің айтуынша, ұшақ тұраққа қарай солға бұрылған кезде кенет қатты ауа ағынына тап болған. Соның салдарынан ұшқыштар әуе кемесін басқара алмай, ұшақ аударылып кеткен. Абырой болғанда, борттағы екі адам да жарақат алмаған.

Orange County Flight Center авиациялық оқу орталығының мәліметінше, апат салдарынан Cessna 172 ұшағына айтарлықтай зақым келген. Мамандар әуе кемесін қайта қалпына келтіру мүмкін емес екенін хабарлаған. Соған қарамастан, ұшу нұсқаушысы Джейсон Рю авиация саласындағы жұмысын жалғастыруға ниетті екенін айтқан.

АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Cessna 172 ұшағы United Airlines әуе компаниясының 2611-рейсінен кейін қозғалып келе жатқан.

"Cessna 172 ұшағы Джон Уэйн атындағы әуежайда United Airlines 2611 рейсінің артында қозғалып бара жатқанда, ауа ағыны әсерінен аударылып қалған. FAA тергеу жүргізеді", – делінген хабарламада.

Дегенмен авиациялық оқу орталығы мен әуежай өкілдері апатқа ірі ұшақтың реактивті ауа ағыны себеп болғанын әзірге ресми түрде растаған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары