Заңсыз ел болмайды, себебі мемлекеттің өкілеттіктері мен ел азаматтарының барлық іс-қиымылы, құқығы заңмен реттеледі. Қазақстан – зайырлы, құқықтық мемлекет. Сондай-ақ биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. азаматтарымыздың құқықтық сауаты жыл сайын жақсарып келеді, құқығын білуге деген талпынысы мол. Дегенмен қоғамда кей мәселелердің заңда қалай белгіленгенін түсіне бермейтіндер де жоқ емес. Мұндай жағдайда білікті заңгерлердің азаматтарға құқықтық сауат, заң нормалары жөнінде түсінік беруінің пайдасы мол. Сондықтан біз елімізге белгілі заңгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанмен әңгімелесіп, көптің көкейінде жүрген бірнеше сұрақты қойған едік.
– Абзал Темірғалиұлы, биыл Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданған еді, ал қазір қолданыстағы Конституциямыз 1995 жылы қабылданды. Бірақ біз оны негізгі Конституция деп атаймыз. Неге?
– 1993 жылғы Конституция – тарихи маңызы зор құжат. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған алғашқы Ата Заң еді. Бірақ ол құжат өтпелі кезеңнің заңы болды, саяси жүйе әлі тұрақталмаған, билік тармақтарының арасы айқындалмаған шақта қабылданды. Ал 1995 жылғы Конституция – бүгінгі мемлекеттің іргетасын бекітіп берген негізгі құжат. Ол билік тармақтарының теңгерімін нақтылап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тетіктерін бекітті. Сондықтан біз оны басты Конституция деп атаймыз.
– 30 жыл ішінде Ата Заңға 7 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мұның себебі неде? Алда тағы да өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Конституция – қоғаммен бірге өмір сүретін «тірі құжат». Ел 30 жылда үлкен өзгерістерден өтті. Соған сай заңның да жетілуі қажет болды. Мәселен, 1998 бен 2007 жылдардағы түзетулер Парламенттің өкілеттігін кеңейтті. 2017 жылғы өзгерістерде Президенттің бірқатар өкілеттігі Үкімет пен Парламентке берілді. Ал 2022 жылғы референдум – халық билігін күшейткен үлкен қадам болды. Сондықтан түзетулер – заңды құбылыс. Болашақта да жаңа қоғамдық сұраныстарға қарай тағы өзгерістер енгізілуі мүмкін.
– Сіз Парламент Мәжілісінің депутатысыз. Кейінгі кезде депутаттар арасында заңгерлер көбейді. Бұл заңдардың сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Парламент – заң шығаратын орган. Ал заңгерлер – заңның қыр-сырын жақсы білетін мамандар. Сондықтан олардың болуы заңдардың сапасын көтереді. Заңгер депутат заңды қабылдап қана қоймай, оның салдарын алдын ала болжай алады, халықаралық тәжірибемен салыстырады. Бұл – заңның өміршеңдігіне тікелей әсер етеді. Дегенмен Мәжілісте тек заңгерлер емес, әртүрлі сала мамандары болуы қажет. Бірақ заңгерлердің үлесі жеткілікті болса, ол қоғамға пайдалы.
– Әлемде түрлі өзгерістерге сай жаңа заңдар қабылданып жатады. Ал бізде жаңа заң қабылданғанда ұлттық ерекшеліктеріміз ескеріле ме?
– Әрине, ескеріледі. Заң халықтың өмірінен тыс өмір сүре алмайды. Егер ол ұлттық ерекшелігімізге, менталитетімізге қайшы болса, заң ұзаққа бармайды. Сондықтан біз заң жобасын талқылағанда қоғамның дәстүрін, құндылықтарын ескеруге тырысамыз. Қазір заң жобаларын ашық талқылау тәжірибесі бар: сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері өз ұсынысын береді. Бұл – заңның халыққа жақын болуына мүмкіндік тудырады.
– Заң қабылдаушы органның мүшесі ретінде бізге тағы да қандай заңдар қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, азаматтың құқығын қорғайтын заңдар керек. Қазір цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі – ең өзекті мәселелер. Сонымен қатар әлеуметтік әділеттілікті күшейтетін, өңірлердің дамуына серпін беретін заңдар қажет.
Айтпақшы, өзімнің бастамаммен биыл «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын Мәжілісте қарауды бастаймыз. Үкіметтен оң қорытынды алынды. Бұл – біздің қоғам үшін жаңа қадам, қызықты әрі қажетті заң болмақ.
– Сайлаушыларыңыз сізге қандай мәселемен көбірек хабарласады?
– Халықты күнделікті өмірге қатысты проблемалар мазалайды: тұрғын үй, жер телімі, жұмыс, денсаулық сақтау мәселелері. Кейде әділетсіз сот шешімдері мен құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты шағымдар түседі.
Сонымен қатар мен заңгер, бұрынғы адвокат болғандықтан, сотталғандар мен олардың туыстары жиі хабарласады. Аптаның бір күнін сотталғандарды онлайн қабылдауға арнаймын. Бұл да қоғамдағы үлкен әлеуметтік сұраныстың бар екенін көрсетеді.
– Сіз белгілі заңгер, тәжірибелі адвокатсыз. Көп жағдайда адвокаттар соттан кейін мәлімдеме жасап, шешімге наразы болып жатады. Бұның себебі не?
– Адвокат – сот процесінің тең құқылы қатысушысы. Бірақ, өкінішке қарай, сотта олардың дәлелдері жиі ескерілмейді. Бізде соттар әлі күнге дейін айыптау жағына көбірек назар аударады. Сондықтан адвокаттар ашық мәлімдеме жасайды. Бұл – олардың жеңілгенінен емес, әділдікке күмәнданғанынан.
Мысалға, Өзбекстанда адвокатура Конституцияға енгізілді. Ал бізде Конституциялық орган ретінде Прокуратура бар, бірақ адвокатура жоқ. Бұл – үлкен кемшілік. 2023 жылы Президент Парламент сессиясын ашқанда адвокаттардың рөлін күшейтуге нақты тапсырма берген. Біз осы бағытта нақты өзгерістерге қол жеткізуіміз керек.
– Біздің азаматтардың арасында әлі күнге заңда көрсетілген нормаларды түсінбейтіні немесе қасақана мойындағысы келмейтіні жиі байқалып тұрады. Мәселен, жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында кей азаматтар өз балаларын діни наным-сеніміне байланысты киіндіруге рұқсат беруді талап етіп жататыны бар. Сондай-ақ дін ұстанатын азаматтардың бетін толық бүркеп жүретіні де қоғамға теріс әсер туғызатыны рас. Мұндай әрекеттерге заңда қалай жауап берілген?
– Заңға бағынбау, менсінбеушілік туралы дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Ол құқық ғылымында «құқықтық нигилизм» деген атпен белгілі. Құқықтық нигилизм дегеніміз – заңды менсінбеу, заңды қолжаулыққа айналдыру, біле тұра заң талаптарын орындамау немесе орындаудан бас тарту деген сияқты әрекеттер. Құқықтық нигилизмнің қауіптілігі сол – оған жол беріле берсе салдары мемлекеттің құлап тынуына әкеп соғады. Сондықтан құқықтық нигилизмге қандай жағдайда да жол беруге болмайды.
Сіз айтып отырған жағдайларды білеміз, көріп отырмыз. Оны (бетті бүркемелеуді) біз әкімшілік жауапкершілікке енгіздік. Бұл императивті норма, әдетте ол тез жасалатын, жылдам әсер ететін құрал.
Мысалы, жол қозғалыс ережелерін бәрі біледі, оны бұзғандарға айыппұл салынады, қайталанса айыппұл мөлшері көбейеді. Егер ол да жемісін бермейтін болса, ондай әрекеттер болашақта қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін. Сіз көтеріп отырған мәселелер де заң тұрғысынан осылай реттеледі.
– Жасыратыны жоқ, елімізде кей полиция қызметкерлерінің, мемлекеттік автоинпекция қызметкерлерінің мінез-құлқындағы агрессияға азаматтарымыз наразылық танытып жатады. Сондай-ақ тергеу орындарында күдікті деп танылған азаматтарға түрлі қысым көрсетілетіні, күдіктілерге қорғаушы алмай тұрып тергеу ісінің жүргізіле беретіні жайында да әңгімелер болып жатады. Ендеше, күдікті деп танылған азаматтарға қандай мүмкіндіктер берілуі керек? Жалпы, құқық қорғау саласына қатысты этика мәселелерінің нормасы қандай?
– Бұл жерде мен оқырмандарға, яғни ақпаратты тұтынушыларға ескертер едім, өйткені көп жағдайда ақпарат құралдарында мәліметтердің біржақты таратылатыны байқалады. Мысалы, бір адам жазықсыз сотталды дей ме, олар тек өзінің нұсқасын айтады. Прокурордың айыптау қорытындысын, соттың айыптау үкімін салмайды немесе прокурордың келтірген негізгі аргументтерін көрсетпейді. Өз басым екіжақты ақпаратты толық берген мәліметке ғана байыппен қараған болар едім. Ал біржақты берілген ақпараттарды оқыған адамдарда біржақты көзқарастар қалыптасады. Сондықтан жаңағыдай жағдайларда айтылғандардың бәрін шындық деп қабылдай беруге болмайды. Бірақ бізде адам құқығының сақталуына қатысты мәселелер жоқ емес, бар.
Мен біраз Еуропа елінде болдым, мәселен, былтыр бес Еуропа мемлекетіне бардым, сол сияқты Канадада да болдым. Сол үшін де бұл мәселені жан-жақты саралап қарайтын мүмкіндігім бар. Көрші Орталық Азия елдерін айтпағанда, ТүркіПа-ның (Түрік елдерінің парламентаралық ассоциациясы) мүшесі ретінде Әзербайжан еліне де бірнеше рет бардым. Солардан байқағандарымды айтсам, Қазақстан адам құқықтарының сақталуы жөнінен ең соңында деп айтуға келмейді немесе бізде адам құқықтары толық сақталған деп те айта алмаймыз. Ондай проблема бүкіл әлемде бар. Дәл осы сіз айтып отырған мәселені Еуропа елдерінде де, АҚШ-та да естисіз. Сондықтан адам құқығын қорғау мәселесін одан ары жетілдіре беруіміз керек.
Біз – заң шығарушы органбыз, әйткенмен заңды бақылайтын құзіретіміз жоқ. Қанша жерден сапалы заң шығарсақ та, заң дұрыс орындалмайтын болса, яғни құқыққолданушылық тәжірибе дұрыс қалыптаспайтын болса, заң шығару органдары жасаған жұмыстардың құны болмайды. Сол үшін де өзім құқықтық органдардағы кездесулерде осы мәселенің басын ашып айтып отырамын. Заңды дұрыс қолданыңыздар деймін. Демек, сіз айтып отырған кемшіліктер – заңдағы емес, құқыққолданушылықтағы кемшіліктер. Бірақ оны жою мақсатында бірқатар жұмыс істеліп жатыр. Соның бірі – (16 қыркүйекте күшіне енеді) «Қылмыстық заңнаманы жетілдіру» деген ауқымды заң жобасы. Сонда біз алдыңғы сұрағыңызға берілген жауапта айтылып кеткен адвокаттардың жағдайын жеңілдету туралы, азаматтардың құқығын қорғау жөнінде көптеген өзгеріс енгіздік. Сондай-ақ сталкингке, мемлекет мойындамайтын салттар бойынша неке қиюға мәжбүрлеу, дропперлік (қылмыс жасау мақсатында тұлғаларды банк шоттарын, сим-карталарды және өзге де цифрлық идентификаторларды тіркеу үшін пайдалану) секілді әрекеттерге қылмыстық жауап-кершілік белгіленді.
– Бүгінде әлеуметтік желілерді тұтынбайтын адам аз. Онда қолданушылар арасында түрлі мәселе көзқарас қайшылығына байланысты келіспеушіліктер болып жатады. Кейбіреулердің ар-намысы тапталып, буллингке ұшырайтын жайлар аз емес. Бізде мұндай жағдайда заң шеңберінде қалай әрекет етуге болады?
– Бұл мәселеде азаматтардың құқықтық сауаты туралы мәселе бар, әйтпесе буллинг мәселесі заңда толық шешімін тауып қойған. Әлеуметтік желі арқылы біреу сіздің ар-намысыңызға тиетін, абыройыңызға нұқсан келтіретін ақпарат тарататын болса, ол үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Ондай жағдайда ар-намысыңызды қорғау үшін азаматтық сотқа жүгінуге болады. Бірақ ең тиімді жол, басында айтып өткеніміз-дей, кінәліні әкімшілік кодекс арқылы жауапқа тарту.
Нақты мысал келтіріп айтсам, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы мәселесін қарап жатқан кезімде, Болат Әбілов деген саясаткер мен туралы көрінеу жалған мәлімет таратты. Яғни, «2022 жылғы 8 қаңтарда бір азаматты Алматының тергеу изоляторында ұрып-соғып жатқан кезде Абзал Құспан бастаған комиссия келіп, араша түспей кетіп қалған» деген ақпарат таратты. Менің комиссиямның құрылған уақыты – 24 қаңтар. Ал мен 8 қаңтарда Орал қаласында «Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы» ретінде қамауда жаттым. Сондықтан мен оны жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік кодекс арқылы жауапқа тарттым. Сол кезде осы жағдай туралы әлеуметтік желіде жазып, көрсеттім. Мынадай-мынадай құқықтарыңыз бар, егер өзіңіз туралы біреу көпе көрнеу жалған ақпарат таратса, Ішкі істер органдарына арыз жазасыз, олар тексеру жүргізеді де, тез арада әкімшілік материал сотта қаралады немесе ар-намысыңызға, абыройыңызға нұқсан келтірген жағдайда кінәліні әкімшілік, азаматтық, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін тартады деп. Бұны неге айтып отырмын? Мұндай жағдайда әр азамат өзі әрекет жасауға тиіс. Егер құқығы бұзылған адам заңды түрде талап етпейтін болса, оның құқығының бұзылған-бұзылмағанын мемлекет анықтай алмайды, оны әр азамат өзі анықтайды. Мемлекет реттеу қызметін атқарады, себебі ол реттеу нормасын енгізген. Ал оны қолдану-қолданбау – әр азаматтың өз еркіндегі іс. Егер мұндай жағдайларда әр азамат өзінің құқығын қорғайтын болса, ол жеке басының ғана құқығын қорғап қоймай, заңның да жұмысын айқындап, пәрменін арттырар еді. Нәтижесінде, әлеуметтік желілерде бас-көзі жоқ төпелеп жаза беретіндердің – құқықбұзушылардың саны азаюына ықпал еткен болар еді. Сондықтан мен азаматтарымызды мұндай жағдайларға бейжай қарамай, белсенділік танытуға шақырар едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ