Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің Ерлер хоры Мәскеу қаласында танымал тележүргізуші Андрей Малахов жүргізетін «Россия-1» телеарнасындағы кешкі музыкалық «Привет, Андрей!» бағдарламасында өнер көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстандық өнерпаздар көрерменге кеңінен танымал «Когда мы были на войне» атты казак әнін орындады. Шығарма ерлер хорының өзіне тән қуатты әрі әсерлі мәнерінде шырқалды. Орындау барысында сахналық пластика мен би элементтері үйлесім тауып, номердің көркемдігін арттыра түсіп, ұжымның жоғары деңгейде екенін айқындады.
Өнерпаздардың өнері студия қонақтары мен көрерменнің жылы ықыласына бөленді. Қазақстандық әртістердің шығармашылығын ресейлік әншілер мен бағдарлама қатысушылары жоғары бағалады. Олардың қатарында белгілі эстрада әншісі Дмитрий Маликов та болды.
Музыкалық номерден бөлек, ұландықтар студияға Қазақстаннан арнайы сый-сияпаттар да ала келді. Бағдарламада қызықты жағдай да орын алды. Дастархандағы тұздалған қияр салынған банканы студия қонақтарының ешқайсысы аша алмады. Бұл міндетті студияда Ұлттық ұлан ерлер хорының солисі орындап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Айта кету керек, биыл Ұлттық ұланның ерлер хоры құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде шығармашылық ұжым әскери мәдениеттің жарқын өкілдерінің біріне айналып, түрлі сахналарда қазақстандық өнерді лайықты деңгейде танытып келеді.
Мерейтойға орай шығармашылық ұжым үздік шығармаларынан тұратын үлкен мерекелік концерт әзірлеуде.
Бұған дейін Ұлттық ұланның ерлер хоры ресейлік «Ну-ка, все вместе!» вокалдық шоуында танымал болған еді. Өнерпаздар Linkin Park тобының әлемге әйгілі Numb әнін домбыраның сүйемелдеуімен ерекше интерпретацияда орындап, қазылар алқасы мен көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырған болатын.