Иранда 19 рет тұрмысқа шығып, 11 күйеуін өлтірген әйел ұсталды

/
Иранда 19 рет тұрмысқа шығып, 11 күйеуін өлтірген әйел ұсталды
istockphoto

Иранда елді дүрліктірген жантүршігерлік оқиға болды, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Al Arabiya агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Иранда 58 жастағы Кулсум Акбари 11 күйеуінің өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Тергеушілердің айтуынша, нақты құрбандар саны бұдан екі есе көп болуы мүмкін.

Акбари 2023 жылдың қыркүйегінде 82 жастағы жұбайының жұмбақ жағдайда қаза болуына байланысты қамауға алынды. Марқұм қайтыс болардан бұрын туыстарына әйелінің оғаш әрекеттері туралы айтып үлгерген. Оның өлімінен кейін ағасы полицияға шағым түсіріп, сараптама мен тергеу жүргізуді талап еткен.

Тергеу барысында Кулсум Акбари 11 адамды өлтіргенін мойындады. Ол қарт, жалғызбасты, ауыр науқасы бар және ауқатты ер адамдарға тұрмысқа шыққанын, мұндай "серіктестерді" белгісіз делдалдар тауып бергенін айтты. Некеге тұрған соң біраз уақыттан кейін ерлердің денсаулығы күрт нашарлап, кейін қайтыс болған.

Алғашқы қылмыстарында ол күйеуін алдымен техникалық спиртпен улап, кейін тұншықтырған. Кейін айласына өзгеріс енгізіп, гипертония мен қан қысымына қарсы дәрілерді сусынға қосып, дозаны біртіндеп көбейтіп отырған. Науқастары әлсіреген кезде күйеулерін ауруханаға апарып, өзін қамқор жар ретінде көрсеткен. Емнен кейін де дәрі мөлшерін ұлғайтып, олардың өліміне себепкер болған. Мақсаты – мұрагерлікке қол жеткізу.

2001 жылдан 2023 жылға дейін Акбари 19 рет ресми түрде тұрмысқа шығып, 18 азаматпен бірге тұрған. Бұл кезеңде барлық ер адамдар қайтыс болғандықтан, тергеу олардың кемінде бір бөлігі күдіктінің құрбаны болуы мүмкін деп болжайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары