Заң мен тәртіп: Мемлекеттік саясаттың өзегі

Заң мен тәртіп: Мемлекеттік саясаттың өзегі

Заң үстемдігі – мемлекеттің беріктігін, ал тәртіп – қоғамның тыныштығын айқындайтын басты құндылықтар. 
2019 жылдан бергі жеті жылда елімізде осы екі ұғымды мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруға бағытталған ауқымды өзгерістер жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы 
болған реформалардың негізгі мақсаты – азаматтың құқығы қорғалатын, мемлекеттік институттар қоғам алдында жауап беретін және қауіпсіздік күнделікті өмірде сезілетін Әділетті Қазақстан құру.

Жеті жылдық кезеңнің ерекшелігі – «Заң мен тәртіп» қа­ғи­датының тек қылмысқа қарсы күреспен шектелмеуі. Ол конституциялық кепілдіктерді нығайту, сотқа қолже­тім­ді­лікті кеңейту, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, полиция қызметін жаңарту және азаматтардың құқық­тық мәдениетін көтеру міндеттерімен ұштасып отыр. 2024 жылғы Жолдауда да заң мен тәртіп ел дамуының маңызды тіре­гі ретінде айқындалды.

Әділетті мемлекеттің құқықтық іргетасы

2022 жылғы конституциялық реформалар мемлекеттік билік жүйесін жаңғыртуға жол ашты. Парламенттің рөлі кү­шейтіліп, сайлау жүйесі өзгерді, азаматтардың саяси үде­ріске қатысу мүмкіндігі кеңейді. Ең елеулі жаңалықтардың бірі – 2023 жылғы 1 қаңтардан Конституциялық Соттың жұ­мы­сын бастауы. Енді азаматтар өздерінің конституциялық құ­қық­тары мен бостандықтарына тікелей қатысты нор­ма­тив­тік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін осы органға жүгіне алады. Бұл құқықты қор­ғау­дың жаңа институционалдық тетігін қалыптастырды.
Сот төрелігін жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Әкім­шілік әділет жүйесі мемлекеттік орган мен азамат ара­сындағы дауда адамның құқығын тиімді қорғауға бағыт­тал­ды. Қыл­мыстық процестің үш буынды моделі полиция, про­куратура және сот өкілеттіктерінің аражігін нақтылауға мүмкіндік бер­ді. Өткен жылдан жұмыс істей бастаған дербес кас­сация­лық соттар сот актілерін қайта қарау мүмкіндігін кеңейтті. Мұндай өзгерістердің түпкі мәні – мемлекеттік шешімнің заң­дылығын тексеру және әділ сотқа сенімді арттыру.

Адам қауіпсіздігі – басты өлшем

Құқықтық реформалардың қоғам үшін ең сезімтал бағыттарының бірі – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі. 2024 жылғы 15 сәуірде қабылданған заң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейтті. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу үшін қылмыстық жауап­тылық енгізіліп, тиісті нормалар 16 маусымнан қолда­ныла бастады. Бұл отбасындағы зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» деп елемеуге болмайтынын құқықтық деңгейде бе­кітті.

Қылмыс азайып, алдын алу күшейді

Қоғамдық қауіпсіздіктегі өзгерістер нақты статистика­дан көрінеді. Мемлекет басшысының құқық қорғау орган­дары алқасында келтірген мәліметіне сәйкес, 2019 жыл­дан бері қылмыстық құқық бұзушылықтар саны шамамен екі есе азайған. Қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық дең­гейі төрт есе төмендеп, кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміген. Қоғамдық орындардағы қылмыс санының 80 пайызға азаюы да ұзақмерзімді үрдісті сипаттайды.
Үкіметтің 2026 жылғы тамыздағы шолуына сәйкес, 2025 жы­лы тіркелген қылмыстар 102,7 мыңнан 96,6 мыңға дейін, яғни 6 пайызға қысқарды. 2026 жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғында жалпы қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда тағы 10 пайызға төмендеді. Қоғам­дық орындардағы құқық бұзушылықтар 2025 жылы 9 пайыз­­ға, ал биылғы жылдың алғашқы алты айында 19 пайыз­­ға азайды. Бұл әртүрлі кезеңдерге қатысты салыс­тыр­ма­лы көрсеткіштер екенін ескерген жөн.
Құқық қорғау органдарының қызметі қылмыс жа­сал­ғаннан кейін әрекет ету тәсілінен оның алдын алуға көбірек бағ­дарланып келеді. Көшелердегі, аулалардағы, мектептер мен көлік тораптарындағы бейнебақылау, цифрлық талдау және автоматтандырылған сервистер қауіп-қатерді ертерек анық­тауға көмектеседі. Сонымен бірге цифрлық құралдарды қолдану жеке өмірдің құпиялылығы мен дербес деректерді қорғау талаптарымен қатар жүруге тиіс.

Жаңа сын-қатерлерге жаңа жауап

Үкіметтің 2026 жылғы қазандағы мәліметінде кейінгі үш жылда интернет-алаяқтық саны 40 пайызға азайғаны ай­тылған. 2026 жылдың басынан бергі есептік кезеңде 14 414 жағдай тіркеліп, жәбірленушілерге 5,9 млрд теңге өтел­ген. Бұл бағытта құқықтық сауат пен қаржылық сақтықты күшейту маңызды.
«Заң мен тәртіп» қағидатының тағы бір қыры – қоғам­ның ортақ ережеге құрметі. Қоғамдық орындардың тазалы­ғы, жолдағы жауапкершілік, өзгенің құқығын сыйлау және құқық бұзушылыққа немқұрайды қарамау – құқықтық мә­де­ниеттің күнделікті көрінісі. 
Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары