Түркия сапары: сенім мен бауырластық

/
Түркия сапары: сенім мен бауырластық
сурет: akorda.kz

Сыртқы саясаттағы аптаның басты оқиғасы Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары болды. Бұл тек Астана мен Анкараның саяси байланысының нығаюы емес, экономикалық архитектураны қайта құруға, көлік дәліздері мен энергетикалық қауіпсіздікті бірігіп шешуге, тең құқылы серіктестік орнатуға деген ортақ ниеттің, ортақ ұстанымның көрінісі деп бағалауға болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Екі ел басшылары қазақ-түрік стра­тегиялық серіктестігін одан әрі нығайту бағыттарын талқылап, келіссөз жүргізді. Сауда-экономика, инвестиция мен мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланысты бекемдеуге баса мән берілді. 
Сондай-ақ Жоғары деңгейдегі страте­гиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-оты­ры­сы өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен дек­ларациясы, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасы мен Түркия Республикасы арасын­дағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отыры­сының шешімі қабылданды. 
Жалпы, осы сапар аясында үкімет­аралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды.

Cаяси серіктестік пен сенім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түр­кияны «түбі бір туысқан ел» деп атауы жай риторика емес, ұжымдық геосаясаттың аясында ортақ стратегиялық бағдар құруға дайындықтың алғышарты, ал Режеп Тайып Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деуі де тек саяси символика емес, геоэконо­ми­калық серіктестікті бекемдеудің деклара­циясы сияқты әсер қалдырды. 
Мемлекет басшысы Түркияның ежел­ден бауырлас, тамырлас және түбі бір туыс­қан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды. 
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белес­ке көтеруге мүдделіміз. Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдасты­ғымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүм­кін­дігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айт­қанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы. 
Режеп Тайып Ердоған Қазақстанды Түркияның ең ірі сауда серіктесінің бірі деп атап, осы бағытта тағы да күш салуға мүдделі екенін жеткізді.
– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақ­тастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсі­бі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атаме­кеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.
Былтыр екі елдің сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. 

Тарихи дәліз – жаңа геосаяси белдеу

Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни «Орта дәліз» осы сапардағы стратегиялық өзекке айналды. Бұл бағыт тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің Еуропаға шығатын қақпасы бола алады. Осы ретте Түркиямен бірлескен логистикалық хабтар – Ақтөбе, Ақтау, Алматы мен Шымкентте құрылатын орта­лықтар Орта Азияны жаһандық транзит кеңістігінің тең құқылы ойыншысына ай­нал­дыруы мүмкін. Қазақстан Прези­денті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминал­дарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
– Көлік-логистика саласындағы бай­ла­нысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 па­йызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте, Транскаспий халықаралық көлік бағ­да-
р­ын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатына­сын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.
Тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды. 
– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалда­нады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. Turkiye Petroleum компания­сының Қазақстан нарығында жұмыс іс­теуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энер­гия көздерін әртараптандыру, жаңа электр стансаларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік ком­панияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдала­нуға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер нәтижесі – 160 миллиард теңге инвестиция

Анкарадағы келісімдер нақты эконо­ми­калық мазмұнға да ие. Түркияның ал­дың­ғы қатарлы компаниялары Қазақ­станда медицинадан бастап агроин­дустрияға дейін ауқымды жобаларды іске асыруға кіріспек. Бұл ретте, Президент басшыларын қабылдаған Орzax Group, Tiryaki Holding, S Sistem Lojistik мен YDA Holding сияқты компаниялар Қазақстан экономикасына кіруді көздеп отырған ірі ойыншылар.
Айталық, тек биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауытқа 40 млн доллар инвестиция тартылып, 500 адам жұмыспен қамтылады. Ал Ақтаудағы мульт­имодальді хаб өңірлік тасымалдау­дың жаңа экожүйесін қалыптастыруы ықтимал. 
Нақтырақ тоқталсақ, Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салып, 500-ге жуық адамды жұмыспен қам­туға ниетті. Бұл жобаға 40 млн доллар инвестиция салынады. Компания сондай-ақ ғылыми-зерттеу және инновация бағытын дамытуды көздеп отыр.
YDA Holding бір мезетте бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр: Түр­кістан, Астана және Петропавлда көпбе-
й­інді ауруханалар құрылысын қолға алса, Астанадағы өндірістік паркін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салу­ды жоспарлауда. Сонымен қатар Ақ­тауда мультимодальді хаб құру арқылы көлік-логистика саласын күшейтпек.
S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру жобасын іске асырады. Бұл бастама «Қазпошта» серіктестігімен жүзе­ге асырылып, алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент және Ақтауда кеңей­тіледі.
Tiryaki Holding агроиндустрия сала­сына капитал салып, Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды өңдейтін зауыт салмақ. Жоба қайта өңдеу өнер­кә­сібін технологиялық тұрғыдан ілгерілетіп, отандық агросаланы жаңғыртуға ықпал етпек. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік ком­пания­сы жұмыс істейтінін, олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырғанымызды жеткізді. Бұл жобалар энергетика, құры­лыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфра­құрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстан­ның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Анкараға ресми сапары аясын­да түрік бизнес өкілдерімен жүргізген келіссөздердің нәтижесінде Қазақстанға 160 миллиард теңге инвестиция келетінін айтты.

Қорғаныс пен технология – сенімнің жаңа форматы

Президенттер келіссөз кезінде қорғаныс өнеркәсібіне ерекше тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық ба­ғыттағы жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайып Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады.
Бұдан бөлек, келіссөзде IT-сектор, цифрлық индустрия, жасанды интеллект, сондай-ақ әскери өндіріс саласында ынтымақтастық туралы нақты жоспарлар айтылды. IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақ­стан мен Түркияның IT саласындағы стра­тегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Мәдени-гуманитарлық дипломатия

Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара байланыс тек саяси немесе эконо­микалық деңгейде ғана емес, мәдени-гу­мани­тарлық бағытта да тамырын кеңге жайып келеді. 
Сапар аясында қазақ көшбасшысы Түркияның ең жоғары мемлекеттік марапатын алып, Ататүрік кесенесіне гүл қойды. 
Одан бөлек, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы нақты жобаларға ерекше назар аударды. Бүгінде 12 мыңнан астам Қазақстан студенті Түркияда білім алып жатыр, Қазақстанда оқитын түрік студенттері мен оқытушыларының да саны артып келеді. Түркияның «Маариф» қоры елімізде екі мектеп ашпақ. Сонымен қатар Түркияның ең ірі жоғары оқу орындары – Гази университеті мен Меди­полдың Қазақстандағы филиалдары ашы­лады. Атап айтқанда, Астана медицина университетінің негізінде Медипол уни­верситетінің бөлімшесі құрылып, жергі­лікті медицина мамандарын Түркиядағы жетекші клиникаларда даярлау мен қайта оқыту мүмкіндігі пайда болады.
Мәдени-гуманитарлық ықпалдас­тықтың тағы бір маңызды нәтижесі – Түркия азаматтарына Қазақстанда виза­сыз болу мерзімінің 90 күнге дейін ұзаруы. Бұл шешім туристік және іскерлік байла-
н­ысты арттыруға, сондай-ақ халықтар ара­сындағы аралас-құраласты күшейтуге зор мүмкіндік береді.
Президент Тоқаев білім мен ғылым – екі ел арасындағы достықтың алтын арқауы екенін, осындай қадамдар бірлігімізді бекіте түсетініне тоқталып өтті.
– Осындай игі бастамалар достығы­мыз­ды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сене­мін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлемдегі ахуал да – күн тәртібінде

Екі ел Президенті әлемдегі ахуалға да назар аударды. Жоғары деңгейдегі саяси диалог пен халықаралық күн тәртібі мәсе­лелері назарда болды. Қарулы қақтығыстар кезеңінде Қазақстан мен Түркияның бейбіт дипломатияға негізделген ұстаным­дары үйлесіп тұр. Екі ел де – көпвекторлы саясат ұстанатын, шиеленістерді келіссөз арқылы шешуді жақтайтын елдер. Қазақ­стан Ресей мен Украина арасындағы қақ­тығыста бейтарап, бірақ теңгерімді көзқа­рас­та болса, Түркия – келіссөз алаңын ұс­ын­ған сирек ойыншылардың бірі. Бұл ортақ принцип – Түркі мемлекеттері ұйымы­ның болашақтағы рөлін де анықтайды.
Қазақстан мен Түркия әлемдік саясат­тағы бірлескен мүдделерін (БҰҰ, ислам ынтымақтастығы ұйымы т.б.) ескере отыр­ып әрекет етуге уағдаласты.

Әлемдік БАҚ не жазды?

Қазақстан Президентінің Түркияға сапары туралы Түркия бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ халықаралық басылымдар жан-жақты ақпарат берді.
Жарияланған мақалалар ең алдымен екіжақты серіктестік, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастық тақырыптарын қозғады. Түркияның ақпарат құралдары сапардың маңызына, ынтымақтастықтың оң әсеріне, ортақ іс-шараларға басымдық береді. Ал еуропалық, халықаралық БАҚ нақты экономикалық және геосаяси деректерге назар аударып, БТЖ мен Орта дәліз сияқты транзиттік жоба жөнінде баяндады. Жалпы, шолулар мен ақпараттарды саралай келе, БАҚ-тан сапар екі ел үшін де маңызды әрі жемісті өтті деген риториканы байқауға болады. Мәселен, Reuters жемісті келісімдерге баса мән берілген сапар болғанын жазған.
Anadolu, DailySabah, Hürriyet Daily News, Yenisafak сияқты Түрік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан мен Түркия арасындағы туыстық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты ерекше атап өтеді. 
Мысалы, Yenisafak газеті Тоқаевтың Түркияның ақпараттық технология­ларында бірлескен жобаларды дамытуға ерекше мән бергенін хабарлады. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия өзара құрметке негізделген ынтымақтастықта табысты екенін ерекше көрсетіп, Тоқаев қазақстан­дықтарды Түркияны Ердоған жеткізген «алтын ғасырға» жеткізгенін жазған. 
Anadolu Ajansı мен Daily Sabah сияқты басылымдар экономикалық өсу көрсет­кіштері мен сауда өсімі жайлы оң пікірлер жазды. Түркиялық агенттіктер мен газет­тер Тоқаев пен Ердоған арасындағы бауыр­ластық қатынасты, стратегиялық серіктестікті «жемісті» әрі «терең» деп сипат­тады. Олар екіжақты сауда мен ин­вестиция өсімін, ортақ жобалардың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар Түркия БАҚ-ында Тоқаев­тың Қазақстанның IT және инновация салаларындағы ынтымақтастығы жайлы сөздері де кеңінен жазылды.
Еуропалық және халықаралық агенттіктер (Reuters, Hürriyet Daily News, Eurasianet) сапарды нақты, бейтарап, маңызды көрсеткіштерге мән бере отырып жазады. Мысалы, Reuters президенттер арасындағы келіссөздерде БТЖ құбыры бойынша мұнай тасымалын ұлғайту мә-
с­елесі сөз болғанын хабарлады. Hürriyet Daily News «Орта дәліз» жобасына, көлік желілеріне, халықаралық саудаға баса назар аударды. TimesCA аналитикасында сапардың аймақтық логистика мен тең­гер­імге ықпалы талқыланып, ресми бұқаралық ақпарат құралының берген мәліметтері мен екіжақты мүдделер сара­ланды. Екі ел мен бейтарап БАҚ арасын­дағы нақты сан көрсеткіштерінде айырма­шылық байқалған жоқ.

Әлия Мұсабекова, 
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы:

Барлық форматта байланыс дамып келеді

– Түркия – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты әріптестерінің бірі. Бізді тарихи-мәдени ортақ тамыр ғана емес, стра­тегиялық мүдделер де байланыс­тыра­ды. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық екіжақты форматта да, көпжақты алаңдар аясында да жүйелі әрі оң қарқынмен дамып келеді. Қазақстан мен Түркия өздерін түркі әлемінің беделді мүшелері ретінде таныта отырып, Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде белсенді жұмыс атқарып келеді. Екі мемлекет те түркілік бірегейлікті нығайтып, көпвек­торлы әріптестікті тереңдетуге мүдделі.
Қазақстан мен Түркия арасында берік құқықтық негіз қаланған. 2009 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылып, 2012 жылы Жоғары страте­гиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ал 2022 жылы қос ел «кеңейтілген стра­тегиялық әріптестік» туралы жаңа келісім­ге қол қойды. Бұл – екіжақты қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.
Әскери-саяси ынтымақтастық бағыт­ында да әлеует зор. Биыл Қазақстан мен Түркия арасында әскери ынтымақтастық жоспары қабылданды. Ол әскери білім беру, тәжірибе алмасу, медициналық даяр­лық, бірлескен оқу-жаттығу және бітім­гершілік шараларын, сондай-ақ қорғаныс өнімдерін бірлесіп өндіруді қамтиды. Бұған қоса, ұшқышсыз ұшатын аппараттар жасау, киберқауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес бағытында да байланыс артып келеді.
Сондай-ақ Түркия – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Бұл ел Қазақстан өнімдерін сатып алатын елдердің үздік бестігіне кіреді. 2024 жылы екі ел арасын­дағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ дол­ларына жуықтады, оның ішінде 3,3 млрд доллары – Қазақстан экспортының үле­сін­де. Бұл – Қазақстан үшін сауда теңге-
р­імінің оң сальдосын көрсетеді. Түркияға негізінен көмір, мұнай мен мұнай өнім­дері, қорғасын, мыс, мырыш сынды метал­дар және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Ал Қазақстан Түркиядан жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын, тоқыма, кілем, жабдықтар мен азық-түлік сатып алады. Әсіресе, түрік цитрустық жемістері, апельсин, мандарин мен лимонға деген сұраныс жоғары.
Түркияның экономикалық әлеуеті, келешегі зор. Мұны ескерген қос тарап екіжақты сауда айналымын 10 млрд дол­ларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақ­сатқа жету үшін Қазақстан өз экспорттық тауар­ларының аясын кеңейтіп, Түркияға жаңа өнім түрлерін, мысалы, өндірістік жабдық­тар, токарь станоктары, деректер сақтау құрылғылары мен мақта ұсынуға дайын.
Қорытындылайтын болсақ, Қазақстан Түркиямен арадағы қарым-қатынаста тепе-тең, салмақты әрі достыққа негіз­делген саясат жүргізіп отыр. Мемлекет бас­шы­сының Түркияға ресми сапары екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, сауда-экономикалық әріптестікті нақты маз­мұнмен толықтыруға тың серпін бе-
реді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары