Бұл күндері Астанада Талдау, қолданбалар және есептеулер жөніндегі халықаралық конгресс (ISAAC-2025) өтіп жатыр. Орталық Азияда бірінші рет өткізіліп тұрған, Қазақстанның ғылыми беделін жаһандық деңгейде көтеруге ықпал ететін айтулы іс-шараға әлемнің әр бұрышынан 700-ге жуық ғалым келді. Бәрінен бұрын көпшіліктің назары Бразилиядан келген, тегі қазақ Алексей Майлыбаевта болды. Конгрестің алғашқы күнінде баяндамасын қазақша бастаған Алексей өз сөзінде Қазақстанмен ерекше байланысты сезетінін айтып, көпшілікті тәнті етті. Ал бүгін оған ҚР Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев салтанатты түрде Қаныш Сәтбаев атындағы медальді табыс етті. Бразилияның бас қаласы – Рио-
де-Жанейродағы Таза және қолданбалы математика ұлттық институтында (IMPA) жұмыс істейтін Алексей Абайұлымен Астанада кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Конгресс басталғалы бері көпшілік әлеуметтік желілерде «Бразилиядан мықты, қазақ математик келіпті» деп жар салып, сіз туралы жарыса жазып жатыр. Өзіңіз де баяндамаңызды бастамас бұрын «Әкем – Қазақстанда дүниеге келген. Мен осы елмен ерекше байланысты сеземін» деп қазақша сөйледіңіз. Әкеңіз Қазақстанның қай өңірінен? Өзіңіз, отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.
– Әкем – Көкшетау қазағы. Ал анам – Вильнюстің тумасы, литвалық. Мен сол Вильнюс қаласында дүниеге келдім. Ол кезде ата-анам Ленинград университетінде физика факультетінде оқып жүрген. Екеуі сонда танысып, көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Анам мені босанған соң, Вильнюстегі нағашы әжеме тастап, оқуын жалғастырған. Кейін әкем екеуі Мәскеу түбінде Черноголовка деген жерде ғылыми орталықта жұмысқа тұрған соң, мені өз қастарына алып кетті. Сонда қарындасым дүниеге келді. Мен сонда өсіп-өндім. Ата-анам – физик-ғалымдар. Кеңес үкіметі кезінде түрлі институтта еңбек еткен. Алайда Қайта құру ке-
зеңінде ғылымнан біржола кетіп, бизнеске бет бұрған. Қазір олар Вильнюсте тұрады.
– Ал сіз ғылымға қалай келдіңіз? Ата-анаңыз ықпал етті ме?
– Мен тұрған қалашық ғылыми орталық саналатын. Ондағы тұрғындардың дені – ғалымдар. Достарымның ата-аналары да ғалымдар болатын. Ата-анам «Ғалым бол» деп еш қысым жасаған емес. Дейтұрғанмен, ғалымдардың ортасында өскендіктен алдымен өзім қызыға бастадым. Мен мате-
матиканы 5-сыныптан бастап ұнаттым. Ол пән десе, ішер асымды жерге қоятын жағдайға жеттім. Одан басқа салада жүргенімді еш елестете алмадым. Соңғы екі жоғары сыныпты Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы мектепте оқыдым. Содан соң ММУ-дің Механика-математика факультетіне оқуға түстім. Сонда кандидаттық диссертация, кейін докторлық диссертация қорғадым. Біраз жыл сонда жұмыс істедім. Жұмыс барысымен әлемді көп шарладым. Көп елдің мамандарымен тәжірибе алмастым. Әсіресе, Рио-де-Жанейроға көп баратынмын. Біз ондағы мамандармен тығыз байланыста жұмыс істедік. 7 жылдай ары-бері жұмыс барысымен жүргенде, бразилиялық арумен бас қосып, сонда қоныс аудардым. Бүгінде онда тұрып жатқаныма 15 жыл болды. Оңтүстік Американың ең беделді математикалық орталықтарының бірі – Таза және қолданбалы математика ұлттық институтында (IMPA) жұмыс істеймін.
– Сіз туралы мәлімет іздестіргенімде барлық жерде, тіпті ғылыми еңбектеріңізде Алексей А. Майлыбаев деп жазатыныңызды байқадым. Әкеңіздің есімін қалдырмай жазу ол кісіге деген айрықша құрметіңіздің белгісі ме?
– Иә, мен үшін бұл – маңызды. Негізі, көп ғалым әкесінің есімін жазбайды. Ал мен толық жазбасам да, үнемі қалдырамын. Әкемнің есімі тегіммен қатар жазылғанын қалаймын. Бейсаналы түрде, мұның мен үшін маңызы зор.
– Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба?
– Бала кезде әкеммен жиі келетінмін. Әсіресе, каникулды осында өткізу үшін Көкшетауға алып келетін. Пойызбен, сосын автобуспен, кейін көлікпен ұзақ жүріп, иен далада орналасқан ауылға барғанымыз әлі есімде. Онда тәтем тұратын. Қораға сиыр, қойды қамап, есік алдында ойнағанымыз әлі есімде. Біз келгенде қой соятыны да есімде қалып қойыпты. Сосын Көкшетаудағы қысқы мұз қалашықтары да әлі жадымда. Басқа жерде ондай қалашық көргенім жоқ. Негізі, бала кезде Көкшетау жақта естен кетпес сәт көп болды. Есейген соң да келіп тұрдым. Мұнда әкемнің бауырлары: үш тәтем, бір ағам тұрады. Бәрімен жақсы араласамын. Бүгін кешке Астанада тұратын тәтеме қонаққа барамын. Қалғаны Алматыда тұрады. Оларға осы конгресс аяқталған кезде бір күнге барып қайтатын болдым.
– Қазақстандағы ғылыми жиынға бірінші рет шақырту алып тұрсыз ба?
– Жоқ, бұған дейін де шақырған. Алайда ол кезде мүмкіндік болмады. Ал осы жолы конгрестің өту уақыты Бразилиядағы қысқы каникулдармен тұспа-тұс келді. Бразилия Оңтүстік жарты шарда орналасқандықтан онда қазір – қыс уақыты. Сондықтан шақырту алғанда қуана-қуана келістім. Расында да, мені мұнда шақырғандарына мың алғыс! Мұнда өтіп жатқан конгрестің маңызы зор. Әлемнің жетекші ғалымдарын бір алаңға жинай білу – қиынның қиыны. Әсіресе, тым алыста тұратын ғалымдарды шақыру оңай шаруа емес. Десе де, мен деген мықты ғалымдарды шақырып, әлемнің үздіктерімен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік жасағанына өте қуаныштымын. Өзіңіз баяндамашылардың тізімін оқысаңыз, расында, Астанаға мен деген мықты ғалымдардың келгенін байқайсыз. Олардың қатарында математикалық Нобельге баланатын марапат – Филдс медалінің иегері швейцариялық Мартин Хайрер мен әйгілі математик Надер Масмуди бар. Осы ретте ұйымдастырушыларға, соның ішінде өте білікті маман әрі мықты ұйымдастырушы Сұраған Дөрбетханға алғыс айтамын. Сұрағанмен жақын танысып, оның қарым-қабілетіне қайран қалдым.
– Баяндамаңыздың әлқиссасын қазақша бастау идеясы қайдан туындады?
– Бұл – өз қалауым. Мен ұшақтан таңғы төртте түсіп, тоғызда баяндама оқыдым. Ұйымдастырушылармен ақылдасқан кезде конгрестің шымылдығын мен ашатын болғандықтан, қазақша бірнеше сөз айтайын деп шештім. Сіз айтқандай, көпшіліктің тегіме, түріме таңғалып жатқаны анық. Көпшіліктің мені ерекше құрметтеп, бірге суретке түсіп жатқаны көңілді семіртеді. Қазақтың өте қонақжай екенін бала кезден жақсы білемін ғой. Мұны осы жолы да сездім. Мені құшағын жайып, ыстық қарсы алды. Әлбетте, ұлтым қазақ екенін білгендер руым туралы сұрайды. Маған мұның маңызын бала күнімде үлкендер түсіндірген-тін. Алайда мен өскен жерде ешкім ру сұрамайтындықтан мұны елемеппін.
– Руыңыз кім расымен?
– Орта жүз, Арғыннан тараймын. Атығаймын.
– Қазақстанға бірнеше рет келсеңіз де, Астанаға бірінші рет келіп тұрғаныңызды айтып қалдыңыз. Бас қаланы аралай алдыңыз ба?
– Иә, Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Әзірше университет пен қонақүй арасында ғана жүрмін. Мейрамханаға барып, қазақша ет жедік. Бірақ ол тағам маған тым «еуропаша» секілді көрінді (күліп). Мен бала кезде басқаша әзірленген ет жегенмін. Бас қалада қыдырып үлгерермін. Десе де, сыртқа шықпай-ақ, мына университеттің әсемдігіне тамсанумен жүрмін. Заманауи білім ордасы. Мұнда түрлі елден келген мамандар басшылықта әрі оқытушылық қызметте жұмыс істейтінін естіп-білдім. Бұл – пайдалы. Себебі олар өзге елдің тәжірибесін, басқаша көзқарасты «енгізеді». Ғылым – ұлттық қызмет емес, ол – халықаралық қызмет. Әлемнен оқшауланып, бір өзің ғана отырып, ғылыммен айналыссаң, одан түк нәтиже шықпайды. Бразилиядағы мен жұмыс істейтін институттағы ғалымдардың да тең жартысы – шетел ғалымдары. Буыны қатаймаған жастардың университет қабырғасында жүріп-ақ, халықаралық қауымдастықтың не екенін білгені – ғажап нәрсе. Әсіресе, аспирантурада оқитындар көп елдің тәжірибесін көруге тиіс. Жетекшілігімдегі аспиранттарды шетелге бірнеше айға арнайы жіберемін. Халықаралық тәжірибе түбі пайдасын тигізеді. Сіз зерттеп жүрген тақырыпты жапондық, америкалық, поляк ғалымдары зерттеп жүруі мүмкін. Олармен байланыс орнатып, идея алмасу – өте тиімді. Мықты ғалымдармен бірнеше минут идея алмасқаның бірнеше айға жалғасатын жұмысыңды қысқартады. Сондықтан жас ғалым халықаралық деңгейде араласа білуі керек. Көп адам идеясын ортаға салудан жасқанады, ал менде ондай жоқ. Бүкпесіз, бәрін айта беремін. Менің айтқанымнан бірдеңе іліп алатыны хақ, мен де олардың жауабынан өз пайдама жарарын аламын.
Бүгінде қолданбалы сипаттағы математика көп сұранысқа ие екені белгілі. Жасанды интеллект – ол математика. Күн сайын шығып жатқан ақпараттық технология – ол да математика. Минут сайын шығып жатқан ақпаратты қорғау – ол тіпті математика. Бәрі математикамен тығыз байла-
нысты. Қазір математиканың пайдасы білініп жатыр. Өмірін математикамен байланыстырамын деген жастардың болашақта еш өкінбейтіні хақ. Математикаға бейіміңіз болса, қомақты қаражат таба аласыз.
– Кеше Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев сізге Қаныш Сәтбаев атындағы медалді табыстап тұрып, «Қазақстан – халқы аз мемлекет, сондықтан халықаралық деңгейде танылған азаматтарымыз біз үшін аса қымбат. Алексей – Бразилияда тұрақты ғылыми қызмет атқарып жүрген көрнекті ғалым. Біз оны бүгін осы жерде көріп отырғанымызға қуаныштымыз және бұл медальмен ризашылығымызды білдіргіміз келеді» – деді. Сіз мұндай марапатты күтпеген боларсыз?
– Әлбетте, күтпедім! Бұл – мен үшін үлкен құрмет! Қатты қуандым! Қазақстанда мені ғалым ретінде бағалап, елеп-ескергені – мен үшін өте маңызды! Мұндай бағаға, марапат пен құрметке лайық болып жүремін деп сенемін. Осы үш күн ішінде көптеген қазақстандық маманмен танысқаным сонша, алдағы уақытта ғылыми байланысты өрбітеміз деп сенемін.
– Сіз секілді мықты маманды енді таныған ел тарапынан жұмысқа шақыру түссе, Қазақстанға келер ме едіңіз?
– Қуана-қуана келетін едім. Кейінгі кезде шетелге сирек барып жүрмін. Балама қарауым керек. Оқуын, тәрбиесін қадағалауым қажет. Десе де алдағы уақытта байланыс орнатып, тәжірибе алмасып тұрсақ, керемет болар еді. Расында, мұндағы тұрғындардың дамығысы келетіні, дамып жатқаны көзге көрініп тұр. Үкімет ғылымға ақша салып қарап отырмай, сонымен қатар баса назар аударып жатқаны да анық байқалады. Мен осы үш күннің ішінде Қазақстанда алға ілгерілеу үшін көп нәрсе жасалып жатқанын ұқтым. Болашақта шақырып жатса, әрине, қуана келісіп, бар білгенімді ортаға салар едім.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ