«Кітап оқу керек» деген бастаманы Президенттен бастап, әкім-қаралар қоштағалы да біраз өтіпті. Кезек күттірмейтін мәселелер жетіп артылады. Алайда кітап оқудың керектігі туралы бастама көңілге кәдімгідей қонады. Себебі кітап оқымайтын қоғамның қандай болатынын көріп жүрміз. Тәрбиенің осалдығы, жастардың үлкендерді сыйламай, «ә» десе, «мә» деп жағаға жармасуы сынды толып жатқан келеңсіздіктердің арғы жағынан кітапты қолына алып көрмеген ұрпақтың басы қылтияды. Кеше кітап оқығанда қандай едік? Шетімізден ибалы едік, арманшыл едік. Биік белестерді бағындырсақ деп талпынып, алысқа құлаш сермегенді қалайтынбыз. Қазір қолымыздағы телефонға үңіліп, одан әріні көрмейміз. Тұйықталған үстіне тұйықталып бара жатқан жоқпыз ба осы?
Кітап оқитын ауыл бөлектеу болады екен. Тағдырлы Торғайдың төріндегі Көкалатқа осыдан 3 жыл бұрын жолым түскен. Ауылдан ұзап шыққаннан гөрі, ала шаңдақта асыр салған қара домалақтарды шыңдағанды басты мұрат санаған Мәлік атты ұстаздың еске алу кітабының тұсаукесерінде төбе көрсеткенбіз. Сонда байқағаным, бұл ауылдағылар шетінен кітап кеміргіштер секілді әсер қалдырған. «Ауылдың шет жағындағы Көктеректің тарихын білесің бе?» деп сұрайды. Қапелімде не дейсің. «Төлен Әбдіков «Көктерек» әңгімесін соның көлеңкесінде отырып жазған ғой» дейді манағы сауал қойған замандас. Қой қайырып жүрген ауыл азаматының жан сарайының тазалығына іштей риза боласың. Талай дүмпудің куәсі болған тарлан Торғайда жақында есте қалған ерекше шара болып өтті.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы аясында өткен «Торғай – тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалінің төріне осы топырақтың перзенттері Қойшығара Салғараұлы, Серікбай Оспанов, Амангелді Кеңшілікұлы, Мұхарбек Жәкейұлы, Абылай Мауданов, Марғұлан Оспановтар көтеріліп, жиналған көпшілікпен еркін сұхбаттасты. Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев Қойшығара Салғарұлының иығына шапан жауып, ат мінгізді. «Ауданның құрметті азаматы» деген мәртебелі атақты салтанатты түрде тапсырды. Бізге ерекше ұнағаны әр ауылдық округ фестивальге қатысқан ақын-жазушылардың шығармашылығына қатысты арнайы ұйымдастырған көрмесі. Оны азсынсаңыз, әдебиетті қадір тұтатын жоғары сынып оқушылары әр қаламгердің шығармашылығын насихаттауды өздеріне міндеттеп алыпты. Бұл дегенің келер ұрпақтың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға кәдімгідей ықпал ететін кездесу болды деген сөз. Поэзия фестивалі аясында аудан орталығындағы саябақта ақындар жырдан шашу шашты. Мәдениет үйінде Ерсайын Төлеубайдың «Оян, қазақ» спектаклі көрерменге жол тартты.
Бас-аяғы бір күнге созылған рухани шара бізге несімен әсер етті? «Кітап оқы» деп «қақсағанмен» кітапханаға қарай жүгіріп бара жатқандарды әзірге көрмедік. Кітап атты асыл қазынаның мән-маңызын ұрпақтың болмысына әлгіндей тәсіл арқылы сіңіруге болады екен ғой. Оған көп ақылдың, тіпті алып бара жатқан қаражаттың да қажеті шамалы. Тек ниет болса жетіп жатыр. Осы арада аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов бастап, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабай қостаған барша азаматтардың осынау рухани кездесудің өміршеңдігін түсініп, уақытпен санаспай шапқылаған тірліктерін көріп, қалайша риза болмайсың. Кітап оқуды дәстүрге айналдырған жұрттың жүрісі мен мәдениеті де, қол қусырып қонақ күтуінің де бөлек болатынына көзіміз де, көңіліміз жетіп қайттық.
Кезінде мыңғыртып мал өсіріп, тымақты қойшыларының құрығының ұшына дейін қыдыр қонған берекелі өңір соңғы отыз жылда кәдімгідей мұңайыңқырап қалған еді. Кезіндегі дүркіреген облыс тарады, қалың ел қу тіршіліктің қамымен жан-жаққа көшті. Ел еңсесін тіктеп, ардақты азаматтарына қошемет көрсетіп, төрге шығаруы – Торғайдың қанатын қағып, көкке қарай самғауының басы, тағдырлы өлкедегі атқарылар толағай тірліктің басы осы болғай деп аттандық. Сосын, көбірек айтып, жиі аңсайтын ірілік, биіктік, тереңдік сынды ізгі қасиеттердің жүздерін күн сүйген қарапайым ауыл азаматтарының бойында сол қалпында мен мұндалап тұрғаны «кітапқа көбірек үңілгеннен шығар» дедік. Осы рас-ау.
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі