Алматыда кәмелетке толмаған жасөспірімдерге нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде ұйымдастырылып, оған есірткімен күрес саласының мамандары қатысты, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Бұл бастама 2024 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң аясында жүзеге асырылды. Жаңа құқықтық құжат еліміздегі есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес тетіктерін айтарлықтай күшейтуді көздейді.
Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы сананы қалыптастыру, зиянды әдеттердің салдары туралы түсінікті тереңдету және салауатты өмір салтын насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы жас кезеңде дұрыс бағыт-бағдар беру – болашақтың қауіпсіз іргетасын қалау деген сөз.
Іс-шара барысында Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова жасөспірімдермен ашық диалог жүргізіп, есірткінің заң алдындағы және әлеуметтік тұрғыдағы ауыр зардаптарын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділік – тек қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылық қана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның тағдырын тығырыққа тірейтін терең трагедия.
Жасөспірімдер өз кезегінде маманға мазалаған сұрақтарын қойып, шынайы әрі мазмұнды жауаптар алды. Мұндай сенімді әңгіме жасөспірімдер арасында ашықтық пен сенім орнатуға ықпал етері сөзсіз.
Профилактикалық кездесу Алматы қаласы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп бекітілген жоспар аясында жүзеге асты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтады.
– Біздің мақсат – жастарды есірткі мен құқық бұзушылықтан алшақтатып, оларды қоғамға пайдалы, белсенді азамат ретінде қалыптастыру. Бұл – тек тәртіп сақшыларының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
А.БИМЕНДІ