Республика күніне орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісовтің «Әуелетіп ән салса» атты концерті өтті. Музыкалық кеш қазақтың дәстүрлі ән өнерін ұлықтап, көрнекті әнші-композитор Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Концерт аясында алғаш рет елорда төрінде Дәнеш Рақышевтің «Үш арал» күйі орындалды. Көрермен назарына Дәнеш Рақышевтің халық арасында кеңінен танылған және сирек орындалатын өзге де шығармалары ұсынылды. Концертте «Жан-жақтағы бауырлар», «Саясында алманың», «Балжан-ай» «Аққулар, қош болыңдар», «Гүлайым», «Бақытым бол», «Соға кет» әндері орындалды. Сондай-ақ концерт бағдарламасына «Жиырма жеті қыз», «Жан сәулем», «Баянауыл», «Аңшының әні» секілді халық әндері, Әсет Найманбайұлының «Қоңыр қаз», «Кіші Ардақ», Садықожа Мошанұлының «Сағынсаң, қалқа, өзің кел», «Ахау, айым» және Естай Беркінбайұлының «Жайқоңыр» әндері енді.

Концерттің басты мақсаты – Дәнеш Рақышевтің бай шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, дәстүрлі әннің көркемдік ерекшелігін дәріптеу, ұлттық музыкалық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу және төл өнерге деген құрметті арттыру.
Нұржан Жанпейісовпен бірге концертте белгілі дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Ділназ Жаңбырбай, Дария Бекпенбетова және күйші Бауыржан Бекмұхамбет өнер көрсетті. Ән мен күй, ұлттық әуен үйлесім тапқан бағдарлама қазақ мәдениетінің байлығын және ұрпақтар сабақтастығын айшықтады.

«Әуелетіп ән салса» концерті дәстүрлі өнердің көркемдік қуаты мен рухани тереңдігін көрерменге жеткізген мазмұнды мәдени кеш болды. Концерт өнерсүйер қауымға ұлттық музыканың тереңдігі мен көркемдік қуатын сезінуге мүмкіндік берді.