Талдықорғанда 62 мың тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды

/
Талдықорғанда 62 мың тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды
Денсаулық сақтау министрлігі

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында жаңа қалалық емхана ашылды. Бір ауысымда 500 адамды қабылдауға арналған медициналық мекеме 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бес қабатты емхананың жалпы ауданы 11 562,7 шаршы метрді құрайды. Ғимарат магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтармен, рентген және маммография аппараттарымен, заманауи зертханамен жабдықталған. Мұнда отбасылық денсаулық орталығы, күндізгі стационар және Талдықорғанда алғаш рет ашылатын амбулаториялық хирургия орталығы жұмыс істейді.

Медициналық мекемеде 32 медициналық учаске жұмыс істейді. Штаттық бірліктердің жалпы саны – 445. Тұрғындарға жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандардың консультациялары, учаскелік қызмет және диагностикалық зерттеулер ұсынылады. Ғимаратта қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да ерекше мән берілген.

Өңірде медицина кадрларын тарту жұмыстары да жалғасуда. Қалаға жұмысқа келген дәрігерлерге 5 млн теңге, ауылдық жерлерге барған мамандарға 10 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы қарастырылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрігер тапшылығы екі еседен астамға қысқарды.

Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Сонымен қатар 15 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Соңғы төрт жылда әлеуметтік сала инфрақұрылымын жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары