Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың I жартыжылдығы бойынша қорытындыларды ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Онда медиа саласын дамытудың негізгі бағыттарына назар аударылған. Атап айтқанда, БАҚ-ты тіркеу мен жаңарту, құқыққа қарсы контентпен күрес, халықаралық ынтымақтастық, бірлескен жобалар және тарату аясын кеңіту мәселелері қарастырылады.
- БАҚ-ты тіркеу
Республикада барлығы 4 871 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 002 мерзімді басылым (газет, журнал), 236 телеарна, 98 радио, 1 231 ақпарат агенттігі мен онлайн-басылым бар. 2025 жылдың I жартыжылдығында БАҚ реестрі жаңартылып, ел аумағында 140 БАҚ қызметін тоқтатып (59 газет, 62 журнал, 19 интернет-басылым), тіркеуден шығарылды.
- «Құқыққа қайшы контент» таратуға қарсы шаралар
Жыл басынан бері интернет желісінен 74 130 заңға қайшы материал анықталып, олардың 36 667-і жойылған. Онлайн платформалардан 49 896 материал табылып, оның 12 433-і жойылды.
- Ортақ жобалар
«Евразия» арнасы ресейлік «Первый канал» арнасымен бірлесіп, Қазақстанда «Аллигатор» атты 8 сериялы көркем сериал түсірді. Бүгінде «Qazaqstan» арнасы түркиялық «Kanal D» арнасымен бірге «Қайта оралған Үміт» атты 100 сериялы телехикаяны жарыққа шығармақ. «24KZ» арнасы Қытайдың CCTV‑4 арнасымен «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында Қазақстан жайлы «Ортақ үй» («Общий дом») атты деректі фильмнің премьерасын өткізді. «Хабар» арнасында «Ұлы дала мен Аспан асты елі: көршілер, серіктестер, достар» атты деректі фильм көрсетілді.
- Халықаралық ынтымақтастық
Euronews-пен серіктестік аясында «Modern Nomads» телевизиялық бағдарламасының 12, «East West Connect» 6, «Voices from Central Asia» 6 шығарылымы, «Focus» 3 репортажы әзірленді.
Сонымен бірге, 2025 жылдың наурыз-маусым айларында Euronews Academy білім беру жобасы бойынша Қазақстанда журналистика және медиаменеджмент бағыттарында 4 кәсіби курс ұйымдастырылды.
- Тарату аясын кеңейту
«Сұр табақшалар» науқаны аясында шетелдік спутник құрылғыларына балама ретінде отандық спутник аппараттарын сатып алуға ынталандыру мақсатында субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 300-ден астам құрылғы сатып алу құны субсидияланды. Жақын арада шекаралас аймақтарда тұрғындар 3 000-нан астам аппарат пайдаланады деп жоспарлануда.