Тілді неге «ұлттың жаны» дейміз?

Тілді неге «ұлттың жаны» дейміз?

Адамзат баласы – Жердің перзенті. Жер – біз­дің ортақ Анамыз. Бір қызығы, біз бұл сөзді қазақы түсінікте айтамыз. Себебі бізде Жер аналық бейнеде қабылданады. «Жер-Ана», «Қасиетті топырақ» деген тіркестер арқылы Жер қам­қоршы, тіршіліктің бастауы ретінде су­реттеледі. Бұл – көшпенділердің табиғат­пен үйлесімде өмір сүрген дүниетанымына сай. «Күн – атам, анық Жер – анам», деп жыр­­лаған Шәкәрім де осылай дейді. Егер бұл ма­қа­ланы әлдебір жапон журналисі жаз­ып отырса: «Адамзат Жер-Әкенің перзен­ті» деп бастар ма еді, кім білсін?! Себебі жапон мифологиясында Ид­занаги мен Идзанами деп аталатын алғашқы құдайлар бар. Идзанаги – ер құдай, ол арал­дарды (жер­ді) жаратады. Бұл – Жердің әкелік бастауға жатқызылғанының бір мысалы. Ал немістер үшін Күн – әйел заты, ал Ай – еркек. Бізде – кері­сінше. Демек, бір аспанның астын­да өмір сүріп жатқаны­мен, әр ұлт дүниеге өз көзі­мен қарайды. Бір затқа қараса да, әр­қай­сысы оны өзін­ше түсінеді, өзінше бағалайды. Бұл – тіл мен мәдениеттің ға­жап құпиясы. Иә, адам­зат баласы тіл арқы­лы дүниені тани­ды, қоршаған әлемді бей­не­лейді, түсін­діреді. Бірақ әр ұлттың тілі бір­дей ме? Тілді меңгеру – тек қарым-қа­тынас құралы ма, әлде адамның ойлау жүйе­сіне, дүниетаны­мына әсер ететін терең фено­мен бе? Осы сауалға жауап іздеген ғалымдар ХХ ғас­ырда лингвистикалық салыс­тырмалылық теориясын ұсынды. Бұл қандай теория?

Сапир – Уорф гипотезасы

Адамзат тарихында тілге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп отырды. Ежелгі дәуірлерден бастап, жаңа заманға дейінгі аралықта тіл көбіне ақыл-ой мен сананың құралы ретінде ғана қарастырылып, оның терең болмыстық мәніне жеткілікті мән берілмеді. Тіл – тек ой­ды жеткізуші, рух пен логиканың қызмет­шісі саналды. Дегенмен бұл көзқарас уақыт өте келе түбегейлі өзгеріске ұшырады. XIX ғас­ырдың басынан бастап тілге деген ғылы­ми және философиялық қызығушылық арта түсті. Бұл кезеңде тіл – адам болмысының не­гізі, рухани әлемнің іргетасы ретінде қарастырыла бастады. Неміс философы Вильгельм фон Гумбольдт тілді ұлттың рухани жаны ретінде сипаттаса, А.Потебня оны ойлаудың тікелей шарты деп бағалады. Фердинанд де Соссюр тілді құрылымдық жүйе ретінде талдап, қазіргі лингвистикаға негіз қалады, ал Мартин Хайдеггер тілді «болмыстың үйі» деп атап, оның философия­лық мазмұнын тереңдете түсті.
XX ғасырда тіл тек коммуникация мен таным құралы деген қарапайым түсініктен алыстап, ұлттың мәдени коды, этностың бейнесі, дүниетанымының көрінісі ретінде қарастырыла бастады. Бұл идеяның негізін қалаған және ғылымда «этнолингвистика» ұғымын алға тартқан тұлғалардың бірі – Бенд­жамин Ли Уорф. Уорфтың ұстазы Эд­вард Сапирмен бірлесіп ұсынған Сепир – Уорф гипотезасы бойынша, әр ұлттың тілі – сол ұлттың дүниені қабылдау тәсілін анық­тайтын басты фактор. Яғни, тіл тек сөйлесу немесе ой жеткізу құралы емес, ол – әлемді тану мен түсінудің іргетасы. Тіл арқылы адам белгілі бір мәдени нормаларды сіңіреді, өзіндік көзқарас қалыптастырады. Бұл тұжырым тіл мен мәдениеттің, тіл мен болмыстың бөлінбес бірлігін паш етеді.
Сонымен тіл мен ойлау арасындағы өз­ара байланыс – лингвистика мен филосо­фия­дағы ең күрделі және қызықты мәселе­лердің бірі. Эдвард Сапир 1921 жылы жарық көрген «Language: An Introduction to the Study of Speech» яғни «Тіл: Сөйлеу туралы ғылымға кіріспе» атты еңбегінде тілді тек коммуника­тивтік құрал ретінде ғана емес, адамның ой­лау жүйесі мен мәдениетінің көрінісі рет­ін­де қарастырады. Сапир тілдің құрылы­мын зерттей отырып, әрбір ұлттың тілі сол ұлттың дүниені тану ерекшелігін бейнелей­тінін дәлелдейді. Осылайша, ол «Тіл – бұл біз­дің санамыздың туындысы ғана емес, сонымен қатар оны қалыптастыратын фак­тор» деген қорытындыға келеді. Оның айтуынша, тіл ойлауды бейне­лейтін айна ғана емес, сонымен қатар сол ой­лау­дың өзі. Мәселен, түрлі тілдерде бір ұғымды жеткізу жолдары әртүрлі, бұл халықтардың шын­дық­ты қабылдауына әсер етеді. Сапир тіл мен мәдениеттің ажырамас байланыста екенін алға тарта отырып,  тілді әлеуметтік феномен ретінде қарастырып, қоғам мен тіл бір-бірін өзара қалыптастырады деген тұжырым жа­сайды. Бұл кітап – лингвистика­лық салыстыр­ма­лылық теориясының іргета­сын қалаған маңызды еңбектердің бірі рет­інде тілдің адам санасына, мәдениетіне және танымына ықпалын терең пайымдауға мүмкіндік берді. Оның бұл еңбегі көптеген ғалымға қызық болып көрінді. Әсіресе, шә­кірті, америкалық лингвист және инже­нер Бенджамин Ли Уорф осы еңбектен қанаттан­ып, шабыт алып  1956 жылы «Language, Thought and Reality» яғни «Тіл, ойлау және ақиқат» атты кітап жазып шығады. Бұл жи­нақ «Сапир – Уорф гипо­тезасының» негізін қалап, лингвистикалық салыс­тырмалылық теориясын әлемдік дең­гейге шығарды. Уорф­тың басты көзқарасы – тіл адамның ойлау жүйесіне, дүниені қабыл­дауы­на және әрекет етуіне ықпал етеді деген тұ­жырым. Ол  «Біз дүниені бейтарап түрде қа­был­дамаймыз, өз тіліміздің құрылымына сай көреміз» деп,  тіл тек ойды жеткізу құралы емес, ойлаудың бағытын анықтайтын фактор екенін дәлел­деуге тырысты.
Уорфтың теориясы көптеген сынға ұшыраса да, оның идеялары когнитивтік лин­гвистика мен психолингвистикада кеңінен талқыланып келеді.  Когнитивті психолог Стивен Пинкер Уорф теориясын әсірелеу деп санап, тіл — тек ойды жеткізудің құралы ғана десе,  Лера Бородицкий сынды қа­зіргі ғалымдар Уорф идеяларын тәжіри­белік зерттеулермен қолдап келеді.
Қазіргі ғалымдар демекші, XXI ғасырдағы когнитивтік лингвистика саласында тілдің ойлауға әсерін зерттеу кең қанат жайды. Бұл бағыттың алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі –  жоғарыда айтқан Лера Бородицкий. Оның 2011 жылы Scientific American журна-
л­ында жарияланған «How Language Shapes Thought» (Тіл ойлауға қалай әсер етеді) атты мақаласы тіл мен ойдың арасындағы байла­ныс­ты нақты ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеуге бағытталған. Бұл еңбек Бенджа­мин Ли Уорф пен Эдвард Сапир бастаған лин­гвис­тикалық салыстырмалылық теория­сын заманауи деңгейде жалғастырды. Боро­дицкий тіл тек ойды жеткізудің құралы емес, сонымен қатар біздің қалай ойлайтынымызға әсер ететін негізгі фактор екенін айтып, «Тіл бізге не туралы ойлану керектігін емес, неге көңіл бөлу керектігін көрсетеді» деп тұжы-
р­ым­дайды. Оның теориясы бойынша, әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар бір оқиғаны, түсі-
н­ікті немесе нысанды әртүрлі қабылдайды. Бұл қабылдау тек сөздік қор емес, грамма­тикалық құрылымдар мен тілдік ерекшелік­терге де тәуелді. Бородицкий өз мақаласында әртүрлі халықтармен жүргізілген нақты тә­жіри­белерге сүйенеді.  Мәселен, ағылшын тілінде уақыт солдан оңға қарай елестетіледі, ал араб немесе иврит тілдерінде керісінше – оңнан солға. Бұл тілдердің жазылу бағытына байланысты және адамдардың уақытты бейнелеу тәсілдеріне әсер ететінін байқата­ды.

Әр ұлт өз тілінің шеңберінде ойлайды

Сонымен, біз айтып отырған лингвисти­калық салыстырмалылық теориясының айтпағы – әрбір тіл дүниені өзінше сипат­тай­ды, сондықтан әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар бір құбылысты әртүрлі түсінеді. Мысалы, Уорф хопи тілінде уақыттың ағыл­шын тіліндегідей нақты «өткен – осы – келер шақ» деп бөлінбейтінін атап өтеді. Бұл олардың уақытты қабылдауына әсер етеді. Тағы бір мысал, ағылшын тілінде  «He broke the vase» (Ол құмыраны сындырды)  деген сөз – әрекетті жасаушыны нақтылайды, ал басқа тілдер «құмыра сынды» деп бейтарап түрде жеткізеді. Өзге де мысалдар келтірелік. Мәселен, Аустралиядағы куңг тілінде сөй­лейтін адамдар уақытты оңнан солға емес, әрдайым шығыстан батысқа қарай елесте­теді, яғни географиялық бағдарға сүйенеді. Сағат немесе күнтізбе бойынша емес, табиғи бағдармен өлшейді. Ал еуропалық тілдерде – солдан оңға, яғни сағат тілімен қабылдайды. Амазон ормандарындағы пираха халқының тілінде нақты сандар жоқ. Олар «аз», «көп» деген сөздермен шектеледі. Бұл олардың арифметикалық ойлау қабілетіне әсер етеді. Олар нақты санауға үйрене алмайды.
 Осы ретте қазақ халқының да өзіндік өлшеу, екшеу, сипаттау ерекшеліктері барын айта кетейік. Eртeдe дәлдік өлшeм аспаптары жоқ кeздe қоршаған орта көріністeрі, төңі­рeктeгі табиғи заттардың бүтіні нeмeсe бөлі­гі сандық жәнe салыстырмалы түрдe, сондай-ақ адамның дeнe тұрқы да алынған. Сондай-ақ уақыт мөлшeрін болжауға Күннің, Айдың нeмeсe басқа да аспан шырақтарының көкжиeкпeн салыстырғандағы орны алын­ған. Әрбір өлшeм жүйeсінің өзіндік eрeкшe­ліктeрі болғaн, олaр сол кeзeңмeн, ұлттық дәстүрмeн жәнe ұлттың кәсіби мaмaндық­тaрымeн бaйлaнысты болғaн. Іргeлeс жaтқaн хaлықтaрдың өлшeм бірліктeрі aрaсындa өзaрa бaйлaныстылық болуы дa зaңдылық. Мысaлы: Хaлқымыздың бір «түйeнің жүгі» өлшeм бірлігінe Тaяу Шығыс мeмлe­кeттeріндe сaлмaқ өлшeм бірлігі 1 вaск; мыс­қaл бірлігі – ортa ғaсырлық Бұхaрa үшін eкі мискaлдық түрдe aнықтaлғaн, бірі 4,8 мискaл қымбaт бaғaлы мeтaлдaр, aсыл тaстaр, бұйымдaр үшін жәнe eкіншісі 5,0 г жaлпы қaрaпaйым бұйымдaр үшін пaйдaлaн­ылғaн. Қaзіргі зaмaнғы өлшeмдeрдің нeгізі XVIII ғaсырдa сaудa қaрым-қaтынaстaрының дaмуынa бaйлaнысты Eуропaдaн Рeсeй, Ортa Aзияғa біртіндeп eнген деседі. Қaзaқ ұзындық өлшeмдeрін – бір eлі, бір сүйeм, сынық сүйeм, бір қaрыс (кeрe қaрыс), бір қaдaм, бір құлaш, әудeм жeр, aйғaй жeтeр жeр, көз көрім жeр, бір шaқырым жeр, қозыкош жeр, көш жeр, тaй шaптырым, құнaн шaптырым, aтшaптырым жeр т.б. дeп aтaйды. Бұдaн сырт би­ік­тік өлшeмдeрін «кісі бойы», «aрқaн бойы», «құрық бойы» дeп aтaйтыны дa бaр. Шaмaлық өлшeм – бір шымшым, бір aтым, бір шөкім, бір түйір, бір шыны, бір қaсық, бір шөміш, бір тaбaқ, бір aстaу, бір шeлeк, бір қaзaн, бір тұлып, бір aсым, бір күрeк, бір тaбa, бір шaрa, бір жұтым, бір ұрттaм, бір тістeм, бір кeсeк, бір жaпырaқ деп кете береді.  Хaлық aрaсындaғы көлeмдік, aумaқтық өл­шeмгe жaтaтын сөздeрдeн – от орнындaй, үй орнындaй, бір қорa қойдың орнындaй, тышқaн інінің aузындaй, шынының aузын­дaй, шeлeктің aузындaй, жeрошaқтaй, дaлa­дaй, eсіктeй, оймaқтaй, инeнің жaсуындaй, түймeдeй, тулaқтaй, сырмaқтaй деп сипатта­лады. Ал Уaқыт өлшeмінe – қaс-қaғым, көзді aшып жұмғaншa, aуызды жиып aлғaншa, биe сaуым, сүтпісірім, шaй қaйнaтым, eт пісірім, сәскe көтeрілгeн уaқыт, тaлтүс, aқшaм, eкінті, eл орынғa отырa, eл жaтa, жұлдыз шығa, Үр­кeр жaмбaсқa түсe деп кете береді. Бұлaрдың ішіндe «қaс-қaғым», «көзді aшып жұмғaншa» дeгeн сөздeр жaрты сeкундтік, тіпті одaн дa қысқa уaқытты мeңзeйді. Aл биe сaуым уaқыт жaрты сaғaттық уaқыт eкeнін қaзіргі жылқышылaрдың aузынaн eстіп жүрміз. 
Біз мақала басында немістер үшін Күн – әйел заты, ал Ай – еркек екенін, көптеген халық­та соның ішінде  бізде – керісінше екенін мысал еткен болатынбыз. Бұл мысал тек Күн мен Айға ғана қатысты емес. Өзге де заттар мен құбылыстарды бір халық әйел ретінде, бір халық ер ретінде қарастырады. Мұны ғалымдар гендік грамматика дейді. Мысалы, орыс, неміс, испан тілдерінде сөз­дердің жазылуы мен айтылуында еркектік немесе әйелдік жыныстарға бөлінеді (мужс­кой род, женский род). Мәселен,  неміс тіл­ін­де көпір (die Brücke) сөзі грамматикалық жазылу бойынша әйел родында (женский род), ал испан тілінде көпір сөзі «el puente» – ер родында (мужской род). Бір экспери­мент­те қатысушылардан көпірді сипаттау сұралғанда, неміс тілділер оны «әдемі, нәзік» десе, испан тілділер «берік, мықты» деп бағалаған. 

Түстер туралы түрлі түсінік бар

Адамзат тілді дүниені тану мен сипаттау құралы ретінде пайдаланады. Тілдің тағы бір маңызды қыры  – түстерді атау және ажыра­ту тәсілі. Бұл салада үлкен серпіліс әкелген зерттеу – Брент Берлин мен Пол Кэйдің 1969 жылы жариялаған «Basic Color Terms: Their Universality and Evolution» атты еңбегі. Бұл жұмыс тілдердегі негізгі түс атаулары мәде-
н­иет пен танымға қалай әсер ететінін зерт­теді. Берлин мен Кэй дүние жүзіндегі 100-ден аса тілді салыстырып, олардың түстерді атау жүйесін талдады. Олар әр тілде «негізгі түс атаулары» (basic color terms) болатынын анықтап, бұл атаулар әмбебап заңдылықпен дамитынын ұсынды. Әр тілде 2-ден 11-ге дейін негізгі түс атауы болады. Берлин мен Кэй зерттеуі мәдениеттің түстерге деген қажеттілігіне байланысты жаңа атаулар пайда болатынын көрсетті. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтарда жасыл мен қоңыр түстер нақты ажыратылса, қалалық, индустриалды қоғамдарда сұр, күл­гін, қызғылт сары сияқты түстерге ерек­ше мән беріледі. Осылайша, Берлин мен Кэй 1969 жылғы зерттеуінде түстерді атау тілге байланысты өзгеретінін көрсетті. Енді мысал келтірелік.  Кейбір тілдерде көк пен жасылға бір ғана сөз бар (мысалы, вьетнам тілінде), сондықтан бұл түстерді ажырату деңгейі де төмен болады. MIT мен Стэнфорд универси­тет­терінің біріккен зерттеуінде ресейліктер көк түстің екі түрін (синий – көк, голубой – ашық көк) тез ажырататыны дәлелденген. Ағылшын тілінде «blue» сөзі – көк түске қа­тысты бір ғана сөз. Мысалы, «көк» түсі қа­зақ үшін аспанды да, түсті де білдіреді. «Көк аспан», «көк шөп», «көк көз» – бәрі үй­ле­сімді естіледі.  Жастар демалысқа шығар кезде «көкке шығып қайтайық» дейді. Екі түс, екі сезім. Бір түске деген екі түрлі көзқарас.
Британдық лингвист Гай Дойчердің «Through the Language Glass» атты кітабында түстерді қабылдау туралы айтады. Дойчер әртүрлі тілдердегі түстер атауының даму тарихын зерттей отырып, тілде түс атауы­ның болмауы сол түсті мүлде көрмейді де­ген­ді білдірмейтінін дәлелдейді. Мысалы, Гомердің «Илиадасында» аспан «күміс», «қола» деп сипатталады, бірақ «көк» сөзі жоқ. Бұл ежелгі грек тілінде көк түс атауының болмағанын, яғни түс қабылдауы тілмен бірге дамитынын көрсетеді.
Жазушы-этнограф Төрехан Майбас «Жапон жұрты қырық түсті айырады дейді. Оларын даңғаза қылады. Ал Қазақ баласы негізгі төрт түстің қырық реңкін жазбай таниды. Одан сырт өтпелі түстер қаншама?! Қазақ бір түстің өзін әртүрлі атайды. Мә­се­лен, бурыл байтал, тарғыл сиыр, бөрте ешкі» деп біздің түстерге қатысты түсінігімізді атап айтады. Ғалымдардың айтуынша, қазақ тілінде түстердің 70-тен астам түрлі атау­лары бар екен. Негізгілері 30, ал басқалары 40-тан асады. Тіпті, зерттеушілер тек қана  жылқының түсіне қатысты 300-ге жуық сөз бар екенін айтады. Тіл білімінің қыр-сырын жан-жақты қарастырған ғалым А.Қайдаров қазақ тілінде түр-түс символикасына байланысты сөздердің саны мыңнан асып жығылады, бірақ олардың тек он бірі ғана негізгі түр-түстер қатарына кіреді деген пікірді ұсынады. 
Ғалымдардың айтуынша, заттың түсін нақты көрсетіп, түр-түс атауын жасау үшін сол зат ұлттың мәдениетінде бар болуы қа­жет. Мысалы, қазақтың ұлттық мәдениетінде бар болғандықтан, қазақ тілін білетін кез келген адам бидай өңді, селеу түстес, екі беті ал­мадай қып-қызыл, күл түстес, сүттей жарық, қарақаттай көздері, бота көз деген сипаттамаларды естігенде түс туралы нақты бір ассоциация тудыра алады. Сонымен қатар қазақтың дүниетанымында түстердің өзіндік сим­воликалық мәні бар. Ол туралы Ә.Марғұлан: «көк түс – көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шын­дықтың қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара – жердің, жасыл – көктемнің, жастықтың символы», – деп жазады. Ал этномәдени дүниетаным бойынша, ата-бабамыз дүниені төрт бұрыш деп түсініп, шығыс – көк түс, оңтүстік – қызыл түс, солтүстік – қара түс, батыс – ақ түс деген күн айналымына негізделген бұрыштарға атау берген.
Түйін: Философ Уитгенштейннің «Тілім­нің шекарасы – әлемімнің шекарасы» деген тұжырымы осы теориямен үндеседі. Тіл – жай ғана сөздер жиынтығы емес, ол – ұлт­тың тарихи жадысы, менталитеті мен мә­дениетінің кодталған көрінісі. ХҚТУ-дың аға оқытушысы Роза Еспалаева «Жапония үз­діксіз күріш егеді. Бүкіл жапон тілінің құнды сөздерінің барлығы осы күрішпен байла-
н­ысты айтылады екен. Ал шындығында олар­ға күріш егу тиімсіз. Оның орнына сатып алатын болса, содан көп пайда алады», - дей­ді. Иә, рас, өйткені жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болып шыққан. Демек, тілді сақтау арқылы мем­ле­кетті сақтау міндеті тұр. Сонымен қатар линг­воэкономика деген термин бар. Бұл тілді дамыту арқылы экономиканы дамыту деген сөз. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атын­дағы тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы былай дейді: «Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін немістер өздерін неміс деуге ұялған. Неміс сөзі фашист деп естілетіндей қабылданған да, өздерін жек көріп кеткен. Сонда олардың оқымыстылары «шетелден келіп жатқан ұғым-түсінік атау­лыны немісше атамай, ағылшынша атай берің­дер» деген. Ағылшынша жаза бастаған. Нә­тижесінде, неміс терминологиясының басым көпшілігі ағылшын сөзімен толыққан. Сөйтсе, неміс экономикасы құлдыраған үстіне құлдырай берген. Берекесіздік белең алған елде. Ойлана келе, немістің тілтанушы ғалымдары «терминологиямызды қайтадан ұлттық тілімізге аударып, барлығын неміс тілінде жасау керек» деген мәселе көтерген. Ақырында, немістер осындай әрекетке барғанда, тұралаған экономикасы аяғынан тік тұрып, өркендеп шыға келеді. Сол кезден бастап әлемдік экономикада «лингва эко­но­мика» деген сала орныққан. Оны қалыптас­тырған да немістер. «Лингва экономика» теориясының формуласы былай: «Тілі дамыған ұлттың экономикасы дамиды. Дамыған экономика тілді күшейтеді», дейді тіл жанашыры. Біз лингвистикалық салыс­тырмалылық теориясы арқылы тілдің ұлт үшін қандай баға жетпес байлық, дүниені тану кілті екенін айтпақ болдық. Әр тіл – бірегей болмыс. Әр ұлт өз тілінің шеңберінде ойлайды, сондықтан дүниені әрқалай қа­был­дайды. Жоғарыда неміс философы Вильгельм фон Гумбольдт тілді ұлттың рухани жаны ретінде қарастырғанын айттық. Мына ұқсастықты қараңызшы, Мұх­тар Әуезов: «Ұлттың тілі  – сол ұлттың жаны, жан – дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» десе, Халел Досмұхамедұлы «Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді, ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны», дей келе «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халық­тың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғала­ды»,– депті. Неміс философынан бастап, осынау қазақтың үш бірдей арысының да тіл туралы айтар түйіні бір ғана  – «Тіл – ұлттың жаны» деген сөз. Демек, «жанымыздың» амандығы – еліміздің, мемлекетіміздің тұтастығына байланысты екенін ұмыт­пағанымыз абзал.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары