Түйткілі көп теміржол

Түйткілі көп теміржол
ашық дереккөзден алынды

Теміржол саласында түйткіл көп. Пойыз вагондарының сапасы сын көтермейді. Соған қарамастан билет құны жыл сайын өсіп жатыр.Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауын­да бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. 
– Жұрттың вагондардың жай күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрас­ты­ратын зауыт іске қосылды. Бұл осы са­ладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жа­салған маңызды қадам болды. Озық ха­лықаралық стандартқа сай жаб­дық­талған заманауи жолаушылар вагонын жа­сау шетел инвесторының қатысуымен қол­ға алынады, – деді Президент.  
2022 жылы елімізде 40 жыл қызмет екен 257 вагон қолданыстан шығарыл­ған. 2023 жылы Қазақстандағы жолау­шы­лар вагондарының үштен бірінің «жа­сы» 30-дан асқан. Нақтырақ айтсақ, 900-ден астам жолаушылар вагоны, яғни жал­пы парктің шамамен 35 пайызы 30 жыл­дан астам уақыт пайдаланылып ке­леді.  
Бұл ескі вагондар негізінен жолау­шы­лар ағыны ең жоғары маусымда пойыз құрамына қосылады. Қазір ел ау­ма­ғында 130-дан астам жолаушылар пойызы қатынайды. Жалпы, 2,6 мың ва­гон болса, олардың тозу деңгейі орта есеп­пен – 46 пайыз. Яғни, бүкіл вагон­ның жартысы тозған. 
Осыған дейін Президент Қ.Тоқаев отан­дық туризмді тежейтін елеулі түйт­кіл­дің бірі – көлік инфрақұрылымының на­шарлығынан екенін айтқан болатын. Туризмді дамытуға арналған кеңесте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы саланың бас­ты проблемаларын атаған еді. 
– Еліміздегі теміржол саласы сын кө­тер­мейді. Вагондардың көбі әбден ес­кірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кон­ди­­­ционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жыл­да вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қа­жет. Сондай-ақ теміржол стансаларының ау­мағын абаттандыру керек, барлығы ха­лықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі бара­тын жерлерге жайлы вагондары бар пойыз­дарды көбейту қажет. Бұл – өте же­дел атқаратын міндет. Бір сөзбен, мұн­дай ахуал аймақтардың туристік әлеуе­тін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр, – деді Президент.
Жыл сайын жаз мезгілінде кон­ди­ционері жоқ вагондарға нара­зылық білдірушілер көбейеді. Жо­лаушылардың шағымынан мезі бол­ды ма, әлде шынында солай ма, «Жо­лау­шы­лар тасымалы» енді тек 5 жылдан кейін ғана кондиционері бар вагондар жү­ретінін мәлімдеді. Өйткені конди­цио­нері жоқ вагондарды 2029 жылы, қыз­мет ету мерзімі аяқталғаннан кейін ға­на алып тастау жоспарланған. Ал әзір­ге оған дейін кондиционері жоқ ва­гон­дар қызмет көрсете бермек. 
– Барлық паркті есептегенде, ауаны бап­тау жүйесімен (АБЖ) жабдықталған стан­дартты вагондар 57 пайызды құ­рай­ды және олар әртүрлі бағытта жүреді. Ес­кі вагондарда зауыттың конструкция­сы бойынша кондиционер жоқ және оларды қызмет ету мерзімі өткеннен кейін алып тастау жоспарланып отыр. Алай­да АБЖ-мен жабдықталмаған бар­лық вагонда желдету жүйесі қарас­ты­рыл­ған. Жолға шығар алдында вагон­дар­дың желдеткішінің жарамдылығы, сон­дай-ақ терезелерді ашу тетігі тек­се­ріледі, – деп мәлімдеді «Жолаушылар та­сымалы».
Жолаушылар желдеткіші бар вагон­дар­ды билет алар кезде таңдай алады. Бір­ақ бұл бәріне бірдей қолжетімді емес, тек белгілі бағыттарда ғана пайдалануға бо­лады. 
– Жолаушыларды вагондардың тех­ни­калық жарақтандырылуы туралы ал­дын ала хабардар ету міндетін шешу үшін пойыз маршруты, вагонның реттік нө­мірі және олардың техникалық жа­рақ­тандырылуы туралы ақпараты бар веб-ресурсқа сілтейтін QR-кодтар ілу жөніндегі жоба іске асы­рылып жатыр. Сонымен қатар онлайн сату жүйелерінде вагондардың тех­ни­ка­лық жабдық-талуын сипаттайтын ар­найы шартты белгілерді орнатудамыз, – деп хабар-ланған болатын осыған дейін. Алайда QR-код арқылы вагонның тех­никалық жабдықталуы туралы ақпарат беру жобасы толық жүзеге асқаны неме­се барлығына қолжетімді екені туралы ресми дерек таппадық. Бұл бас­тама да ішінара ғана орындалып отыр деген 
сөз.  
Жолаушылардың ескірген вагон­дарда жүруге мәжбүр болуы­ның тағы бір себебі – олардың барлығын сұ­­­­ра­ныс жоғары кезеңдерде пай­да­лану­дан шығару. Көлік министрі Марат Қара­баев: «Еліміздегі теміржол паркі ва­гондарының шамамен 30 пайызы тоз­ған, кейбірі 25 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Вагондардың бұл санатына тыйым салу жоспарланып отыр, бірақ мұндай өзгеріс бірден жүзеге аспайды», – деп ашық айтты.  
Сала басшысының айтуынша, бар­лық ескі вагондарды бірден шығарып тас­тау маусым кезінде пойыз жетіс­пеу­ші­лігіне әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде қоз­ғалыс кестесінің бұзылуына және жо­­­­лаушылар наразылығына себеп болуы мүмкін. 
Теміржол саласындағы түйткілдер ше­шілмей келе жатқанына қарамастан жыл сайын билет бағасының қымбат­тай­тыны да жолаушылардың қалтасына сал­мақ. Мәселен, былтыр 1 қазанда пойыз билеттерінің бағасы өсті. Көлік ми­нистрлігі елде 140 жолаушылар бағы­ты бар екенін, ал тарифтің көтерілуі тек 62 бағытқа әсер еткенін мәлімдеді. 
– Бұл вагон паркін жаңарту, көрсе­ті­летін қызметтердің сапасын жақсарту жә­не қызметкерлердің жалақысын кө­теру үшін қажет. Сонымен қатар соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыт­тар бойынша жолаушылар тасымалы та­рифтері инфляция деңгейіне ин­декс­теуді қоспағанда, көтерілмегенін ескеру маңызды, – деп түсіндірген болатын ми­нистрлік өкілдері. 
Арада жарты жыл өтпей биыл 1 нау­рыздан бастап барлық әлеуметтік маңы­зы бар облысаралық бағыттарға және кей­бір қала маңы пойыздарына билет ба­ға­сының шекті деңгейінің өзгеретіні туралы хабарланды. 
– Бұл тасымалдаушының жолаушы­лар­ды әлеуметтік маңызы бар бағыт­тар­да тасымалдауға байланысты шығын­да­рын ұзақмерзімді субсидиялау шарт­та­ры­на сәйкес 7 пайыздық жоспарлы ин­­­­­декстеуге негізделген. Нақтырақ айт­сақ, баға барлық әлеуметтік маңызы бар пойыздарға өседі, тек №29, 71, 102, 112 пойыздарына, сондай-ақ «Тальго» құ­рамындағы «Гранд купе» және «Биз­нес» вагондарына әсер етпейді, – деп мә­лімдеді компания өкілдері.
Билеттің бұл қымбаттауын өкіл­дік­тер жыл сайынғы шара деп тү­сіндірді. 
– Былтыр инфляция 20 пайыздан асып түскен кездің өзінде билеттер 7 пайыз­ға ғана қымбаттады. Биыл да баға осы көлемде ғана өседі, – деді ведомство. 
Айналдырған алты айда жол жүру та­рифтерінің екі рет қымбаттауы ха­лықтың қалтасына біраз салмақ. Бірін­ші­сінде – «вагон паркін жаңартып, көр­­­­сетілетін қызметтер сапасын жақ­сар­тып, қызметкерлердің жалақысын кө­теруді» көздесе, екінші ретте ком­па­ния «жоспарлы индекстеуге» сілтеді. Алай­да тариф екі рет көтерілгенімен ва­гондардың сапасы жақсырмайтыны қын­жылтып отыр. 
Жол жүру тарифтерінің қымбат­та­ға­нына қарамастан жолаушылардың би­лет таппай сабылатыны тағы бар. «Жолаушылар тасымалы» билет тап­шы­лығының негізгі себебіне вагон же­тіс­пеушілігі тікелей себепші дейді. Бұдан шы­ғудың бір жолы – жаңа вагондар са­тып алу. 
– Қазір Қазақстан темір жолдарына 2 мыңнан астам вагон қажет, оның ішін­де шамамен 700-і – Talgo үлгісіндегі ва­гон­дар. Компания вагон паркін жаңарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жы­лы ел ішінде өндірілген 150 жаңа ва­гон іске қосылып, олар Павлодар-Түр­кі­стан, Қызылорда-Семей және Ақтөбе-Маңғыстау бағыттарында қатынап жүр. Биыл тағы 157 вагон сатып алу жос­пар­ланған. Біз Швейцария компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Ол бізге 2025 жылдан 2030 жылға дейін 537 ва­гон жеткізеді. 2030 жылға қарай біздің ва­гон паркінің 90 пайызы жаңартылады. Қа­зір 400 вагонда кондиционер жүйесі ор­натылмаған, – деді «Жолаушылар та­сы­­­малы» АҚ ресми өкілі Нариман Дүй­се­кeев. 
Жаңа вагондар жолаушылардың жай­лылығы мен қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз етері анық. Олар адамға ыңғайлы, жай­лы әрі заманауи инженерлік ше­шім­дермен ерекшеленеді. Әзірге терезесі ашы­латын, желдеткіші мен биотуалеті бар вагондар арман болып қала бермек. За­манауи вагондар келгенде билет ба­ға­сының қалай шарықтайтыны айтпаса да түсінікті.  
А.БИМЕНДІ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары