Өткен аптада Димаш Құдайберген «Stranger World Tour» әлемдік туры аясында Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden сахнасында, Мексика астанасы Мехикода өнер көрсетті. Мехикода екі концерт қойып, онда сатылымға шыққан билеттердің тез арада өтіп кеткенін әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Біз Димаштың әкесі, «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевпен әңгімелескен едік. Концерт туралы әлемдік, отандық БАҚ жазғасын, біз сахна сыртындағы дүниелерге көбірек үңілуге тырыстық.
Орындалған арман
– Қанат Құдайбергенұлы, Нью-Иорк пен Мехикодағы концерттердің өте тамаша өткенін әлеуметтік желі арқылы көріп отырдық. Әрине, мұның артында біз білмейтін қаншама еңбек жатыр. Madison Square Garden-де концерт қою өнер адамы үшін үлкен арман ғой...
– Иә, өнер адамы үшін бұл сахна өте танымал, биік белестің бірі. Өйткені ол Майкл Джексон, Лучано Паваротти, Андреа Бочелли, Мадонна, Елвис Пресли, Элтон Джон т.б. көптеген әлемдік музыканың жарық жұлдыздары өнер көрсеткен сахна. Димаш бала кезінен осы жерде концерт қойсам деп армандайтын. Кейін нақты мақсат етіп қойып, жоспарына енгізді.
8-9 айға созылған дайындық жұмыстары жүрді. Қойылымның бағдарламасы нақтыланды, концертті ұйымдастыратын америкалық компаниямен келісім жасалды. Димаш Қазақстанда басталған «Stranger» бағдарламасына жаңа контенттер, жаңа әндер енгізіп, режиссурасына толықтырулар енгізді. Сосын жарнама жұмыстарына кірістік. Концерттің өтуіне атсалысатын командамыздың техникалық, шығармашылық құрамы халықаралық. Олардың арасында Қазақстандық жастарымызбен қатар, Испания, Германия, Куба, Ресей, Украина, Қытай азаматтары бар. Димаш алыстағы шығармашылық топпен онлайн байланыста болды. Алматы мен Астанадағы топпен қасында жүріп, тығыз қарым қатынаста жұмыс істеді. Концерт уақыты жақындаған кезде команда Астанада түгел жиналып, репетиция жасалды.
АҚШ пен Қазақстанның уақыт аралығы біршама. Бізде күн батып жатса, оларда таң атып жатады. Адам ағзасы оған үйренгенше де біраз уақыт керек. Димаш көмекшілерімен 30 қыркүйек күні ұшып кетті, қалған 44 адам 3 қазан күні жеттік.
Madison Square Garden – күнде іс-шара өтіп жатқан жер. 5 қазан күні барып, концерт басталғанша көңілді қобалжытқан талай сәт өтті. Енді ше, әлемнің ең үлкен сахнасында бір елдің атынан өнер көрсеткелі тұрмыз. Ұйымдастыру барысында кейде түрлі қиындықтар болып жатады. Бірақ біз оны Димашқа білдірмеуге тырысамыз. Өйткені ол онсызда кез келген концерттің алдында қатты толқиды. Дәл концерт басталатын тұста тастүйін болып, бойын жиып, шиыршық атып тұрады.
Madison Square Garden-нің фойесінде осы жерде ән айтқан жұлдыздардың бәрінің суреттері ілулі тұр. Ең соңында «Бүгін Димаш Құдайберген өнер көрсетеді» деп жазылған. Концерттік залды айнала қойылған электронды таблода «Димаш, Madison Square Garden-ге қош келдің» деген жазу шыққанда көңілімізді қуаныш биледі.
Димаштың көптен бері айтып жүрген үлкен арманы бар-ды, ол – Madison Square Garden сахнасындағы концертін Қазақстанның Әнұранымен бастау.
Бұл – ұйымдастырушы тараппен алдын ала келісілді. Халықаралық хаттамаға сәйкес, бірінші қабылдаушы жақтың, сосын Қазақстанның Әнұраны орындалды. Әуелі біздің командамыздың бэк-вокалисі Расул Османов: «Ханымдар мен мырзалар, орындарыңыздан тұруларыңыз сұралады. Қазір Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады», – деп хабарлады. Жиналғандар гу ете қалды. Димаштың Ақордада түсірілген клипі жарқ ете қалғанда бәрі орындарынан дүрк көтерілді. Әнұранның қайырмасына келгенде жиналғандардың баршасы ұлтына, нәсіліне қарамастан қосыла орындағанын көргенде менің кеудемді қуаныш сезімі билеп, көз алдымнан ұлтымыздың күллі тарихы өткендей болды. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов осы әнді шамамен Димаштың жасында жазды ғой. Енді, міне, әлемнің ең үлкен сахналарының бірінде қазақтың тағы бір ұлы, Тәуелсіз мемлекеттің азаматы орындап тұр. Үлкен экранда біздің Көк Ту желбірейді. Әнұран аяқтала берген сәттегі көрерменнің ерекше ықыласын көріп, қуандық. Бұл концерттің сәтті өтетінінің нышанындай еді.
«Golden» әні басталғанда-ақ көрермен қосыла кетті. Димаш концертте қазақ, орыс, ағылшын, итальян, қытай және испан тілдерінде, әртүрлі жанрда ән айтты. Біразы – өз дүниелері. Бір ғажабы, ол қай тілде ән орындаса да, тыңдарман ілесе жөнеледі, қосыла шырқайды. Тыңдармандарына танымал шығармаларын былай қойғанда, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың «Ұмытылмас күнін», Мұнайдар Баймолданың сөзіне жазылған Айгүл Бажанованың «Махаббат бер маған» әндерін залдағы көрермен бір кісідей қосылып әуелетеді.
Димаштың «Бір аспанның астындағы тарих» деген композиторлық дүниесі бар. 13 минут орындалатын күрделі реквием. Ол ең алғаш орындап берген кезде жүрегім аузыма тығылып, көзіме лықсып жас келген. Кейін оны өзі жан-жақты жетілдіріп, тыңдарман талқысына ұсынды. Жер бетінде қаншама халық бар. Бәрі бақытты өмір сүргісі келеді. Әркім өзінің ата-анасы, ұрпағы бейбіт өмір сүргенін қалайды. Адамды ізгілікке жетелейтін қаншама дін бар. Бірақ неге бейбіт қан төгіледі? Неге біреу әкесінен, біреу анасынан, біреу баласынан айырылады? Аспан – біреу, өмір сүріп жатқан мекен – Жер біреу, неге тату-тәтті өмір сүре алмаймыз? Композицияның мағынасы – осы! Онда мұсылманның азаны да, христиан шіркеуінің қоңырауы да, буддашылардың үндері де, күллі адамзаттың арзу-арманы да бар. Экрандағы контент соңында әлемдік дәстүрлі дін өкілері басшыларының бейбітшілікке үндеген жазулары шығады. Міне, осы композиция орындалып, аяқталғанда мыңдаған тыңдарман орындарынан тік тұрып, ұзақ қол соқты. Кейбірінің көзінен жас тамшылап тұрғанын байқадым. Музыканың құдіреті осы ғой!
Концерт біткеннен кейін 15 елдің АҚШ-тағы елшісі келіп, Димашпен амандасып, құттықтады. Бір-бірімен араз елдердің де өкілдері қатар тұрып, құттықтағанын көргенде риза боласың.
Димаш бала күнінде: «Мен үлкен сахналарда мыңдаған көрерменнің алдында ән айтамын» дейтін. Ол әлемнің ең танымал сахнасында ән айтып, тағы бір арманына қол жеткізді.
Мехикодағы мезеттер
– Мехикодағы екі концерт әу баста жоспарланған дүние ме?
– Біз дүниежүзіндегі Димашқа қатысты ақпараттарды зерделеп отырамыз. Соның ішінде Латын Америкасында оның өнеріне деген қызығушылық жоғары екенін байқадық. Сосын Мексика астанасы Мехикода бір концерт қоюды жоспарладық. Ұйымдастырушылар сондағы әйгілі, 10 мың орындық «Auditorio Nacional» сахнасымен келісіп, билеттерді сатылымға шығарғанда аз уақыттың ішінде өтіп кеткенін хабарлады. Сұраныс көп болғандықтан тағы бір концерт өткізу жөнінде ұсыныс түсті. Димашпен ақылдасып ем, ол қуана келісті. Біздің келісімімізді алғасын ұйымдастырушылар 15 мың орындық «Palacio de los Deportes» спорт сарайының сахнасына билет сатып, оның да тез өтіп кеткенін хабарлады.
Мехико бізді өте күшті қабылдады. Әуежайға қонған сәтте-ақ мыңдаған көрерменнің ықыласын сезіндік. Ілтипаты жоғары, көңілді халық екен. Бірінші концерт басталар сәтте сыртқа шығып келген командамыздың бір мүшесі жиналған халықтың: «Оле, оле, Димаш, Қазақстан» деп ұрандап тұрғанын айтып келді. Сәлден соң стадионға кірген олардың сол ықыласының әсері болар, концерт те ерекше екпінмен басталды.
– Димаш сол концертте ерекше арқаланып кеткен сияқты көрінді. Шынымен солай ма?
– Иә. Мексикалық көрерменнің ықыласы оны ерекше шабыттандырып жіберді. Залда ине шаншар орын жоқ. Кейбірі ән мәтіндерін бір-бір қойын кітапшаға жазып алған. Қандай ән бастаса да қосыла кетеді. Билері керемет. Түрлі мәдениеттің бас қосқан жері ғой, энергетикалары бөлек. Содан да Димаш ерекше жарқырап шыға келді. Тіпті, экспромтпен бірінші рет испан тіліндегі танымал ән «Besame Mucho-ны» шырқады. Тосынсый бұнымен аяқталған жоқ. Бір көрермен сахнаға Мексиканың туын лақтырды. Ту жерде жатпауы керек қой, Димаш оны дереу қос қолымен көтеріп алып, желбіретті. Сол кезде тағы бір мексикалық көрермен сахнаға Қазақстанның туын лақтырды. Мен қатты қобалжыдым. Өйткені Димаш Мексиканың туын тастай салып, өз туымызды желбіретсе, көрерменнің көңіліне келеді ғой. Бір кезде ол анадай жерде видео түсіріп тұрған Мансұрды шақырып алып, Мексиканың туын соған ұстатты. Сосын өз туымызды тізерлеп тұрып сүйіп жоғары көтерді. Мексикалықтар орындарынан дүрк көтеріліп, құрмет көрсетті. Екі ұлымның екі елдің туын көтеріп тұрғанын көріп, көңілім толқыды.
Араға бір күн салып өткен екінші концерт те өте жоғары деңгейде өтті.
Жалпы, маған Мексика қатты ұнады. Көшелері тап-таза, халқы бауырмал. Бізге қолдау көрсеткен Мексикадағы Қазақстанның елшілігіне де алғыс айтамыз.
Осы концерттерде Димаш «Самғау» атты жаңа туындысын ұсынды. Көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты.
– Шетелде, әсіресе, Madison Square Garden секілді әлемнің №1 сахнасында өнер көрсету оңай емес. Оның үстіне команданың 44 адамын алып жүру де аз жүк емес-дүр...
– Әрине. 44 адам – ең алдымен бір-бір үйдің азаматы. Сондықтан олардың қауіпсіздігі бірінші орында. Сосын олардың әрқайсысы – өз саласының мықты маманы. Маман өз шаруасымен ғана айналысуы керек. Ал қалған ұйымдастыру мәселесінің бәрі «Димаш-Әли» шығармашылығының мойнында. Біз өз міндетімізді адал орындап келеміз.
– Dears -тердің ықыласы байқалып тұрды...
– Қай жерге барсақ та, ерекше ықыласпен қарсы алатын dears-терге алғысымыз шексіз. Осы жолғы сапарда да олардың шексіз махаббатын сезіндік. Өкінішке қарай, олармен жүздесіп, әңгімелесуге менің қолым тие бермейді. Света Мехикодағы бір кездесуге барып, ерекше әсерленіп келді.
– «Stranger World Tour» жалғасады ғой?
– Иә, жыл аяғына дейін Барселона, Лондон, Берлин, Рига, Ханой қалаларында концерт өтеді. Ал жаңа жылдан бастап жаңа бағдарламаға кірісеміз.
Концерттен кейін
– Димаштың шетелдегі концерттерінде отбасы мүшелері толық қасында болатынын байқап жүрміз. Енді бір сұрақ: ол дәл концертке шығар алдында қандай көңіл күйде болады? Қандай да бір ырымға сене ме?
– Әр концерт менің батаммен басталады. Өзі де соны күтіп тұрады. «Алла жар болғай, ата-бабаңның аруағы қолдап, концертің сәтті өткей. Халықтың ықыласына, шапағатына бөленгейсің» деп батамды беремін. Әумин деп сахнаға беттейді.
Концерт бірнеше бөлімнен тұрады ғой. Бір бөлім аяқталып, сахна сыртына беттегенде ол екі көзімен бізді, Света екеумізді іздеп келе жатады. Мұндайда ол салиқалы азамат, танымал әнші емес, кішкентай балаға айналады. Тамағына қолын апарып, көзімен сұрау салады. «Дауысым қалай шығып жатыр?» дегені. Біз бас бармағымызды көрсетіп, белгі береміз. Дауыстап сөйлесіп жату қиын ғой, ыммен сөйлесіп, бір-бірімізді қас-қабақтан түсінеміз. Ол концерт барысын толық бақылауында ұстайды: «Мына жақ қапталда дыбысты сәл азайту керек», «ана жақ маған толық естілмей жатыр» деген сықылды қысқа-қысқа нұсқауларын беріп, келесі бөлімге дайындалуға кірісіп кетеді.
Ата-анасының бір ауыз жылы сөзі, тіпті шаттанып тұрған көзқарасы оны қанаттандырады. Ал бауырлары қос қанаты секілді. Жалпы, мен үйде балаларыма: «Сендерде 50 пайыз әкенің, 50 пайыз шешенің қаны бар. Ал сендер 100 пайыз туыссыңдар. Бір-біріңнен артық адам жоқ» деп үнемі айтып отырамын. Бірнеше тілді еркін білетін Раушан концерт кезінде суфлерлік басқаруды қолына алады. Бұл – әр тілді команда үшін өте маңызды дүние. Қай жерде кішкентай кілтипан болса, ол дереу жеткізеді. Ал Әбілмансұр ең алғаш сахнаға Димаштың Алматыдағы концертінде шыққан бала. Қазір өз туындыларын көрерменге ұсына бастады. Димаш кәсіпқой музыкант ретінде оның өнерін өте жоғары бағалайды: «Мен оның жасында музыканы дәл ол секілді терең түсініп, аспаптарда дәл ол секілді ойнай алмайтынмын» дейді. Онысын Мехикодағы концертте де айтты. Қазір Мансұр ағасы киім ауыстырғанда сахнаға шығып, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр.
Димаш концертке барын беріп шығады. Оның әбден қалжыраған, бірақ бақытты түрін көру – біз үшін үлкен қуаныш. Арсалаңдап келіп құшағымызға қойып кетеді. Жүрегі атқақтап, бүкіл клеткасы дірілдеп тұрады. Киімі сығып алуға келетіндей су-су. Үш сағат сахнада жүгіріп жүріп, ән айту оңай емес. Мысалы, Астанадағы концертте сахнаның аумағы 80 метр болды. «Мен 3 сағатта марафон жүгіріп өтіппін ғой...» деп күледі кейін.
Әдетте, концерттен соң әуелі командаға рахмет айтамыз. Сосын өзіміздің отбасы оңаша қалып шай ішеміз. Концертті талқылаймыз. Кейін барып, әркім өз бөлмемізге беттейміз. Димаштың ұзақ уақытқа дейін көз іле алмай жататынын білемін. Өйткені анадай сезімдерді бастан кешкеннен кейін бірден ұйықтап кету тіпті мүмкін емес.
– Қазір Димашқа мемлекет тарапынан қорғау керек деген пікірлер айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Бұл жөнінде оның өзімен әңгімелескенбіз. Шетелге шыққанда шақырушы тарап әншінің қауіпсіздігін өз мойнына алады. «Ал Қазақстанда әр азамат менің қорғаушым ғой» дейді Димаш.
– Димаштың әр концертіне жер-жерден тыңдармандары келеді. Нью-Йоркте, Мехикода да дәл солай болды деп жатыр. Жалпы, қай елдегі концертіне адам көп келеді, соның статистикасы бар ма?
– Иә, Нью-Йоркке де, Мехикоға да сырттан көп көрермен келді. Мехикодағы ұйымдастырушылар Латын Америкасының көп елдерінен адам келді деп хабарлап жатты.
Жалпы, байқағаным, көрермендер Қазақстандағы концертке келуге тырысады екен. Мысалы, Алматыдағы концертке 64 елден 13 мыңдай адам келді. Астанадағы концертке 82 елден дәл сол шамадағы көрермен қатысты. Оның ішінде бір айға, бір аптаға, екі күнге келгендері де бар. Жалпы, Астана мен Алматыда өткен үш концертке 35-36 мыңдай адам қатысыпты. Олар тек осы екі қаланы ғана көрген жоқ. Ақтөбеге арнайы барғандары да, Қазақстанның түпкір-түпкірін аралағандары да бар. Міне, осыншама адам Қазақстан туралы өз елдеріне мол мағлұмат алып кетті. Президент көп айтатын креативті индустрия дегеніміз – осы!
– Экономикалық жағынан қанша пайда әкелгенін айтпағанда дейсіз ғой. Жалпы, ол жөнінде дерек бар ма?
– Менде ондай нақты мәлімет жоқ.
– Сонда да «Байжан шамамен» жобалап көрейікші. 36 мың көрермен орташа есеппен 2 мың доллардан тастап кетті дегенде 72 миллион доллар, теңгеге шаққанда, 40 миллиардқа жуық ақша бола ма?
– Шамамен солай болар. Білетінім, біз өз мемлекетіміздің имиджі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Әрі қарай да солай істей береміз. Келген адамдардың денінің Отанымыз туралы жақсы пікір қалдырып жатқанын байқаймын. Сосын, өзіңіз де байқаған боларсыз, әлемнің түпкір-түпкірінде Қазақстан туралы көбірек білуге құштарлық байқалады. Бұрын тек қазақ тіліндегі әндерді ғана орындаса, қазір біздің ана тілімізді игеріп, алғысын жеткізіп жатқандар да бар. Оны осы жолғы сапарда да сезіндік.
– Концертті қай жерде ұйымдастырған тиімді: шетелде ме, Қазақстанда ма?
– Біз үшін өз елімізде ұйымдастырған тиімді, әрине. Ұйымдастыру шаралары әлдеқайда жеңіл болады. Сосын өз елің, қалай дегенде де – өз елің! Көмек, қолдауын сезініп отырасың.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ