Нариман Жалғасұлы: Ғалымдарымыздың жаңалықтары ескерусіз қалатыны жанға батады

/
Нариман Жалғасұлы: Ғалымдарымыздың жаңалықтары ескерусіз қалатыны жанға батады

Кеңес дәуірінде елімізде ғылым дамып, қазақтың білікті ғалымдарының үлкен шоғыры пайда болғаны шындық. Кезінде олар ашқан небір ғылыми жаңалықтар ғылыми ортаның назарын аударып та жататын. Бірақ солардың көбі назардан тыс қалған жағдай жиі кездесетін. Бұл орайда, Ұлттық Тау-кен ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Нариман Жалғасұлының айтары көп. Пайдалы қазбаларды алу және оны кешенді пайдаланудың білікті маманы, ұзақ жылдан бері Д.Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтында еңбек етіп келе жатқан ғалым елімізде ғылымды дамыту мен ғылым жетістігін өндіріске енгізу жөнінде салмақты пікірлер айтып жүр. Біз Нариман Жалғасұлымен сұхбатымызда отандық ғылымды дамыту мен жемісін көру жайлы ойларын жазып алған едік.

– Қазақстанда тау-кен ісінің тез өркендеп дамуына біздегі ғылым акаде­миясын құрған, аты дүние жүзіне белгі­лі академик Қаныш Сәтпаевтың зор әсері болғаны белгілі. Сіздің де елімізде­гі тау-кен ісі бойынша жетекші ғалым­дардың бірі екеніңізден хабарымыз бар. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды және ғылымдағы жолыңыз қалай қалыптасты?

– Ғылымға, ғылым туралы әңгімеге өтірік жүрмейді. Сондықтан сұрағыңа берер жауабымды бірден шындықтан бастайын: орта мектепті жақсы оқып бітіргеніммен жоғары білім алудың жолына шыққанда тау-­кен ісінің маманы боламын деп ойлаған жоқпын. Ол кезде бізге «мына оқуды бітірсең, адам боласың» деп жөн сілтеген ешкім жоқ. Әйтеуір жоғары білім алу қажет екенін білеміз. 1956 жылы Қызылорда облысының Жалағаш қыстағындағы №31-мектепті бітірген соң Ал­матыға келіп, жоғары оқу орындарын ж­аға­лағанда стипендиясы көп білім ордасын іздедім. Ол кез әлі елдің әл-ауқаты көтеріле қоймаған қиын кез ғой, сондықтан білім алу мен бірге күнкөрісті де ойладық. Ең алдымен КазПИ-дің қабылдау комиссиясына барып, құжат тапсырмай тұрып бұл жерде студент­тер­ге берілетін стипендияның сомасын сұ­рап едім, «22 сом» деді (кеңес рублі ғой бая­ғы). Ол заманда күніне 1 сомға күн көруге болады, ал мына оқуға түссем бір апта аш жүр­еді екенмін деп ойладым да, КазГУ-ге бет алдым. Ол жердегі стипендияның  мөлшері де көңіл көншітпеді. Сосын біреулер «сти­пен­диясы көп оқу керек болса политехқа бар, сол жақта жақсы» деді. («Политех» деп отырғаны қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ғой, ол шақта В.Ленин атындағы Қазақ поли­тех­никалық институты деп аталатын). Рас­ында, политехникалық институт жақсы екен, студенттерге беретін стипендия – 45 сом. Сөйтіп, сол институттың тау-кен фак­уль­тетіне түсіп, 1963 жылы «пай­да­лы қазба­ларды пайдалану» мамандығын алып шық­тым.

– Оқуды бітірген соң уақыт оздыр­май ғылым жолына бет бұруға мүмкінді­гіңіз болды ма?

– Жоқ, ол кезде политехника саласында ғылымға келетіндерге жауапкершілік күшті еді ғой, ғылымды кабинеттен емес, негізінен өндірісте жинаған тәжірибеден соң барып бастайтын  ғалым болғысы келетіндер. Оның үстіне,  өндірісте білімді маман тап­шы, сондықтан оқу бітірген кезде маған Жез­қазған-рудник поселкесіндегі кен-мета­ллургия комбинатына жолдама беріп қойған, соған бардым (ол жерде бір кезде Қ.Сәт­паевтың өзі жұмыс істеген). Кадрлар бөліміне кіріп құжаттарымды ұсынып едім, «қай шахтаға барасыз?» деді. Мен бұрын мұнда бол­мағанымды, қайда жіберсе соған бара­тынымды айттым. «Онда «Покро» шах­тасына барасыз, соларда инженерге орын бар» деді. Сосын кеншілерге арналған жатақ­ханадан орын алу үшін «Покро» шахтасының басты­ғына бардым. Шахта бастығы Мәскеу­дің түсті металлургия және алтын институ­тын бітір­ген, кейін қазаққа ақын ретінде таныл­ған Кәкімбек Салықов екен. Қабыл­дауы­на кіріп жөнімді айтып едім, ол кісі маман жетіспей жатқандықтан маған бірден шах­таға бүгінгі ауысымның басшысы рет­інде түсуім керектігін айтты. Әлі жатақ­хана­дан орын да алған жоқпын, оның үстіне шахтаға түспес бұрын техника қауіпсіздік шара­ларымен танысуым керек. Осыларды айтқанымда Кәкімбек аға «Сен оқыған мамансың, техника қауіпсіздігін жұртқа өзің үйрететін адамсың» деп мені бірден жұмысқа салып жіберді. Сөйтіп, Жезғазғанға табаным тие сала қолымдағы шабаданымды комбинат бастығының кабинетіне қалдырып, арнаулы киім алып, бірден кешкі 18.00-де жұмысқа кеттім. Ол кезде аталған комбинатта 68 мың еңбек ететін. Әлгі Кәкімбек ағамыз кейін сон­дағы партия комитетінің хатшысы болды. Солай еңбек жолым басталды. Сонда жүріп, 1968 жылға дейін «Покро», 55-шах­таларда ауысым бастығы, Батыс Жезғазған кен­ішінде еңбекті ғылыми ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым. 
Мен шахтада еңбек еткен кезде техника жаңаланды. Біз одақ көлемінде ең алғаш 55-шахтаға үлкен экскаваторды бөлшектеп түсіріп, жер астында қайта құрап, бір айдай уақытта іске қосқанбыз. Одан бұрын шахта­дан шыққан кенді шығару үшін вагонетка сүйреуге аттарды пайдаланатын. 
Сосын айта кететін нәрсе, мен жасымнан фотосуретке түсірумен айналыстым. Жезқаз­ған­да жүріп те сол ісімді жалғастырдым. Шахтадан түсірген фотоларым сол жерде шы­ға­тын «Джезказганский рабочий» газет­інде жарияланып, телеарналар пайдалан­ып жатты. Өйткені журналистер шахтаға түсуге қорқатын. Сөйтіп, газетте де, телеарналарда да штаттан тыс тілші ретінде сол­ардың тап­сыр­ыстарын орындап, қосымша әжептәуір қаламақы алып тұрдым. Ұзын сөздің қыс­қасы, сонда бес жыл еңбек еттім.

– Оқуды бітіре салып өндіріске бір­ден араласып кету қиындық тудырма­ды ма?

– Жасыратын несі бар, біз білім алған шақта қазіргідей бакалавр, магистратура деп бөліп-бөліп оқытпайтын еді ғой. Бірден бес жыл академиялық білім аласың, оқи жүріп өндірістік тәжірибеден өтіп, оқу бітіргенше дайын маман боласың. Сондық­тан еңбекке араласып кету қиындық тудырмайтын. Бү­гін­де төрт жыл оқыса да өндірістік тәжірибе дегеннің не екенін біле бермейді. Өйткені болашақ мамандарды шахтаға жақындат­пайды. Ал ол кезде институтты бітіргенше бәрінен хабардар ететін. Қазір кен орындары жекеменшік болып кеткендіктен практи­кант­тарды жолатпайды. Содан оқу бітірген жастар маман ретінде шикі болады. Өйткені бакалаврды бітіргендер толық емес жоғары білім алады. Ал біздің кезімізде жоғары білім алғандар диплом қолына тигенше маман ретінде әбден пісіп шығатын.

– Сонымен, Жезқазғанда бес жыл шахтада еңбек еткен соң ғылым жолына түстіңіз?

– Иә. Өндірісте жүріп тау-кен ісінің әб­ден ұңғыл-шұңғылын біліп алған соң, ғы­лым­­ға бет бұру үшін 1968 жылы Алматыға келдім. Ол кезде Қ.Сәтпаев құрған Қазақстан Ғылым академиясы құрамында 44 ғылыми-зерттеу институты болатын. Соның бірі Тау-­кен ісі институты еді, мен соның аспи­ран­турасына бардым. Басшылар, әрине, жұ­мыстан жібергісі келмейді, сондықтан еңбек демалысы кезінде келіп құжатымды тапсырып, емтиханға дайындалып түсіп кеттім. Заң бойынша, аспирантураға түскен адамды істеп жатқан жұмысынан босатуға міндетті. Солай ғылымға келдік. Аспиран­тура­дан соң ғылыми қызметкер болып жүріп, 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғадым.

– Өз зерттеулеріңіз арқылы ғылымға қосқан үлесіңіз жөнінде де біліп отыр­сақ жөн болар, өйткені жұрттың көбі тау-кен өндірісіндегі қазақ ғалымдары­ның еңбегі жөнінде біле бермейді ғой.

– Әрине, негізінде бұл жағдайда біз туралы өзгелер айтса жарасар еді, бірақ сұхбат беріп отырған соң өзіміз баяндауға тура келеді. Осы кезге дейін өз салам бойын­ша бірнеше монография, 220-ден аса ғылыми мақалам жарық көрсе, соның 30-дан артығы­на ғылыми жаңалық ретінде алдын ала па­тент берілген екен. Соның бір-екеуі туралы айта кетейін.
Жезқазған мыс зауытының шахтадан балқытуға арналған әртүрлі концентранттар қоспасы түйіршік жасау цехына өткен кезде өнімдері стандартқа сай болмағаннан кейін металл балқытатын электр пешінде жарыл­ыс­тар жиілеп кетті. Ондай кезде адам шығы­ны да болып тұратын. Осы технологиялық проблеманы шешу бізге тапсырылды.
Концентранттың түйіршіктері балқыту пешіне түсем дегенше оның 15-20 пайызы үгітіліп кететініне көз жеткізген соң, оған жа­бысқақ қант зауыттары­ның қалдығы – дефекатты керекті мөлшерде қосып, сапасын ГОСТ стандартына келтірдік. Сөйтіп, бұл жұмыс нәтижелі аяқталып, оған Қазақстан Республикасының патенті берілді. Осы жаңалығымыз арқасында өндірістегі мамандар бұрын ауаға ұшып кететін қосым­ша металдарды тонналап жинап алатын болды.
1991 жылы шахта астындағы құлауға айналған кентіректерді беріктендіру әдісін тауып, оны өндіріске енгізгеніміз үшін Қа­зақ­стан Республикасы Министрлер каби­неті­нің техника және ғылым саласындағы сыйлығын берді. Кентірек деп отырғанымыз шахтаның жоғарғы жағын құлатпай ұстап тұратын, шахтаны қазып бара жатқанда та­биғи кен жыныстарынан қалдырып кете­тін табиғи тіректер. Бірақ ол да жылдар өте үгітіліп, жіңішкеріп не бойында жарық пайда болып, әлсірей бастайды. Нәтижесінде, тіректер сынып, шахтаның төбесі опырылып, апат болуы мүмкін. Міне, біз сол кентірек­тердің табиғи беріктігін сақтау жолын ұсындық.
Менің ғылымдағы еңбектерімнің тең жартысы бүгінде өзекті – тау-кен өндірісі сала­сының экологиясы мен геоэкологиясына арналған. 2001 жылы «Кен өндіру тиімділігін экологиялық таза технологиялар негізінде арттыру» тақырыбында докторлық диссерта­ция қорғадым. Онда тау-кен өндірісіндегі қалдықтардың қоршаған ортаға зиянын аз­ай­ту үшін қалдықсыз технология жасау және жоғарыда айтып өткен – шахтадағы кенті­рек­тердің беріктігін арттыруға арнал­ған желімдік құрамдар жасап, оны жарылған кен тасының бойына сіңіру арқылы оның тұтас­тығы мен төзімділігін қалпына келтіру мәсе­лесі шешілді. Бұл жер бетінде орналасқан қала, өндіріс ошақтары мен темір жол, су құбырлары, т.б. нысандардың апатқа ұшыра­мауына кепілдік береді.

– Кен өндіру ісінде бұрынғы мен қазір­гінің арасында қандай айырмашы­лық бар?

– Кен өндіру, кеніштерде жұмыс істеу әр заманда өзгеріп тұрады ғой, оған жаңа тех­никаның, технологиялық әдістердің пайда болуы әсер етеді. Жоғарыда айтып өттім, бір кезде шахтада руданы вагонеткаға жеккен аттармен тасыған деп, кейін арнайы техни­ка­лар пайда болды. Жезқазғанда біздің ке­зімізде арнайы нұсқаулықпен жұмыс іс­тей­тін, кенді алып зауытқа жіберудің кондиция­с­ы бар. Ол үшін тастың ішіндегі, мысалы, мысы қанша екенін анықтап, оның мөлшерін білу қажет. Ол орталыққа – Мәскеуге жібер­іл­еді, олар шешім шығарады. Кенді өндіретін кезде мысы аздау жерді қамтымау жөнінде бұйрыққа қол қоясың. Мәселен, кен құра­мын­да мыс мөлшерінің ең төмені 0,70 пай­ыздан жоғары болса ғана оны алуға рұқсат. Салыстыру үшін айтайын, қазір Ақтоғай деген мыс кеніші бар, сол жерде кеннің ең жоғары мөлшері – 0,70 пайыз! Бір кезде ал­май тастап кететін кенді ең жоғары мөл­шер санап алып жатыр. Жезқазғанда кен өндірген кезде мыс тастың ішінде өте майда болатын. Әрине, кей жерлерде табиғи түрде мол табылатын кездері болады, ол бірақ сирек кездеседі.
Жалпы, кен өндіру, оны байыту ісі қиын шаруа ғой. Мысалы, бір тонна кен тасынан 2 грамм алтын шығатын болса, оны өндіруге рұқсат. Ал Қазақстанда кей алтын кенішінде 1 тонна кеннен 130 грам шығатын жерлер де бар. Алтын кені жөнінен біз әлемде ал­дыңғы қатардамыз, бірақ кезінде соны өн­діруде артта қалып қойдық. Өйткені кеңес кезінде бізге мыс, темір, т.б. өндіруге басым­дық беріліп, алтын өндіруге дұрыс көңіл бөлінбеген. Өйткені елімізде темір, мыс кендерін өндіру ісі бірнеше жерде тізбекті түр­де жолға қойылды, сосын Мәскеудегі ор­та­лық алтын өндіруде басқа республикаларға басымдық берді. Соның себебінен көп уақыт бойы бізде алтынды айыратын байыту фаб­рикалары болған жоқ. Қазақстанда алтын өндіру тек тәуелсіздіктен кейін ғана дұрыс жолға қойылды. Сонымен бірге бізде жеке алтын өндірушілер (старатель) де пайда болды. Олар алтынды өз бетінше өндіріп, мемлекетке сатады. Оларға рұқсат берілген. 

– Қазақстанда ғылымның дамуы жөнінде не айтасыз, бұрын қандай еді, қазір қандай?

– Қазақстан Ғылым академиясы қазақ­тың маңдайына біткен үлкен ғалым, акаде­мик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен 1946­ жылы ашылды ғой. Содан түрлі салалар бойынша ғылыми-зерттеу институттары пайда болып, елімізде ғылымның өркендеуі басталды. Небір мықты ғалымдар шығып, әлемдік ғылымда маңызы бар жаңалықтар ашып жатты. Білікті ұлт мамандары қалып­тасып, ғылым деңгейі көтерілді. Бірақ тәу­елсіздік алғаннан кейін, Ғылым академиясы Кенжеғали Сағадиев басшы болып тұрған кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылып, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы атты қоғамдық бірлестікке ай­налды. Мемлекет ғылымды қаржыландыруды тоқтатты. Академия құрамындағы қырықтан астам ғылыми-зерттеу институттары не іс­тер­ін білмей дағдарып қалды. Сосын біреу­лер оншақты институттың басын  қосып ұлттық орталықтар құрды. Сөйтіп, әр жерде инсти­туттар тендерлерге бағытталып қайта құрыл­ымдалды. Біздің 9 ғылыми-зерттеу институт­тың басы қосылған Қазақстан Республикасы­ның минералдық шикізаттың кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орталығы құрылды (оның құрамына біздің Д.Қонаев атындағы Тау-кен институты да енді). Ұлттық орталық­тың бас директоры болып Әбдірасул Жәр­менов деген химик ғалым жігіт сайланды. Бұл ғылыми орталық Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарайды. Енді біздің орталық басшылығы сол институтқа барып «бізде 9 институт бар, пә­лен жұмыстарды жаңғырту үшін жаңа объек­тілер ашу үшін қажет» деп қаражат сұраса, оған «Сендер ғылыми-зерттеу институты ем­ес­сің­дер ме? Ендеше, Қазақстан Республи­касы Ғылым және жоғары білім министрлігіне барыңдар» деп қуып шығады. Сонымен инс­ти­тутымыз қаржыландырусыз отыр. Біраз ғалымдар дүние салды, біразы кетіп қалды. Тек біз сияқты болашақта жағдай түзеліп қалар деп үміттенетіндер ғана жүр. 
Институтта 20 ғылыми зертхана жұмыс істеп тұр. Оның әрқайсысында екі-үш ғалым бар. Жалақы жоқ, министрлік бөлетін грант­тарға тәуелдіміз. Тендерлерге қатыс­қанмен өткізе қоймайды. Қайбір жылы конкурсқа үш жылға арналған 5 800-дей жоба түсіпті. Оны ұсынып отырған әлгі Ғылым-білім министр­лігі. Бұл – елде үлкен ғылыми әлеует бар деген сөз емес пе? Бірақ әлгіндей жобаларға бөлін­ген мол қаржы нағыз ғылыммен айналысып жүргендерге жетті ме екен?
Д.Қонаев атындағы тау-кен институты – кеңестік кезеңде ғылымды дамытуда көп жетістікке жеткен ғылым ордасы. Мұнда ең­бек еткен алты-жеті ғалым Ленин сыйлығына ие болған, Мемлекеттік сыйлық алған. Біз­дің жетістігімізге өзгелер қызыға қарай­тын. Ал қазір мемлекет жылына бір патент бермейді. 
Жақында бізге Ержан Өтешов басшы болып келді. PhD доктор. Жағдайды жақсы түсінеді, бірақ қаражат тауып, институтты бұрынғы қалпына келтіру өте қиын болып жатқан сияқты. 

– Бізде ғылым жайында әңгіме бола қалса, Қазақстан ғалымдарының ең­бек­т­­еріне назар аударылмайды деген сөз айтылып қалады. Біздің ғалымдар аш­ып, бағаланбай қалған қандай жаңалық­тар бар?

– Ғылыми институттары бар, қалып­тас­қан ғылыми жолы бар елдерде мықты ғалым­дар шығып, керемет жаңалықтар ашуы заңды нәрсе ғой. Бірақ соның бәрі лайықты бағасын алып, өндіріске енсе, халықтың игілігіне ай­нал­маса одан жаман нәрсе жоқ. Бұл ғылымды кері кетіріп, өмірін ғылымға арнаған жандардың жігерін құм қылады. 
Саған біздің ғалымдардың өзім білетін жаңалықтары туралы айтайын: қазір МРТ (магниттік-резонанситық томография) деген ап­парат бар ғой, медицинада кең қолданыла­ды. Соның ең алғашқы па­тенті Қазақстанда алынған. Ол біздегі Ядро­лық физика институтында жасалған. Автор­лары осыны сериялы түрде шығарайық деп мемлекеттен ақша сұраса қаражат берілмеген. Сосын тауы шағылған МРТ авторлары өз жаңалықтарын америкалықтарға болмашы тиын-тебенге сатып жіберген. Жаңалықтың болашағын жақсы түсінген америкалықтар дереу оны іске қосып, қазір бүкіл әлемге МРТ сатып отыр. Оны қазір қымбатқа сатып алып отырғандардың қатарында біз де бармыз. Өзіміздің ғалымдардың жаңалығын дер кезінде бағаламағандықтан сондай күйге түсіп отырмыз... Осы дұрыс па?
Тағы бір мысал: Шахтада тастың қатты­лы­ғы көп рөл атқарады. Ол 21 позицияға бөлінеді. Позиция жоғарылаған сайын қат­тылық та күшті болады. 21-позицияда алмаз тұр. Оның бәрі үлкен қысымнан пайда бола­ды ғой, сондай қатты тастардың ішінде кен көп болады. Оны бұрғылап алады, бірақ бұрғың көпке шыдамайды. Жаңағы алмазды бұрғының ұшына қондырады ғой, сол теседі қатты тасты. 9-позицияға дейінгі тасты бұр­ғы­лаумен алуға болады, бірақ 16-дан арғы позициядағы тасты бұрғылаумен ала ал­майсың. Міне, соны алатын «Гидропушка» деген аппаратты қазір көзі тірі, біздің инсти­тутта менің зертханамда жұмыс істеген Гуменников Евгений Степанович ғалым жасап шықты. Ол аппаратты бұрғылайтын машинаның үстіне қондырады. Оның бір жарым литр сұйықтық сиятын камерасы бар, соған сұйықтық толтырады, сосын токқа қосып қысымды күшейтіп, әлгі сұйықтық үлкен қысыммен тасқа барады да, оның быт-шытын шығарады. Ол жаңалықты қолданса шахтада қатты тастарды сындырып кенді алу үшін жарылғыш заттың да, сығымдалған ауа жіберетін компрессордың да керегі болмай қалар еді. Былай қарағанда жарылғыш зат та, өте үлкен қысыммен ауа айдайтын ком­прес­сор да қауіпті нәрсе ғой кез келген сәтте жарыл­ып кетуі мүмкін, және оны қарулы күзетпен бақылап тұрады. «Гидропушканы» бірнеше елде сынақтан өтіп жақсы нәтиже көрсетті, бірақ өндіріске енгізілмей қалды. Ал ол аппаратты сериялы түрде жасап шы­ғаруға мемлекет ақша шығарса, оны сатқан­нан түсетін пайдасы қанша десеңізші. Оны кезінде бірінші Президенттің өзі келіп көріп, қасындағыларға жазып алыңдар, мынаны жүзеге асыру керек деді. Бірақ сол күйі қозғаусыз қалды. Қазір ол енді институттың музейінде экспонат болып қана тұр...
Тағы бір айтатын әңгіме – бір кезде көмірді зерттегенім бар. Содан өсімдікке пайдалы стимулятор жасағанбыз. Ол енді дәнді дақыл­дың жақсы өсіп, мол өнім беруіне әсер ететін препарат қой, өсімдіктің витамині десе де болады. Ол әсіресе, күрішке 80 пайыз әсер ететін болып шықты. Бірақ оны тұрақты түрде өндіріп, кең қолданысқа енгізуге қол ұшын берген мекеме болған жоқ. Тіпті, бар ғой, соның әрқайсысы мың доллар тұратын бес қапшығын Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына апарып бергенімде де аудан әкімінің өзі егінге пайдаланамыз деп пайда­ланбай, екі жыл бойы қоймада жатқан. Кейін оны сол жерде пайға 10 гектарға жер алып күріш еккен бір келініміз пайдаланып, мол өнім алған. Расын айту керек, соған ұқсас препараттар басқа елдерде де шығады, бірақ олар біздің жерге әсері аз. Біздің препарат гумусы көп көмірден жасалады. Оны пайда­лан­ған бидайдың жасалған қамырлығы Канадада өсетін бидай сияқты 38 пайызға дейін жетті. Бірақ ол препаратты іздеп жат­қан Үкімет не министрлік жоқ.
Бізде жаңалық ашатындар бар, бірақ сол жаңалыққа патент берілгеннен кейін оны әрі қарай дамытып, өндіріске енгізетін ұйым жоқ. Оған мемлекет те көңіл бөле бермейді. Ұйқы мен күлкіні жиып қойып, қаншама таңды кірпік қақпай атырып жанкештілікпен тапқан жаңалығы ескерусіз қалып жатқан ғалымдарымызды көргенде ішің удай ашиды. Ел үшін еткен еңбек еленбесе, елдің эко­номи­ка­сына зор пайдасын тигізетін жұмыстар өрге баспаса одан артық өкініш бар ма? Мұның залалы өмірін ғылымға арнаймын деп жүрген талантты жастарға да тимес пе екен деген қорқынышым бар. Талай қабілетті жастардың елден кетіп жатқанын да естіп жүрміз, көзіміз де көрді. Соған жеткізген жағ­дайды тоқтату керек. Әйтпесе, біздің ақылды бастар өзге ел үшін жұмыс істейтін болады. Әйтеуір, өткен жылы Үкімет қаулы­сымен Қазақстан Республикасы Президен­тінің жанындағы Ұлттық ғылым академия­сының ұйымдық-құқықтық нысаны коммер­циялық емес акционерлік қоғамнан жоғары ғылыми ұйымға ауысты. Енді соған үміттіміз. Мына заманда ғылымы дамымаған ел тоқы­рап, өзгенің шығарған нәрселерін тұтыну­шыға айналады. Ал оның экономикамызға үлкен салмақ болатыны мектеп оқушысына да белгілі жағдай.

– Иә, жөн айттыңыз. Сізбен әңгіме­лесу арқылы ел ғылымындағы аяққа тұ­сау болып жатқан жайлар туралы, қа­­зақ ғалымдарының басындағы қиын­дықты аңдадық, көптеген қызықты жайты білдік. Енді өзіңіздің ғылымнан былайғы өмірде немен шұғылданасыз? Басқа салаларға қызығушылығыңыз қалай?

– Ғылымға өмірін арнаған адам бір саланы терең игерсе де аз емес әрине, бірақ әрбір сауатты адам бірнеше саладан хабардар болса артық болмайды. Өмірде жан-жақты болғанға не жетсін. Әңгімеміздің бас жағында айтып өттім ғой, фотосурет өнерімен әуес­тендім. Тіпті, бірнеше конкурсқа қатысып, жүлделі орынға қол жеткізген кезім бар. Сосын әдебиет пен өнерге қызығамын. Ел ара­сынан ерекше мақал-мәтелдер мен қа­натты сөздерді, қызықты аңыз-әпсаналарды жинап жүре­мін. 70-ке толған кезімде «Сырда туып тауда өскен» атты мемуарлық кітабым­ды шығар­дым. Арасында мақала жазып тұрамын. Мәселен, Қаныш Сәтбаев туралы 11 мақала жазып жариялаппын.
Бір кезде әдебиетке әуестенгенім сонша – орыстың атақты жазушысы, Нобель сый­лы­ғының лауреаты И.Буниннің «Генрих» деген әңгімесін аударғаным бар. Бірталай ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен жақын араластым. Қазақтың талантты қаламгер­лерінің шығармашылығымен жақсы таныс­пын.
Жезқазғанда жүргенде 1970 жылдары бұрынғы Жезказған облысында «Қарагөз» және «Жезкиік» ансамблін ұйымдастырып, өзі осы шығармашылық ұжымға арнайы әндер жазумен айналысқан композитор, «Неге солай», «Әке туралы ой», «Ана туралы бал­лада» «Жезкиік» секілді тамаша әндердің авторы Жақсыгелді Сейіловпен, ерлі-зайыпты танымал әнші-термешілер Жақсылық Сәр­сенғалиев пен Қаламқас Орашевамен, өткен ғасырдың 90-жылдарында «Шындық» атты батыл толғауымен бүкіл қазақты дүр сілкін­дірген ақын, айтыскер, жырау Шынболат Діл­дебаевпен дос-жар болдық. Ол қайтыс болғаннан кейін 70 жылдығын өткізу үшін тиісті орындарға хат жолдап, елдің есінде сөзі қалған тамаша азаматтың мерейтойын өз деңгейінде атап өтуге қолымнан келген көмегімді аямадым.

– Бәрекелді! Сізбен әңгімеміз қазақ ғылымы жайында білгісі келетіндерге көп нәрсе береді деп ойлаймын. Енді сөз соңында жас ұрпаққа айтар қандай тілегіңіз бар? 

– Адам баласының көкірек көзі ашылмай ол толық адам деңгейіне жетпейді. Мейлі ғалым бол, мейлі өнер адамы бол, бәріміз үшін басты мақсат – Отан игілігі үшін тер төгу болуы керек. Үлкен арманға жетелейтін құдірет еліңе деген махаббат қана. Бас­қасының бәрі өткінші.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары