Синхрония сиқыры

Синхрония сиқыры
сурет: istockphoto.com

...Екі дос межелі жерде, уәделі уақытта жолықты. Құшақтасып амандасып, жөн сұрасқан соң бірі: – Осы бүгін ғана сен туралы ойлап отыр едім. Артынша сен хабарластың. Хабарласқаның қандай жақсы болды, «тірлік» деп, «жұмыс» деп жүріп көріспегелі де көп болыпты, – деп бәйек болып жатыр. Екіншісі де қарап тұрмай: – Айтсам сенбессің, кеше түсіме кіріпсің. Содан таңертең ауызыма достар туралы әйгілі топтың әні орала берді. Түске дейін сол әнді ыңылдап жүрдім. Осы жерге келе жатқанда такси жүргізушісі радионы қосып еді, дәл сол ән әуелеп тұр. Қызық, ә?! Айтпақшы, түгенше қайда өзі, көрінбей кетті ғой, дегені сол – әне, «Есекті айтсаң, құлағы көрінеді» деген, өзі де келе жатыр», – деп жолдасы иегімен сонадайдан өздеріне жақындап келе жатқан үшінші досты нұсқады... Әрине, мұндай оқиға болмады. Десек те, дәл осындай кездейсоқ һәм таңғаларлық жағдайлар әрбіріміздің басымыздан өтетіні жасырын емес. Бір адамды ойлағанда, дәл сол сәтте одан хабар келуі, әлдеқашан ұмыт болған әуенді ыңылдағанда кенеттен сол әуеннің бірнеше жерде қайталануы немесе ішкі күйімізге сай келетін сыртқы жағдайлардың қатарласа орын алуы секілді сәттер «жай ғана сәйкестік» деп түсіндірілгенімен, кейде олар бізге тереңірек мағына беретіндей көрінеді. Бұл құбылысты психологияда синхрония феномені деп атайды. Ал бұл құбылыстың құпиясы неде?

Бала кезімізде аналарымыз үй шар­уа­сымен айналысып жүріп, қолынан әл­денені түсіріп алса яки төгіп алса «Сірә, үйге бір қонақ асығып келе жатыр-ау» деуші еді. Немесе бір-екі жастағы кіш­кентай баланың «жол қарауын» «қонақ келеді» деп ырымдап жататын. Бір қызығы, ар­тын­ша көптен көріспеген қонақтар да келіп жатушы еді. Бұл сәйкестік яки кез­дейсоқтық па? Әлде мұның да бір тыл­сымы бар ма? Дәл осы құбылысты ХХ ғасырда әйгілі Зигмунд Фрейдтің шә­кірті, швейцар психологы Карл Густав Юнг  зерттеп, ғылыми айналымға енгіз­ген екен. Ол бұл фен-оменді мағынасы бар сәйкестіктер деп сипаттайды. Яғни, бір-бірімен физи-калық байланысы жоқ, бірақ адамның ішкі күйі мен сыртқы оқиғалар арасында мағыналық үндестік табатын сәттердің орын алуы осы құбылысқа қатысты.
Юнг Нобель лауреаты физик Вольф­ганг Паулимен бірге жұмыс істеп, синхро­нияны кванттық физикадағы ұқсас құ­былыстармен байланыстырып, бұл фено­менді ғылыми-философиялық тұрғыдан дәлелдеуге тырысты. Олар бірге Паули-Юнг гипотезасын ұсынып, бұл құбылысты материя мен психика­дағы біртұтас шын­дық­тың екі қыры ретінде қарастырды. Юнг бұл ретте син­хро­нияны «түйсік пен бейсаналық әлем­нің көрінісі» деп түсін­дірді. Яғни, бір оқиға екіншісін тудырмай­ды, бірақ  ол­ар­дың арасында белгілі бір сим­воли­калық мағына бар. Иә, көп жағ­дай­да ғылым оқиғалар арасындағы себеп пен салдар байланысын іздейді. Ал син­хро­­ния­да мұндай байланыс жоқ. Бұл фено­­мен кездейсоқтыққа ұқсағанымен, адам­ның ішкі әлемінде ерекше мәнге ие болады. Мысалы, бір адам қатты күйзел­іп жүргенде, кенеттен оны жұбататын кітап немесе әңгіме дәл сол сәтте кез­десіп қала­ды, ұзақ көрмеген адам туралы ойласаңыз, сол күні жолығып қаласыз, маңызды шешім қабылдай алмай жүр­генде, бір фильмдегі диалог ойыңызды нақ­тылауға көмектеседі. Қатты құлазы­ған кезде, радиодан дәл сол күйді бейне­лей­тін әннің қосылып кетуі. Бір адам түсінде танысын көріп, ертесіне сол адамды кездестіруі. Тіпті, кей адамдар жа­қын адамына қатыс­ты бірдеңе бола­ты­нын іштей сезеді. Кейін сол сәтте әлгі адамға шынымен де бір жағдай болға- н­ын естіп жатады. Мұндай жағ­дайлар әсіресе аналарда жиірек кез­десіп жатады. «Ана жүрегім сезді ғой» деу­ші еді ондай сәтте. Мұндай сәйкестік­тер­ді адамдар кездейсоқтық деп түсіндіре алмай, олар­ды терең мағынамен байла­ныстыруға бейім болады – бұл синхрония­ның басты ерекшелігі.

Ғылым не дейді?

Классикалық ғылым синхронияны көбіне когнитивті қателіктердің немесе селекциялық қабылдаудың нәтижесі деп түсіндіреді. Яғни, біз мағынасы бар сәйкес­тіктерге назар аударамыз, ал мәнсіздері жайында ұмытып кетеміз. Скептиктер бұл құбылысты сәйкестікке мән беретін адам­ның бейімділігімен түсіндіреді, яғни ми кез­дейсоқтықтарды мағыналандырып көру­ге тырысады. Дегенмен кванттық фи­зи­ка мен бей­саналық процестер арасын­дағы байлан­ыс­ты зерттейтін кей ғалымдар синхро­ния­да терең жүйе болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Философияда син­хронияны онтологиялық және эпис­темологиялық мәселелермен қарастыра­ды. Рационалистер мұны психикалық про­цестің кездейсоқ өнімі десе, метафи­зиктер синхронияны Жаратушының «көрінбейтін саусағы» деп санайды. Иә,  феномен тек Карл Юнгтің идеясы ғана емес, бұл ұғымды өзге де ғалымдар әр­түрлі тұрғыдан зертте­ген. Ғалымдар М.Йохансен мен М.Осман когнитивтік ғы­лым тұрғы­сынан синхро­ния­ны ра­цио­налды когни­ция және дәлел­деу қисынына бейімділік арқылы түсіндір­еді. Олар адамдардың мағыналы сәйкес­тіктерді байқауға бейім екенін, бұл құбыл­ыстың психологиялық негізі бар екенін айтады.
Иә, синхрония құбылысына қатысты тікелей ғылыми эксперименттер өте аз, себебі бұл құбылыстың бейсаналық, субъективті және бақылауға қиын си­паты зерттеу жүргізуді күрделендіреді. Дегенмен синхронияны жанама түрде растайтын немесе сол құбылысқа ұқсас механизмдер­ді зерттеген бірнеше маң­ыз­ды психология­лық және нейроғы­лыми зерттеу бар. Мәселен, ғалым Майкл Шермердің адам­дар кездейсоқ­тық­тың өзінен де мағына іздейді дейді. Ол тәжірибе барысында адамдарға кез­дейсоқ дыбыстар естірткен. Кейбір топ­қа «бұл дыбыстарда жасырын сөздер бар» деп айтылады. Сол топтағы адамдар ды­быстардан сөздер естігендерін ай­тады, ал қалғаны ештеңе байқамағанын жеткізеді. Ғалымдар нейробиологиядағы «айналаға үйлесімділік» деген термин де енгізеді. Бұл термин екі немесе одан көп адамның ми толқындарының бір-бірі­мен үйлесіп кетуін сипаттайды. Зерттеу­лер көрсеткендей, адамдар бір тақырып­та әңгімелесіп, эмоциялық жақындыққа жеткенде, олардың мидың электрлік белсен­ділігі синхрондана бастайды екен. Бұл «нейро-синхрония» деп аталады. Бұл феномен синхронияның биологиялық деңгейде де болатынын дәлелдеуге ба­ғыт­талған. Ал Дин Радин сияқты зерт­теу­шілер синхронияға сенудің адамның діни, ру­хани сенімімен тығыз байланысы бар екен­ін анықтаған. Эксперименттер бары­сын­да рухани адамдар кездейсоқ сәйкес­тік­терге көбірек мағына берсе, скептиктер бұны кездейсоқ деп санаған.
Кванттық физикада синхрония құ­бы­лысы тікелей зерттелмесе де, кейбір кванттық ұғымдар мен синхрония ара­сы­нан философиялық немесе мета­фора­лық байланыстар жиі жасалды. Мәсе­лен, кванттық байланыс ұғымында, екі неме­се одан да көп бөлшек бір-бірі­мен байла­н­ысқа түсіп, оларды кеңістік пен уақыт бөл­се де, бір бөлшектегі өзгеріс екінші­сіне бірден әсер ететінін білдіреді. Кей фило­софтар мен психо­анали­тиктер мұны «психикалық және физикалық про­цестер арасындағы синх­ронды үйлес­імділік» деп түсіндіреді. Демек, адам бір оқиғаға мән берсе, сол оқиға «мағынаға ие» болады. Көптеген қазіргі квант­тық физиктер синхронияны ғы­лы­ми емес, метафоралық түсінік ретінде қарастырады. Себебі кванттық байланыс субатомдық деңгейде жұмыс істейді, оны адамның санасымен байлан­ыстыру дәл­ел­денбеген. Бірақ синхрония туралы идеялар кванттық философия­мен үндес­іп, әсіресе руханитанымдық ортада кеңінен тараған.
Бір қызығы, синхрония ұғымы Шы­ғыс философиясында да кездеседі. Дао­си­зм­де «Дао» ұғымы арқылы әлемдегі үй­­лесім­ділік пен табиғи тәртіп түсіндірі­леді. Иә, синхрония құбылысы көптеген мәдениетте мистикалық немесе діни ма­ғынаға ие. Шаманизм, индуизм, буд­дизм, ислам сопылығы және христиан мистицизмінде де адамның ішкі рухани күйі мен сыртқы әлем арасындағы үн­дес­тік туралы айтылған. Мұндай сәттер «белгі», «жол сілтеу» немесе «тағдырдың нышаны» деп қабылданады.

Қазақ танымындағы синхрония

Сөз киесіне мән берген қазақ әрқа­шан жақсылыққа ырым етеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз бен шындық­тың мағыналық байланысын мойында­ған. Түсті жақсылыққа жору – шынайы өмірге тікелей әсер етеді деп сенген. Иә, қазақ дүниетанымында синхрония феноменіне ұқсас ұғым мен түсінік көп. Бұл құбылыстар көбіне тылсымға сенім, тәңірлік таным, сезімдік байланыс, ырым­шылдық және мақал-мәтелдер арқы­лы көрініс табады. Тіпті, бертін келе оң көз тартса қуаныштан үміт етіп, сол көз тартса көңіліне алып, алақан қы­шыса ақша келеді деп сенетін жұрт арасында кең тараған мынандай бір әзіл бар. «Екі дос әңгімелесіп тұр. – Бауырым сол қолым қышып жүр. Бұл ненің белгісі?. Екіншісі: – Демек, жақын арада ақша келеді, – дейді. – Оң қолым да қышып жүр. – Бұл жақын арада бір адаммен амандасасыз, танысасыз деген белгі. – Аяғым да қышып жүр.  – Сапарға шығасыз. – Құлағым да қышып, мазам болмай жүр. – Демек, жақсы жаңалық естисіз. – Соңғы уақытта арқам да қы­ши­тынды шығарды. – Бауырым саған мон­шаға бару керек қой, – дейді шыда­май кеткен досы. Бұл әзіл де болса әрбір нәр­седен мән іздейтін адамдардың бар­лы­ғын, синхронияның табиғатын сурет­тейді. Жоғарыда айтқан   «Есекті айтсаң, құлағы көрінеді» деген сөз де бекер туындамаса керек-ті. 
Юнг айтқан «түйсік пен бейсаналық әлемнің көрінісі» жайында айтар болсақ, сөздің киесіне сенетін ақын-жазушылар арасында болашаққа болжам жасаған шығар­малар жоқ емес. Тіпті, көп десек те болады. Соның ел арасында кең та­рал­ға­ны Мұқағали Мақатаевтың өзінің ақтық уақытын болжауы. «Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде...». Расында да, ақиық ақын қырықтың бесеуінде ауру­хана төсегінде мәңгілік ұйқыға кетті. Жас­тай қыршын кеткен адуынды айтыс­кер Оразалы Досбосынов әуелгі сөзін:
«Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын», – деп бастайтын дейді көзін көрген әріп­тес­тері. Шынында, Оразалы ақын жасы отыз­дан аспай, небәрі 29 жасында жа­рық дүниемен қош айтысып кете бар­ды.  Мәнерлеп сырғанаудан спорт ше­бері Денис Теннен «спортта қай жас­қа дей­ін жүресің?» деп сұрағанда, «25 жасқа дей­ін» деп жауап берген. Ақыры, жас талант 25-ке жетпей кісі қолынан қаза табады. Әр сөзіне кие сіңдіре біл­ген тағдырлы ақын Маралтай Райым­бекұлы өзінің бір сұхбатында «У қай­тару» атты өлеңінің тарихы жайында айта келіп:
«Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез!» деген өлеңді жазғанда әлі Көк Туымыз Мемлекеттік Ту ретінде қабылданба­ғанын айтады. Біршама жылдан соң ғана дәл өлеңде суреттелгендей тәуелсіз елдің Туы қабылданған екен. 
Мұндай мысалдар жетерлік. Бұл сенім­дер – физикалық құбылыстар мен әлеуметтік не рухани оқиғалардың арасындағы себепсіз, бірақ мағыналы байланысқа негізделеді. Қазақ фольк- л­оры мен ауыз әдебиетінде де син-хрония­ны меңзейтін тұстар өте көп. Бұл фено­мен тек ғылыми контексте ғана емес, мәдени-рухани код ретінде де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік. 

Тұлғалар өміріндегі тылсымдар

Иә, синхрония феномені танымал тұлғалардың өмірінде де кездескен. Енді сол мысалдарға кезек берсек. Синхрония ұғымын алғаш ұсынған Карл Юнг өзінің науқасымен сеанс кезінде синхронды жағдайды бастан өткергенін жазған. Науқас түсінде алтын қоңызды көргенін айтып жатқанда, дәл сол сәтте Юнгтың терезесіне скарабейге ұқсайтын (алтын түсті қоңыз) жәндік соғылған. Женевада өте сирек кездесетін жәндіктің дәл сол уа­қытта терезеге соғылуы өте таңғалар­лық еді. Дәл осындай оқиға британдық психоаналитик Артемид Николаидестің де басынан өткен екен. Науқасымен бала кезде ата-анасымен түскі ас ішіп отыр­ған­ында күміс қасықтың терезеден түсіп кеткенін айтады. Сол сәтте, кабинеттегі ашық тұрған терезе сыртынан күміс қасық ұшып, еденге түседі. Кейін қас­ықтың көршілес кеңседегі асханадан түскені анықталған.
Америка президенті Авраам Лин­кольн туралы тылсым да қызық оқиға­лар жетерлік. Ол өзінің өлімінен бірнеше күн бұрын түсінде Ақ үйде өз мәйітін көргенін айтқан. Түсінде ол қара киінген адам­д­ардың бір бөлмеде жиналып, «Пре­зи­дент өлтірілді» дегенді естіген. Бұл түсінен кейін ол көп ұзамай қаза табады. Тарихта дәл осы Авраам Линкольн мен АҚШ президенті Джон Кеннеди ара­сындағы көптеген сәйкестік те таңғал­дырмай қоймайды.  Екеуі де жұма күні, бастарына оқ тиіп қаза тапқан. Екеуі­нің де фамилиясында 7 әріп. Линкольн 1860 жылы, Кеннеди 1960 жылы президент болып сайланған. Екеуінің де артында вице-президент қалған, фами­лия­лары Джонсон әрі екеуі де оңтүстік штаттан шыққан. Линкольннің хатшы­сы «Кен-неди», Кеннедидің хатшысы «Линкольн» деп аталған деген де аңыз тараған деседі.
Артынан мол аңыз қалдырған «Тита­ник» апаты да синхронияның нағыз мысалы десек болардай. 1898 жылы жазушы Морган Робертсон «Futility, or the Wreck of the Titan» (Қажетсіздік не­ме­се Титан апаты) атты роман жазады. Бұл шығармасында «Titan» атты үлкен, суға батпайтын кеменің солтүс­тік мұзды мұхитта айсбергке соғылып апатқа ұшы­ра­уы сипатталады. Кемеде жеткілік­ті құтқару қайықтары болмауы – басты мәселе ретінде алынған. 14 жыл өткен соң, 1912 жылы шын мәнінде «Титаник» айсбергке соғылып, дәл кітапта сипат-талған апат орын алды. Кеме атауы, апат уа­қыты, құтқару қайықтарының жетіс-пеуі таңғаларлық ұқсастық. Ал жазушы Марк Твен 1835 жылы Галлей кометасы Жерге жақын­даған кезде дүниеге келген. Ол өз сөздерінің бірінде  «Мен Галлей комета­сы­мен бірге келдім және ол қайта орал­ғанда мен де кетемін», – деген. Расында, Марк Твен 1910 жылы дәл сол комета Жерге жақындаған күні қайтыс болды. Атақты актер Энтони Хопкинстің басы­нан өткен оқиға да еріксіз бас шайқата­ды. Ол «The Girl from Petrovka» фильміне дайындалып жүріп, фильм негізіндегі ро­манның көшірмесін таба алмай қина­ла­ды. Кітап дүкендер­інде де жоқ. Сол күні метро аялдама­сында ол орындықта жатқан бір кітап­ты көреді. Аңдап қараса дәл өзі іздеп жүрген роман болып шығады. Кейін белгілі болғандай, бұл кітапты жоғал­тып алған роман авторы Джордж Фай­фердің өзі екен.
Эдгар Аллан По өзінің «Артур Гор­дон Пимнің оқиғасы» (1838) романында теңізшілердің аштықтан аман қалу үшін экипаждағы Ричард Паркер атты баланы жеп қойғанын жазады. Бұл ой­дан шы­ғар­ылған шығарма болатын. Алайда 46 жыл­дан кейін, 1884 жылы дәл сондай оқи­ға орын алады.  Ричард Паркер есімді жігітті теңізде қалған серіктері шыны­мен де жеп қояды. Бұл енді ойдан шығар­ыл­ған оқиға емес, нақты тіркелген қыл­мыстық іс болатын. Мұндай оқи­ғаларды тізе берсек өте көптеп кездеседі. Мұның бәрі жай ғана конспирология болуы мүмкін. Десе де, адамдар мағына іздейтін бейсаналық механизмнің (синхрониялық интер­пре­тацияның) нақты мысалы ретінде жиі аталады.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары