Түсір еске есіл ерді, аты оның еді Абдолла...

Түсір еске есіл ерді, аты оның еді Абдолла...

Аңызға айналған Абдолла Жұмағалиевтің ерлігін саралап қарасақ, 80 жылдан астам газет-журнал беттерінде, радио, теледидар, соңғы жылдары әлеуметтік желілер арқылы дәріптеліп келсе де, ресми биліктен қолдау таппай келеді. Әрине, қан майданда ерлікпен қаза тапқан қазақ ақыны А.Жұмағалиев есімі ұлықтауға лайық деп әдеттегідей жыл сайын, әсіресе бес,  он жылдық атаулы датаға орай үздіксіз  айтылып келді.

2020 жылы 31 қантар күні Жәңгір хан ат­ын­дағы тарихи-этнографиялық музейі ұйым­д­астырған «Еленбеген ерлік» атты тари­х­и танымдық іс-шара соңында Абдолла Жұ­ма­ғалиевке «Халық Қаһарманы» атағын беру жөнінде Жәңгір хан университетінің студент­тері челендж жариялаған еді. 12 ақпанда Ба­тыс Қазақстан облысы әкімінің есебі кезін­де Сырым ауданы халқының ұсынысы қолдау тауып, Президент Әкім­шілігі аппаратына қажетті құжаттар жол­данды. Жауап болмаған соң, 1943 жылы Абдолла Жұмағалиевтің ерлі­гі туралы «Ақын-герой» атты мақала жария­лаған Egemen Qazaqstan («Социалистік Қа­зақ­стан») газеті 81 жылдан кейін (9 мамыр 2024 ж.) «Оның аты Абдолла еді» деген мақала жария­лады. Сондықтан тиісті органдар халық­тың ұсынысын жан-жақты талқылап, Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығы қарсаңында әділ шешім қабылдауға уақыты жеткілікті еді. Бірақ олай болмады. 2025 жылы Орал қала­сының бір көшесіне ақын герой Абдолла Жұмаға­лиевтің атын беру ұсынысы да қолдау тап­пай қалды. Себебі талап бойынша кейіп­кердің кемінде екі ордені болуы шарт екен. Екі орден екі жыл шайқасқа қатысқан әскерде болуы мүмкін. Ал алғашқы онкүндік шайқаста шейіт болған Абдолла Жұма­ғалиевпен бірге қаза тапқан жауынгерлер де марапат алмаға­ны анық. 
Ерліктің еленбей қалуының бірнеше себебі бар. 1941 жылдың 4 қазанында ша- буы­л­ға шыққан жау 8 қазан күні резервтегі Ба­тыс және Брянск майданы әскерлерін тас-талқанын шығарып, қас-қағым сәтте бес ар­мия­ны жойып жібереді. Вяземь қазан­дығында қоршауда қалған 700 мың әскер мен мыңнан астам танк пен 5 000 зеңбіректі қолына түсірген жау 120 шақырым алға жылжиды. 
Сөйтіп, 14 қазанда Калинин (Тверь), 15 қазан күні Можайск қалаларын басып алады. Ол – бір.
Екіншіден, майданның күйреуінен Мәс­кеу қаласына қауіп төнген соң 1941 жыл­дың 15 қазан күні Политбюро мүшелеріне эвакуа­циялануға құпия   бұйрық беріледі. Куйбышев (Самара) қаласын екінші астана ретінде таң­дау себебі, ол Еуропа құрлығында және Вол­га өзенінің сол жағалауында болуы жау­дан табиғи қорған деп есептелді. 
Ал 16 қазанда Сталиннің өзі Куйбышев (Самара) қаласына көшетін болады. 
Құпия қаулы туралы өсек тараған сәтте астанада дүрбелең, жаппай қашу мен тонау басталып, хаосқа ұласады.    
16 қазан күні Батыс армия резервіндегі 316-атқыштар дивизиясы Волоколамск қаласы аймағын қорғауға кіріседі. 
Осы кезде, Мәскеу табанына жеткен фельдмаршал Гудериан: «Кешкі асты Мәскеу төрінде ішеміз», – депті. Жан сақтауға көшкен астаналықтар төтенше жағдайда жан-жаққа көшіп жатады. Жоғары билік, қорғаныс ставка басшыларының өзі бронепойызға отырып майданнан хабар күтеді. Мақсат – фа­шис­тер қорғанысты жарып өтсе, Куйбышев қаласына көшіп-қону. Сондықтан майданда жан алысып, жан берісіп жатқан әскерилердің ерлігін хаттайтын күш те, уақыт та болмаған. Сөйтіп, осы аралықта ерлікпен мерт болған бірде-бір сарбаз да, тірі қалған жауынгер де орден түгілі медаль, алғысхат алмаған.  
Биыл Волоколамск қаласына ұйымдас­тырылған экспедиция кезінде осы деректі естідік. Бір қадам шегінуге тыйым салу бұйрығын бере тұра жоғары билік 316-ат­қыштар дивизиясының ерен ерлігіне сенбеген сияқты. Ол ол ма, Волоколамск қаласын 1941 жылы 26 қазан күні жауға тап­сырдың деп Рокоссовский мен Пан­филовты әскери три­бунал­мен соттап, ату жазасын белгілеп қояды. Алайда тексеруге жіберілген тергеушілер олар­ды ақтап шығады. Сондықтан Воло­коламск қаласы мен деревняларды қиратпай қаз қалпында сақтап қалған Иван Васильевич Пан­филовты, Бауыржан Момышұлы мен Пан­филов дивизиясының жауынгерлерін Во­лок­оламск қаласы мен округ тұрғындары әр кезде пір тұтады. Өйткені қала мен дерев­ня­ларды қорғау мүмкіндігі сарқылғанда жау­ға шайқаспай тапсырып, ен далада со­ғысқан. Экспедиция кезінде неге саяжайлар аз, құрылыс неге салынбайды дегенде, себебі өңір аймағында панфиловшылардың сүйе­гіне толы деді тұрғындар. 
Сөйтіп, Рокоссовский мен Панфилов әскери шеберліктің үлгісін көрсетіп, 1941 жыл­дың 27 қазан күні майданды қайта тұ- р­ақ­тандырады. Оған себептің бірі Новинки деревнясы тұсындағы өткелден өткізбеген Абдолла Жұмағалиев басқарған бөлімшенің ерлігі екені де айдан анық. Қансыраған фа­шис­­тің үш жаяу дивизиясы мен бір танк ди­визиясы шегініп, қайта күш жинауға кірі­седі. Соның арқасында билік Мәскеу қаласын тонауды тоқтатып, тәртіп орнатуға мүмкіндік алып, 1941 жылдың 7 қараша­сында әскери парад ұйымдастырады.   
Іле-шала, 316-атқыштар дивизиясының ерен ерлігіне көзі жеткен жоғары билік есін жиып тарих алдында өзін ақтап қалу үшін қолынан келгенін жасайды. Сөйтіп, 
Г.Жу­ков 20-27.10.41ж. Волоколамск опера­циясы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 316-ат­қыштар дивизиясының жеке құрамын гвар­дия атағы мен Кызыл Ту орденімен наград­тау­ды ұсынады. Олай болса, қатар­дағы жауынгер Абдолла Жұмағалиев та гвардия жауынгер аталып, Қызыл Ту ордені иегері атанды деуге болады. КСРО батыры атағын алған 28 пан­филовның өздері қай энциклопедияны қарасаң да баяғы қатар­дағы жауынгер, сер­жант деп жазылған. Негізінде, олар гвардия жауынгері, гвардия сержанты деп аталуы керек еді. Бірақ расында олай болмады. Формализмге жол берген Қорғаныс минис­трлігі республикалық ономастика комис­сиясына астарлы бейресми нұсқау беріп отыр. Екі ордені болмаса, ерлігін қоғам мой­ындаған батырға да көше атауы беріл­мейді екен. Сонымен қатар кезінде еленбей қалған ерлікті саралау тетігі де ойластырылмаған. Заңды тетік болмаған соң бір-біріне сілтеп, жауап­кершіліктен басын алып қашқан жерде іс тынбайды. Сондықтан Отан үшін шейіт болған батырдың ерлігіне адал баға бере-
тін тетік ойластырылып, заңмен қорғалу керек. 
316-атқыштар дивизиясының ерен ерлігін лайықты бағалауға үндеген маршал Георгий Жуковтың өзі: «Менен соғыс несімен есте қалды деп сұрағанда, бірден Мәскеу үшін шайқас деймін. Ол тарихи шайқас – дұшпан­дардың «Барбаросса» жоспарының быт-шы­тын шығарған жеңісті шайқас!», – деп еске ала­ды. Осы тағдыршешті ұрыста ортақ жеңіс­ке 316-атқыштар дивизиясының, олардың жеке құрамының қайтпас қайсарлығы қом­ақты үлес қосты. Сол тағ­дыр­шешті ұрыс кезін­де Абдолла Жұма­ғалиевтің болғаны, көптің бірі болмай, намысты ту етіп, жарқыр­ай көрінгені ұлты үшін өнеге. «Ақын Абдолла Жұмағалиев Отан үшін майданда от болып жанып кетті. Оның алауы әлі сөнген жоқ. Сөнбек те емес: Ол – мәңгілік алау», – дейді Қадыр Мырза Әли. Олай болса, Абдолла Жұ­ма­ғалиевтің ерлігін қастерлеу мақсатын­дағы біздің ісіміз де мәңгі болу шарт. 
Абдолла Жұмағалиев 1941 жылдың шілдесінде Ортаазиялық әскери округке қарасты Алматы қаласындағы Фрунзе қалалық әскери комиссариаттың шақыртуы­мен 316-атқыштар дивизиясы, 1075-атқыш­тар полкі құрамында майданға аттанды. Жау­жүрек панфиловшылар 10 қазанда Батыс шептің 16-армия құрамында Конс­тантин Рокоссов­ский­дің басшылығы­мен ең негізгі аумақ – Волоколамск тас жолының қорғаны­сын қам­тамасыз етті. Ерекше қабілетімен көз­ге түскен Абдолла Жұма­ғалиев 203-арнау­лы барлаушылар ротасында қызметке кірісті. Екі тілді жетік білетін ол, әскери корреспон­дент болуға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда пулеметші болуды мақсат тұтқан Абдолланың арманы Новинки ауылында болған ақырғы шайқасында ғана орындалды. 1-батальонның атқыштар рота­сы­ның взвод пулеметшісі Абдолла Жұма­ғалиев 1941 жылдың 26 қазан­ын­да неміс әскерлеріне қарсы тұру туралы бұйрықты орындау бары­сын­да ерлікпен қаза тапты. 
Абдолла Жұмағалиевтің жанкешті ерлігі жайлы баяндайтын мол деректің бірі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында  рота командирі В.Гри-горьевтың «Советская гвардия» әскери газеті тұпнұсқа қиындысында сақталған «Писа­тель – герой!» атты мақала.
1943 жылғы 13 қаңтарда «Социалистік Қазақстан» республикалық газеті аталған мақаланы қазақ тілінде басып шығарды. Бұл құжаттай құнды мақаланың көшірмесін журналист Бауыржан Ширмединұлы «Сырым елі» газетінің 2020 жылғы 21 ақпан­дағы №7 санында жариялады. Командирдің бұл мақаласы – Абдолланың ерлігіне беріл­ген алғашқы тарихи баға еді. Сөйтіп, Қазақ­станның бас газеті дала перзенті Абдолланың адам айтса нанғысыз ерлігін жалпақ жұртқа паш етті. Кейін ақын Әбу Сәрсенбаев 316-ат­қыштар дивизиясының құрамында Мәскеу қорғанысын қамтамасыз етуге қатысушы ретінде «Ақын жүрегінің алауы» атты мақала жариялап, онда Абдолла Жұмағалиевтің қайт­пас қайсарлығына куә қаруластарының атын атап, түсін түстеп, нақты деректер келтіреді. «26 қазан. Таңсәрі. Артиллериялық канонада. Қиян-кескі шайқас кезінде жау әскерлері бақы­лауға алған үйде басын қатерге тіккен үш жауынгер қалды. Олар Абдолла Жұмағал­иев, Иван Дунай, Әбіл Құндыбаев». Демек, кейінгі екеуі Абдолланың ерлігін көзбен көр­ген қаруластары. Жау­жүрек жігіттің батыр­лығы туралы жар сал­ған да – сол екеуі. Гвар­дия капитаны В.Гри­горьев те «Писатель – герой!» мақаласын Иван Дунай мен Әбіл Құндыбаевтың баян­хаттарының негізінде жазып шықты. Экс­педиция кезінде анықтал­ғаны, бірнеше қаруласы мерт болған соң, Абдол­ла Жұмағалиев Иван Дунай мен Әбіл Құн­дыбаевқа шегінуге бұйрық берсе керек. 12 шақырым жердегі Щекено мекеніне жеткен­мен, олар да көп ұзамай ерлікпен қаза таба­ды. Ол туралы деректі ОБД Мемориал сайты да растай түседі. Дәл сол ұрыста мерт болған полк жауынгерлері қатарынан, тарихта тек осы үш адамның есімі хатталып, сөзсіз батыр атағына лайық тек қана Абдолла Жұмағалиев деген. Тарих сыны­нан өткен осы әділ пікірдің туын біз биік ұс­тап, жығып алмауымыз керек. Себебі қанша бабаларымыз хабарсыз кетті. Бұл – қазақтың әр отбасына тән. Жадымызда тек қана есімі қалды. Басқа дерек жоқ. Мысалы, менің атам Төлепов Ибат дерексіз кетті, еске аламыз, бірақ еш талап ете алмаймыз. Себебі хатталған дерек жоқ. Ал тарихта хатталып, еленбеген ерліктің құнын сұрау ұрпақтың заңд­ы талабы. Осы жерде айтайын дегенім, Иван Дунай мен Әбіл Қондыбаевты жоқтаушы жерлестері бар ма екен? Бір деректер бо­йынша, олар – Қырғызстан тумасы. Алматылық болуы да мүмкін. Оны анықтап үлгермедім. Себебі 2020 жылы наурыз айындағы Алматы қа­ласындағы зерттеуім коронавирус эпи­демия­сына байланысты тоқтап қалды. Бір анығы, Алматыдағы әскери комитетінің архивінде соғысқа шақырылған тізімде Абдолла Жұма­ғалиевтың де, Иван Дунай мен Әбіл Қондыбаевтың есімі бар. Бірге соғысқа шақырылып, майданға бірге аттанған тарихи тұлғалар. Панфилов дивизиясында бірге болған ақын-жазушылардың арқасында олардың есімі мен ерлігі тарихта сақталған.  
Абдолла Жұмағалиевтің ерлігі ресми билік атынан тиісті бағасын алмағанымен, замандас ақын-жазушылар берген әділ бағасын қазақ халқы ұмытпайды. Атап айтсақ, 1944 жылы «Социалистік Қазақстан» республикалық газетінде «Абдолла!» поэмасы жарық көрді:

Құдірет күші, жер-жаһанның 
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп,
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек! – деп келетін от-жалынға толы шумақтарды жазған аға досы, әріптесі Қасым Аманжолов еді. Қасым Аман­жолов өзінің үзеңгілес досы, ақын-ба­тыр­дың ерлігіне арнап жалғыз әрі мәңгі ескерт­кішті орнатты! «Ешбір батырға мұндай поэти­калық ескерткіш орнатылған емес! Ор­на­тыла да қоймас. «Абдолла» – теңдесі жоқ көркем туын­ды», – деп топшылайды Қазақтың Қадыры. 
1948 жылы жазушы Дмитрий Снегиннің 316-атқыштар дивизиясының 857-артилле-рия­лық полкінің құрамында соғысып, май­дан­ның ортасындағы оқиғаларды көзімен көрген соғыс жауынгері әрі мұрағат құжат-тарын қа­зы­қтай пайдаланған қаламгер ретін­де жаз­ған «На дальних подступах!» атты по­весі жар­ық­қа шықты. Экспедиция кезінде Дми­трий Снегин жазған деректер дәлме-дәл келіп, Абдолланың соңғы шайқасының орны табыл­ды. Сондықтан Снегиннің мемуар жан­рын­дағы бұл шығар­масы тарихи оқиғалардың дерек­теріне бай әрі көп дерекке бағалы екені тағы да дәлелденді.
Повестің басты кейіпкерлері – генерал В.Панфилов, аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, ақын Абдолла Жұмағалиев және Брест қамалын қорғаушы, болашақ оқымыс­ты, ғалым В.Фурсов сияқты тарихи тұлғалар. Дмитрий Снегин өз шығармасында қатардағы сарбаз Абдолла Жұмағалиевті аңызға айнал­ған батырлардан бөле-жармай, оның ерлі­гіне ерекше екпін түсірді. Снегин түгілі, генерал Панфиловтың өзі де Жұма­ғалиевтің жау­жүрек­тігіне тәнті болатын. 
«Кейін ол (генерал И.Панфилов) тұтқын­ның «жабайы дивизия» деген сөзін ашумен еске алып, сол сәтте комиссардың Абдолла Жұм­ағалиевтің ерлігі жайында әңгімесі мен сол күні тыңдаған ақын өлеңін жадында жаң­ғыртты. – Редакторға айтып, қайсар пуле­метшінің жазған өлеңі мен жасаған ерлігін газет бетінде жариялау керек. Артта қалған отбасының қайғысын бөлісіп, оның Отаны­на лайықты хат жөнелту керек! – депті Пан­фи­лов». Лайықты хат дегені  – нағыз ба­тыр­дың, нағыз қаһарман қазақтың өлгенін ел білсін дегені болар, бәлкім?! Тіпті, Абдол­ланың «Халық қаһарманы» атағына лайық екенін Снегиннің өзі жазғандай әсердеміз. Дмитрий Снегин араға біраз жыл салып, дәлірек айтқанда, 1961 жылдың 30 тамызында бұл тақырыпқа қайта оралды. Ол Абдолланың ағасы Ғұбайдолла Жұмағалиев­ке хат жазды. 
– Сіздің бауырыңыз Абдолламен мен шын мәнісінде Панфилов дивизиясында бірге қызмет еттім. Ол атқыштар, ал мен артил­лерия­лық полкте болдым. Соңғы рет оны 1941 жылғы қазанда, Мәскеуден шалғайдағы кіреберісте фашисттермен болған кескілескен шайқас кезінде көрдім. Тізерлеп өмір сүргеннен гөрі тұрып өлгенді жөн санаған жауынгер Отанының үлкен жүректі ұлы бола білді. Осындай бауырмен тек мақтануға бола­ды! Абдолланың ерлігі дәріптелген «Шалғай­дағы кіреберісте» атты кітабым да сіздің жеке қорыңызда бар екеніне сенемін.
Дмитрий Снегин аталған повесте бар­лау­шы Абдолла Жұмағалиев пен кіші коман­дирдің ұрыс алаңындағы алдын ала болжамы дәл келгенін баяндайды. Танктер әбден жү- р­ілген жолмен 1-батальонның қорғанысына шабуыл жасайтыны болжанған. Ойлы-қырлы, көлік­тердің жүруін қиындататын тұстарда басқа бөлімдер орналасқан еді. Айтса айтқан­дай фаш­истер 316-атқыштар дивизиясы 857-арт­иллериялық полкінің артдивизионы қол­дауымен 1-атқыштар батальоны қорған­ыс­ты қамтамасыз етіп тұрған Новинки ауыл­ы­на негізгі соққыны берді. Қысылтаяң сәтте Абдолла Жұмаға­лиевтің пулеметшілер вз­воды­на фашистердің жақындауына жол бермей әрі батальонның шегіне отырып жаңа тәртіпке көшуін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. «Ұрыс күннің екінші жартысына де­й­ін жалғасты. Оқ дауыстары, әсіресе Абдол­ла болған сарай жақтағы тарс-тұрс дауыс саябырсыды. Тоқтады. Немістердің снаряды да көк жүзін шарлауды қойды. Фашистердің де қару-жарағы отқа оранды. Бәрі өртенді. Қырдың пулеметшісі де қаза тапты... – деп, жаралы жауынгер өлім ауызында жатып қарула­сының ерлігіне қайран қалды. – Ол талай фашистің көзін құртты. Дұшпанға оқ жаудырып тұрып, өзінің тілінде... әндетті.... Осы­л­айша, Д.Снегин жау құрсауында қалған Абдолла Жұмағалиевтің алдында не күтіп тұрғанын біле тұра ән шырқап шайқасқанын жазады. Бұл – намыстың әні, бұл – асқақ рухтың әуені еді.
Экспедиция барысында «Панфиловец» іздеуші клуб жетекшісі Бобинов Сергей Николаевич Абдолла екі қабатты бөрене ағаш­тан соғылған қамбада бекінген дейді. Алынбас қамалға айналған қамбаны фаш­ис­тер ақыры өртеп тынады. Ұрыс-шайқастан кейін осы Новинки деревнясында үш үй ғана қирап, тұрғындары аман қалған. Сондықтан Новинки деревнясының байырғы тұр­ғындары повесте келтірілген ерлікті 1941 жылы 26 қазанда болғанын куә ретінде сан рет растаған. Алғашқы зерттеуді 1990 жылы жүргізген С.Бобинов соңғы шайқасты көзі көрген қариялардан естігенін айтты. Біз жіберген мақаламен танысып, өзінің жазбаларын ақтарып салыстырғаннан кейін Абдолла Жұ­ма­ғалиевтің соңғы шайқасы болған орын­ды нақты аңықтағанын айтады. 2000 жылы дәл сол жерге үй тұрғызылған екен. Біз де басына бар­ып көрдік. Ерлікке тағзым етіп Құран бағыштадық. Лезде қалың бұлттар сейіліп дәл сол жерге күн сәулесі жарқырап түсті. Аспанда қатарынан үш кемпірқосақ жарқырап шықты. Тылсым күштің құдыреті. Қазақ оны аруақ разы деп болжайды. Расында, жаназасы шығарыл­ғандай сапта тұрмыз. Сол сапта бізбен қатар қалың ел тұрғандай сезімде бол­дық. Ештен кеш жақсы дегендей, 84 жылдан кейін тағзым еттік.
Экспедиция барысында Абдолла Жұмаға­лиев 1941 жылы 26 қазан күні Новинки деревнясында ерлікпен қаза тап­қаны дәлелденді.  Ол жөнінде естеліктерінде Әбу Сарсенбаев, Дми­трий Снегин жазған. Бірақ та, рота коман­дирі В.Григорьевтың «Ақын-герой» атты мақаласы 1942 жылдың 6 желтоқсанында «Совет­ская гвардия» газетінде, 1943 жылдың 13 қантарында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көреді. Бұл қайшылықтың себебін былай тарқатуға болады. Кезінде, Мән­шүк Маметованың ерлігі туралы естіген әс­кери тілші Мәлік Ғабдуллин бірнеше айдан кей­ін зерттеп мақала жазады. Мәншүк Мам­етова Кеңес Одағы батыры атағына лайық деген ұсынысы қолдау табады. Сол сияқты, Абдолланың ерлігі мен адами қасиеттері туралы жылдар бойы мақала жазған Панфи-л­ов дивизиясы құрамында бірге болған Абдол­ла Жұмағалиевтің қаруластары ақын-жазу­шы­лар Әбу Сәрсенбаев, Дмитрий Снегинмен қатар Қалижан Бекхожин, Сағынғали Сейітов, Павел Кузнецов және Иван Нарцисов болуы әбден мүмкін. «Ақын-герой» атты шағын мақаланың желісі мен ой саптауы да қалам шебері жаз­ғанын дәлелдей түседі. Абдолла Жұмағалиев­тің шығарма­шылығы туралы филолог-ғалым Зейнолла Мүтиевтің жан-жақты саралаған «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жан­ғырту» атты монография­сынан оқып таны­суға болады. Қысқа қайыр­сақ: «Абдолла Жұма­ғалиев, алдымен, класси­калық ақын. Ақынның шығармашылығына назар аударушы әдебиетшілер мен әдебиет­тану­шылар Абдолланы философ, романтик, лирик ақын деп бағалайды. Ақын туын­дыларының тұла бойында оқырманын жіпсіз алға сүйреп отыратын, көзге көрінбейтін бір желі бар. Ол байланыс – адам сезімі мен ұғы­м­ына ерекше әсер ететін рухани күш боп қон­ыс тепкен. Аяулы сезім мен өршіл ерлікке құрыл­ған өлеңдер мазмұны азаматтық борыш пен адамдық ар-ұяттың алдында бас иеді. Мысалы, 1941 жылы жазылған «Талай тайғақ жерінде өткелектің» деп басталатын өлеңінде: 
Талай тайғақ жерінде өткелектің,
Бірде күліп, бірде жылап жасым төктім.
Бүгін міне арымды қалқан етіп,
Халқым үшін майданға сапар шектім.

Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын,
Көзім жұмып, құм көрпе оранармын.
Өлмен бірақ, бір кезде сыршыл ұлан
Болар менің мұрама оралар күн,
– деп жырлайды ақын болашағын дәл болжағандай.
Лирикалық кейіпкердің атынан сөз алған ақынның бейнелеу құралдары әр қазақ­тың жүрегіне жақын, дәстүрлі әдебиеттің сим-волды өрнектерінен өрілген. 
Таңнан туған тарихи
Ту көтере табыстан,
Жағаласқан жау болса,
Найзасына шанышқан;
Алтын таңның ұлымын
Даңқына жер қайысқан,
– деп жырлау – ол кезең үшін өте қауіпті болатын. Алайда Абдолла ақын өзінің тәуелсіз ойлы көзқарасынан айнымады.  
Дайынбыз аттан десе ел майданға,
Дайын тұр сауыт-сайман бар майданға.
Ұлымыз ер қазақтың өжет туған,
Бабасы садақ тартқан аспанда айға. 
(«Жастар әні»)
– деп келетін азат тіркестердің де сол заман үшін мән-мағынасы қаншалықты зор бол­са, кейінгі ұрпақты ұлтжандылыққа тәр­бие­леудегі қызметі бүгінге де керек. Олай болса:
Түсір еске есіл ерді,
Аты оның еді Абдолла, – деп Қасым ақын аманаттап кеткендей, соғыс өрті алыстай түскенімен, бүгінгі елі үшін отқа түскен ба­тыр­ының, аңыз адамның ерлігі лайықты бағаланғанын қалайды. Абдол­ламен бірге Отан қорғауға аттанған ақын-жазушы­лардың арқасында оның есімі мен ерлігі қазақстан­дықтарға тұтас танылды. Иә, біз де Отан үшін отқа түскен батыр ұл­дың ерлігі лайықты бағаланғанын қалай­мыз. Бұл – жаңа буынның да, аға буынның да, соғыс көрген майдан­герлер, тыл еңбеккерлері мен ардагерлердің ортақ тілегі, елдің сөзі.

Нұржан ТӨЛЕПОВ,
Музей ардагері,  өлкетану ісінің үздігі,
Астана қаласы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары