Мамандар жазғы депрессияның белгілері туралы айтты

/
Мамандар жазғы депрессияның белгілері туралы айтты
istockphoto

Қыста депрессияға түсіп, күзде уайымға бататын адамдар жайлы бәрі естіген болар. Бірақ кей адамдарда бұл мезгілдерде жай ғана көңіл-күй түсіп қана қоймай, денсаулығы да нашарлайды. Мұндайда дәрігерлер маусымдық аффективті бұзылыс (МАБ) диагнозын қояды, - деп хабарлайды Tengri Life DoctorPiter порталына сілтеме жасап. Енді жазғы МАБ та болатыны белгілі болды.

Жаз, әдетте, көтеріңкі көңіл-күй және қуанышпен өтеді. Алайда кей адамдарда жылы мезгілдер керісінше эмоционалды жайсыздық тудырады. Кейде бұл жайсыздық соншалықты күшейіп, тіпті жазғы маусымдық аффективті синдром туу мүмкін.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл синдром циркадтық ырғақтардың өзгеруіне аса сезімтал адамдарда жиі кездеседі. Сондай-ақ бұл бұзылысты көбіне ыстық пен ылғалды ауа райын көтере алмайтындар, күннің ерте шығуына байланысты ұйқысы бұзылатындарда жиі кездеседі.

Тағы бір маңызды психологиялық мәселе бар: көпшілік осы үш айда барынша көп нәрсеге үлгеріп, бақытты сезінуге тырысады. Бұл адамды шаршататын тұзаққа түсіріп қоюы мүмкін.

Жаз кей интроверттер үшін де ауыр мезгіл болуы мүмкін, өйткені әлеуметтік нормалар олардан көп энергияны талап етіп, белсенді шараларға қатысуды күтеді.

Сонымен қатар жаз мезгілі қосымша күйзеліспен қатар жүруі мүмкін: демалысты ұйымдастыру, оған ақша табу, балалардың каникул уақытына ойын-сауық ойластыру секілді.

Дәрігерлер жаз мезгілінде өзіңізден мына белгілерді байқасаңыз, дабыл қағуға кеңес береді:

ұйқысыздық және басқа да ұйқы бұзылыстары;

тәбеттің жоғалуы;

зейін қоюда қиындықтар;

ашуланшақтық;

көңіл-күйдің өзгеріп тұруы.

Жазда МАБ-қа шалдыққан адамдар үлкен қысымды сезінеді, тіпті қарым-қатынасты тоқтату туралы ойлай бастайды. Кейбіреулер мүлде әлеуметтік қарым-қатынастан бас тартуға тырысады.

Оған қоса, МАБ-пен ауыратын адам өзін кінәлі сезінуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары