Белгілі режиссер Ақан Сатаев Атырау қаласындағы кардиологиялық орталықта жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол ауруханаға түскені туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Режиссер әзірге денсаулығына қатысты мән-жайды ашып айтпағанымен, жақын арада жұмысқа оралатынына үміт білдірген.
«Қазір Атырау қаласындағы кардиоорталықта жатырмын. Мұнда түсуімнің себебін кейінірек айтамын. Ең бастысы, жақын арада бұл жерден шығып, түсірілім алаңына ораламын. Аллаға шүкір!» – деп жазды Сатаев.
Режиссер орталықтың дәрігерлеріне, қызметкерлері мен басшылығына кәсібилігі және науқастарға көрсеткен ерекше қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Қазіргі уақытта Ақан Сатаев Маңғыстау облысында батыр Төре Мұраттың өмірі мен ерліктеріне арналған «Қан мен серт» тарихи фильмін түсіріп жатыр. Картинаның кейбір көріністері табиғат аясында және тарихи орындарда түсірілуде.
Фильмге Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, актерлер Дінмұхамед Ахимов пен Болат Әбділманов қатысып жатыр.