Ақмола облысының 58 жастағы тұрғыны алаяқтарға 23 миллион теңге аударған

/
Ақмола облысының 58 жастағы тұрғыны алаяқтарға 23 миллион теңге аударған
istockphoto

Ақмола облысының 58 жастағы тұрғыны құқық қорғау органдарына көмектесіп жатырмын деп ойлап, алаяқтарға 23,6 миллион теңге аударып жіберген, деп хабарлайды turkystan.kz Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз біреу 58 жастағы әйелге телефон соғып, өзін оның директорымын деп таныстырған. Ер адам Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлеріне көмек көрсету керектігін айтқан.

Кейін әйелге «департамент қызметкерлері» хабарласып, оны заңсыз қаржылық операцияларға қатысыңыз бар деп айыптап, «қылмыстық схеманы ашу» үшін ынтымақтасуға көндіреді. Алданған әйел бірнеше рет кредит алып, депозитте жинаған ақшасын алып, алаяқтарға жалпы сомасы 23,6 миллион теңге аударған.

«Белгіленген схема бойынша жәбірленушімен жалған қызметкерлер хабарласып, оны заңсыз ұйымдарды қолдау үшін ақша аударғансыз деп қорқытып, алаяқтарды әшкерелеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге көндірген», - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.

Әйел полицияға тек үш аптадан кейін, 27 маусымда хабарласқан. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ақша аударылған есепшоттардың иелері анықталып жатыр.

Полицейлер азаматтарға өзін таныс, туыс, әріптес ретінде таныстырса да, бейтаныс тұлғалардың күмәнді бұйрығын орындамау керектігін ескертіп, сақ болуға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары