Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында бірнеше күн бойы туыстарының қоңырауына жауап бермеген 66 жастағы әйелге Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) құтқарушылары көмек көрсетті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Жақындарының алаңдауына себеп болған жағдайдан кейін олар құтқару қызметіне жүгінген. Оқиға орнына келген мамандар баспалдақ арқылы балконға көтеріліп, пәтерге терезе арқылы кірген. Пәтер ішінен құтқарушылар әлсіреп жатқан әйелді тауып, дереу жедел жәрдем шақырды.
Медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, зейнеткерді ауруханаға жатқызды.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға егер жақындары ұзақ уақыт байланысқа шықпаса, көмек сұрауды кешіктірмеуді ескертеді. Мұндай жедел әрекеттер адам өмірін сақтап қалуға сеп болатынын атап өтті.