Ақмола облысында мектеп түлегін соққыға жыққандар туралы ақпарат тарады

/
Ақмола облысында мектеп түлегін соққыға жыққандар туралы ақпарат тарады
istockphoto

Желіде Ақмола облысы Ақкөл қаласында мектеп түлегін ересек ер адамдар соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Мұндай мәлімдемені түлектің анасы жасаған. Аталған жайтқа қатысты өңірдің ПД өкілдері пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Оқушы анасының бейнеүндеуін kokshetautoday Instagram паблигі жария еткен.

"Сол күні менің ұлыма, 11 сынып түлегіне екі ер адам - А. (31 жаста) және В. (23 жаста) шабуыл жасаған. Алдын ала болжам бойынша олдар алкогольдік не есірткіге масаң күйде болған. Олардың бірі көлік басқарып келе жатып, бастапқыда ұлыма көлікпен тап берген, артынша екеуі көліктен шығып, есінен танғанша ұра бастаған. Соққыға жығып жатқан кезде олардың жанына Ақкөл АІІБ қызметкері келіп, шабуыл жасағандардың бірінен "бәрі дұрыс па?" деп сұраған. Олар оған дөрекі жауап бергеннен кейін, балам қанға бөгіп жатқанына қарамастан еш көмек көрсетпей кетіп қалған. Кейіннен 102 нөмері арқылы полиция шақырылған", - деді түлектің анасы.

Зардап шеккен мектеп түлегі бас пен беттің көптеген жарақатымен аурухана жеткізілгені хабарланды.

"Ол жерге шабуыл жасағандар да келді. Аз уақыт ішінде олардың жақындары да келіп, мені арыз жазбауға көндіре бастады. Бас тарттым, Ауруханада соққыға жыққандар өздерін дөрекі ұстап, ұлыма бейәдеп сөздер айта берді. Маған қоқан-лоққы көрсетіп, балағат сөздерді айтып, қорқыта бастады", - деді анасы.

Зардап шеккен тарап, сондай-ақ, қазіргі уақытқа дейін олар бостандықта жүргенін жеткізді.

"Ақкөл АІІБ маған істің тіркелгені туралы хабарлаған жоқ, жеке кабинетте де ол шықпады. Прокуратураға жүгінгеннен кейін ғана нөмірін маған айтты. Осы оқиғаға назар аударуды сұраймын. ІІМ-нен, бас прокуратурадан, Ақмола облысы әкімінен және ел президентінен істі бақылауға алуды сұраймын", - деп сөзін түйіндеді түлектің анасы.

Бұл жазбаға жауап ретінде Ақмола облысы полиция департаменті пікір қалдырған.

"Ақкөл қаласының 2007 жылғы тұрғынына қатысты бұзақылық әрекет жасау дерегі бойынша арыз жазылған күні ҚР ҚК 293 бабы, 2 тармағы бойынша (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі зерттеу аясында істің мән-жайы анықталып жатыр. Бұл қылмыстық істің тергелуі полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп жазылған жауапта.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары