Италия қалаларының бірінде Fiat Panda көлігінің ерекше нұсқасы көзге түсті. Оның шанағы қысқарған, дөңгелектері бір-біріне тым жақын орналасқан, ал жүргізуші ойыншық көліктің тізгінінде отырғандай көрінеді. Стандартқа сай емес өлшемдеріне қарамастан, көлік қала көшелеріне де шыққан, деп хабарлады turkystan.kz.
Ерекше көлік туралы видеолар әлеуметтік желілерде жылдам тарап кетті. Кейбір роликтер миллиондаған қаралым жинаған. Кадрлардан өте жіңішке көліктің Италия көшелерінде еркін қозғалып, өтіп бара жатқандардың таңданысын тудырғанын көруге болады.
Tengri Auto сайтының жазуынша, сыртқы көрінісіне қарағанда, бұл Fiat Panda-ның едәуір өзгеріске ұшыраған түрі. Ол қақ жарылғандай көрінеді. Шанағы соншалықты жіңішке, көлік ойыншық не заманауи арт-объектіге ұқсап тұр.
Дегенмен, көлікке нағыз бензин қозғалтқышы орнатылған, әрі видеодан оның біршама жылдамдықпен жүріп келе жатқанын байқауға болады.
Көлікті құрастырушыдан ресми пікір болмағанымен, әлеуметтік желі қолданушылары үнсіз қалмаған.
«Мұндай көлікті жарты бағасына алуға бола ма екен?», «Жылдамдық та, жүйкең де бұзылмайтын идеал көлік», «Бір сериалдан үзінді секілді» деген пікірлер жазды көпшілік.
Бұл ерекше Fiat Panda-ны нақты кім құрастырғаны әзірге белгісіз. Бірақ әлеуметтік желіде кең таралған видеолардың арқасында ол қазірдің өзінде «әлемдегі ең жіңішке көлік» деген атқа ие болды.