Қазанғап күйлеріне бала жастан қызықтым – Аягөз Нұрсұлтан

/
Қазанғап күйлеріне бала жастан қызықтым – Аягөз Нұрсұлтан
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақта күйшілер аз болмағанымен күй зерттеушілер көп емес. Сондай сиректің бірі – күйші, өнер зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Аягөз Нұрсұлтан. Біз онымен қазақ күйлерінің зерттелуі жайында әңгіме өрбітіп, көп жайға қанықтық.

– Әр өнерпаз өзі туған мекен­дегі музыкалық мұраны бойына сіңіріп, соған жастайынан бейім бо­лып өседі. Мәселен, көбіне елі­міз­дің батыс өңірінен шыққан өнер­паздар күйге, арқа жақтан ту­ғандар әнге, сіздің кіндік қа­ныңыз тамған Сыр өлкесінде дү­ниеге келгендер жыр-термеге бейім болып келеді. Ал сіздің күйге күйшілік жолды таң­дауыңыз­ға не себеп болды?

– Әрине, өзіңіз айтып отыр­ған­дай, әр өнерпаз кіндік қаны тамған жер­де өнердің қай түрі дамыса, соған бейім болып өседі. «Сыр елі – жыр елі» дейтін сөз көпке мәлім. Сыр бойы ежелден жыраулық өнердің ота­­ны екені рас, дегенмен мен өскен орта – Қаратау өңірі ән мен күйге то­лы ел ғой. Олай дейтінім, менің Нұрсұлтан, Айсұлтан ата­ларым, олар­дан өр­бі­ген өз әкем Еркінбек, әкем­нің ағасы Жар­қынбек, інісі – Қа­зақ­стан жұртына бел­гілі күйші, ком­п­о­зитор Бәден Айсы­нов сынды аға­­ла­рым өнерлі кі­сі­лер еді. Бала кү­нім­­нен әкем­нің өнеріне қызығып, ол тарт­қан күй­лерге қанық болып өс­тім. 
Ертемен әкем күй тартатын. Сол күй­лер әлі күнге дейін құлағымда. Олар – осы күнде тартылып жүрген Сыр бойының күйшісі Әлшекей Бек­тібайұлының туындылары, Темірбек Ахметбековтың «Жетім бала» атты күйі және де өз жанынан шығарған күйлер еді. Сол шақтан оянған домбыраға қызығушылық мені өнер әлеміне жетелеп келді.

– Білуімізше, атақты күйші Қа­занғап Тілепбергенұлының шы­ғармашылығына жасыңыз­дан құштар болыпсыз. Тіпті, кон­серваторияда Құбыш Мұхи­тов­тың класында оқып жүріп, Қа­занғап күйлерін жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетовтен де са­бақ алып, Қазанғап күйлерін те­рең игерген екенсіз. Қазанғап күйлері сізді несімен баурады?

– Қазанғап күйлерін мен бала кү­­­­німнен ауылдың ортасында таңер­тең­нен кешке дейін хабар таратып, қа­зақ ән-күйлерін тоқтаусыз беріп тұ­ратын радиодан тыңдап өстім. Ойлы, философияға толы күйлер ерек­ше баурайтын. Құлақта қалған сол күйлер кейін Алматы қала­сын­дағы Құрманғазы атындағы Ұлттық кон­серваторияға түскен кезімде есім­нен шықпай, Қазанғап күйлерін терең меңгерсем деген арманым бол­ды. 
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­­тың консерваториясында белгілі күй­ші Құбыш Мұхитовтың сыны­бын­да оқыдым. Екінші курста оқып жүр­ген кезімде Қазанғап күйлерін ше­бер орындап, осы заманға жеткізу­ші­лердің бірі Сәдуақас Балмағам­бе­тов­­тен сабақ алуға ықыласым ауды. Со­сын ауылдағы әкеме телефон ша­лып ойымды айтып едім, ол кісі «Ұс­­­­тазың қазақтың белгілі өнерпазы, оны сыйла. Биылша содан сабақ ала бер, келесі жылы рұқсатын аларсың» деп кеңес берді. Бірақ мен бір жыл күту­ге шыдамым жетпей, Құбыш ағай­ға ойымды айтып, сол кісінің ра­зылығымен, консерваторияның рек­торы Дүйсен Қорабайұлы Қасейі­нов­тің рұқсатымен Сәдуақас Балма­ғам­бетов сабағына қатысып, Қазан­ғап күйлерін үйрендім. Сондай-ақ екін­ші курста консерваториядағы му­зыкатанушы мамандардың ұсыны­сымен екінші мамандық – Этно му­зы­катану саласы бойынша да білім ал­дым.
Жалпы, Қазанғап күйлерін терең үйренуім, зерттеуім консерватория қабырғасында оқып жүрген кезімнен бас­талды. Консерваторияны бітірген соң Қазанғап шығармашылығынан кан­дидаттық диссертация қорғадым.

– Қазанғап шығарма­шы­лы­ғын зерттеушілерінің бірегейі – бел­гілі күйші Әбділхамит Райым­бер­генов. Ол күйшінің шығар­ма­шылық өмірін ұзақ зерттеп, 3 том­дық кітап шығарып, 79 күйін но­таға түсірді. Ал сіз Қазанғап­тың бұрын жұрт назарына ілін­бей жүрген бірнеше күйін жа­рық­қа шығарыпсыз.

– Иә, белгілі күйші Әбділхамит Райымбергенов «Қазанғап күйлері» ат­­ты кітап шығарып, Қазанғап шы­ғар­­машылығының белді насихатшы­сы­на айналды.
Ал мен Қазанғаптың еліне үш рет жасалған экспедиция барысында Қазанғап күйлерін орындайтын сол елдегі бірнеше күйші қариялармен кез­дестім, сұхбаттастым, күйлерін жазып алдым, күйлердің тарихына құ­лақ түрдім. Мен жазып алған күй­лердің арасында бұрын музыка­та­нушылардың назарына ілікпегендері болды. Оларды мен кейін репер­туа­ры­ма қосып, үнемі орындап келемін. Айта кету керек, Ақтөбедегі экспе­ди­ция кезінде облыстың сол кездегі бас­шысы Оңдасын Оразалин ағамыз қол­дау білдірді, соның арқасында об­лыс орталығынан шалғайда жат­қан Қазанғап күйшінің жатқан же­ріне зияраттадық. Қазанғап атамыз­дың қызы Ақілгек апаны көріп, әң­гі­мелестік.
Қазанғаптың көптеген күйі же­лілес, яғни, циклды күйлер. Мәселен, «Үл­кен Қаратөс», «Кіші Қаратөс», «Ба­ла Қаратөс», «Қаратөстің бұл­ды­рат­пасы», сол сияқты «Бұраңбел ақ­же­лең», «Бұраңдама келіншек», Бал­жан­ға арнаған «Он сегіз жасар Бал­жан қыз», «Рұқсат берші, Балжан қыз», т.б. біріне-бірі жалғасып жатқан күйлері бар. Бұлардың шығуы туралы аңыздарды айта отырып, түгел тарту қажет, сон­да ғана күй толық болады.
Экспедиция кезінде мен Жаңа­бер­ген Әлбетовтың орындауынан «Қош бол балам, қош балам», Теңел Көл­баевтың орындауынан «Жұртта қал­ған», Задаш Байдәулетовтың орын­дауынан «Күй шақырғыш Ақже­лең», 1995 жылы Ақ­тө­бе қаласында өткен күй жарысында Қа­зан­ғап күй­лерін орын­дап бас жүлде алған Қо­жа­гелді Амановтың орын­дауынан «Но­ғай­лының бо­суы», «Ноғайлының зары», Мәмбе­тә­лин Нәжімед­дин­нің орындауынан «Көкіл» секілді Қа­зан­­ғап күйлерін жа­зып алдым. Бүгінде бұл күйлердің кейбірі сирек тар­ты­ла­ды. Олардың шығу та­ри­хын айта оты­рып тартса, тың­дар­ман­ның көңі­лінен шығар еді деп ойлаймын. 
Шынын айту керек, Қазанғап күй­лерін тез үйреніп, орындап кету оңай емес. Оның күйлеріндегі қағыс­тар ерекше, күрделі. Жыр мақамдары­мен сабақтасып жататын сарындар мол. Сосын бір айта кететін нәрсе, Қа­зан­ғаптың күйлерін әйел күйші­лер сиректеу орындайды. Көбіне орын­дап, насихаттап жүретін ер-аза­маттар.

– Қазанғапты айтпағанда, Ақ­бала Жанғабылұлы, Әлшекей Бек­тібайұлы, секілді күй өне­рі­нің ірі тұлғаларының шығарма­шылығын зерттедіңіз. Солар ту­ралы да айта кетсеңіз?

– Әлшекейдің күйлері көбіне ор­­­­­кестрде орындалып жүр. Дегенмен оны кезінде домбырамен орын­да­ған­дар аз болмады, алайда олардың көбі марқұм болып кетті. Мәселен, дом­быра­ны солақай тартатын Әбдіқадыр Әбдіхалықов деген күйші Әлшекейдің күйлерін тартатын. Ал Тынысбек Дүй­себеков деген кісі жасы 85-тен асса да әлі күнге Әлшекей күйлерін домбырамен орындап, талмай на­си­хаттап келеді. Сол сияқты, менің әкем­нің інісі Бәден Айсынов консер­ваторияны бітірген соң елге келіп, музыка мектебін ашып, сол мектепте 60 адамнан тұратын оркестр құрып, Әлшекейдің күйлерін тартқызып, насихаттады.
Мен Әлшекейдің «Бұзып тартар», «Тоқ­таған», «Шерлі» дейтін күйлерін тауып, зерттедім. Осының ішінде «Бұ­зып тартар» деген күйінің тарихы ерек­ше. Әлшекей Айша қыз атты күй­шімен күй тартысып, қыздың өнері өзінен басым түседі. Жеңіліп бара жатқасын Әлшекей кебісін ше­шіп, күйді башпайымен тартқан екен.
Оңтүстік Қазақстан күйшілік дәс­­түрінің ішіндегі Ақбала Жаңға­былұлы мен оның күйлерін жеткізу­ші Шағдар Ақылбековтың күйлері тың­дарман қауымға кеңінен тарал­ған күйлер деп айта алмаймын. Ақ­ба­­ланың, Шағдардың күйлеріне қы­зығушылық Астанада өткен бір күй кешінен соң оянды. Сол концерт­те Шағдар ақсақалмен кездесіп әңгі­ме­лестім.
Шағдар Ақылбеков – Ақбала күй­­шінің қарындасынан туған жие­ні. Өмірінің соңында аурушаң болған Ақ­бала қарындасының  қолында тұр­ған. Киіз үйдің ішінде шалқасы­нан жатып, домбыраны көкірегіне қойып тартады екен. Сол кезде 6-7 жа­сар Шағдар нағашысы тартатын күй­лерге қатты құштар болғаны сон­дай, киіз үйдің сыртынан өрмелеп ба­рып, шаңырақта жатып алып, тү­ру­­лі түндіктен нағашысының күйін тың­дайды екен. Солайша, жоғарыдан қарап, Ақбаланың домбыра қағысын жадына сақтаған көрінеді. Кейде күй­ді тыңдап жатып шаңырақта ұйық­тап қалатын кезі болыпты. 
Мен Шағдардың орындауында өз күй­лерін, Ақбаланың күйлерін но­таға түсіріп зерттеп, 2018 жылы «Ақ­­­­­­бала мен Шағдардың күйлері» ат­ты алғашқы күй жинағын жарыққа шы­ғардым. Күй жинағына Ақбала­ның орындауындағы күйлердің ау­дио және видео жазбаларын сал­дық.

– Отбасылық жағдайыңызға бай­ланысты Иран елінде тұрып қайт­қан кезіңіз бар. Сол жақта тұ­рып та күй зерттеуді жалғас­ты­рып, кітаптар шығарған көріне­сіз. Шетелде тұрып ұлттық өнер­ді зерттеу қиындық тудыр­мады ма?

– Елден жырақта жүріп күйлерді зерт­теу, оларды нотаға тү­сіру мен үшін еш қиындық ту­дыр­ған емес. Иран­да тұрған кезімде де Әлшекей, Ақ­бала күйлерінің, Қа­зан­ғаптың си­рек орындала­тын күйлерінің нота­сын сұрап хабарласқан студенттер, магистрант­тар болды. Бұл жағдай маған ой са­лып, аталған күйлердің шығу тари­хын неге жазып қалдыр­мас­қа деген ойға келдім. 

– Иранда бірталай қазақ тұра­тыны белгілі. Ол жақтағы қан­дас­тарымыз да күйге қызығатын шығар. Сізден күй үйренгісі кел­гендер болды ма?

– Ирандағы қандастарымызда ұлттық дәстүріміз жақсы сақталған деп ойлаймын. Ол жақтағы қазақ әйел­дері біздегідей ашық, еркін киін­бейді. Ұзын көйлек киіп, бастарына орамал тартып жүреді. 
Қазақтардың көбі Горган деген қа­лада тұрады. Қандастардың бал­а­ла­рына домбырадан сабақ бердім. Олардың домбыраға ынтасы ерекше. Қанша дегенмен бойында қазақтың қаны бар жастар өз ұлтының өнеріне қызықпай тұра алмайды ғой.

– Қазақтың белгілі ақындары – Жүсіп Қыдыров, Байбота Қо­шым-Ноғай туған ауылда дү­ниеге кел­геніңізді білеміз. Жақында Ал­ма­тыдағы А.Чехов атындағы кітап­ханада Байбота аға екеуіңіз құрастырып шығарған «Жү­сіп­нама» деген кітаптың тұсаукесері болды. Оған ақын Жүсіп Қы­дыров­тың сіз нотаға түсірген 21 күйі еніпті. Музыкалық білімі бол­маса да күй шығарған Жүсіп ақын­ның күйлерін нотаға түсі­ріп, кітап шығаруға не себеп бол­ды?

– Иә, ол кітапты Иранда жүрген­де сол жақтан шығардым. «Жүсіпна­ма» атты кітаптың жарыққа шығуы­на менің ағаларым Байбота Қошым-Но­ғай мен Бақтыбай Айнабековтің ті­ке­­лей ықпалы болды. Елге келге­нім­де «Өзің күйшісің, күй зерттеп жүрсің, жерлес ағаң Жүсіп Қыдыров­тың күй­лерін де зерттеп, насихаттап, кітап шығарсаң дұрыс болар еді» дейтін. Бұл ұсыныс, әрине, маған ой салды. Сосын Байбота аға екеуміз кі­тап құ­рас­тырдық. Байбота аға ақын­ға ар­нал­ған мақалалар мен ес­теліктерді, арнау жырларды қамтыса, мен Жүсіп ағаның 21 күйінің но­та­сын енгіздім.
Жүсіп Қыдыров өзі аз өмір сүрсе де еліне ақындығымен де, күйшілі­гі­мен де танылған тұлға. Артында «Жұл­­дыздарға жол», «Гүлқайыр», «Жа­­нартау жүрек», «Құмыр бұлбұл», «Жай­­саң жаз»,  «Мың бір күн», «Сал­та­натым, шеруім» секілді оннан ас­там тамаша жыр жинақтары қалды. Сонымен бірге өзінің 16 күйін нотаға түсіріп, кітап қылып шығар­ған.
Әрі ақын, әрі композитор бола беру екінің бірінің маңдайына жазы­ла бермейді. Жүсіп ағамыз сөз өне­рін­де де, саз өнерінде де із қалдырған тұлға деп білемін. Сондықтан ондай тұл­ғалардың шығармашылығын зерт­теп, елге таныту біз үшін парыз бол­са керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары