Түркі жастары Ташкентте бас қосты

Түркі жастары Ташкентте бас қосты

Өзбекстан астанасы Ташкентте Түркі мемлекет­тері ұйымының III Диаспора жастары форумы өтті. «Шекарасыз мұра: болашақты қалыптастыратын диаспораның жас көшбасшылары» атты форумға Қазақстаннан «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері де қатысты.

Форум аясында Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Франция және Германияда тұратын түркі диаспорасының жас көшбасшылары бас қосып, өзара тәжі­рибе алмасты.
«Өзбекстанда 1 миллионнан аса қазақ тұрады, ал Қазақ­станда 600 мыңнан астам өзбек ұлты тұрады. Олар екі елді байланыстырушы алтын көпір. Елдеріміздің Түркі мемлекеттері ұйымы мен Орта Азия шеңберінде бірлесіп жұмыс істеуі маңыз­ды. Делегат ретінде мен ТМҰ жас сарапшылар мектебін құруды ұсынамын. Түрлі саладағы жас эксперттер жаңа идеялар мен ұтымды шешімдер ұсыну арқылы мемлекетаралық байланыстың одан әрі дамуына себепкер болатынына сенімдімін», – деді фо­рум­да сөз алған «Отандастар қоры»КеАҚ өкілі Алжан Шарипов.
«Отандастар қоры» өкілдері мен Өзбекстандағы Қазақ ұлт­тық мәдени орталығы арасында өткен мазмұнды диалог бары­сында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, шетелдегі қазақ жас­тарын қолдау және ортақ мәдени-гуманитарлық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Қор өкілдері аталған кездесуде шетелде тұратын этникалық қа­зақтарға арналған білім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен баян­дады. Атап айтқанда, Қазақстанда жоғары білім алғысы келе­тін жастар үшін бөлінетін арнайы гранттар мен қолдау шара­лары туралы нақты әрі пайдалы ақпарат берілді.  Өз кезе­гінде, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төра­ғасы Серікбай Үсенов мырза орталықтың негізгі бағыттары мен жобаларын таныстырды. Ол өз сөзінде орталықтың этникалық қазақ жастарына ана тілі, мәдениет пен тарихты үйрету жо­лында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Өзбекстанда жастар үшін білім, кәсіпкерлік және шығарма­шылық салаларда ауқымды мүмкіндіктердің бар екенін айтты.
Одан бөлек, «Отандастар қоры» өкілдері Өзбекстан Жазу­шылар одағына арнайы барып, ондағы халықаралық бағытта жұмыс жүргізіп жатқан әдебиет өкілдерімен сұхбаттасты. Өзбекстан Жазушылар одағының Халықаралық байланыстар және көркем аударма бөлімі бас маманы, жазушы әрі аудармашы Рисолат Хайдарова Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың қазіргі бағыттары жайлы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, екі елдің Жазушылар одақтары арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде соңғы жылдары бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылған. Мысалы, 2022 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркі әдебиеті інжу-маржандары» атты 100 томдық жинақтың 72–81 томдары қазақ әдебиетіне арналды және оны дайындау бары­сында Қазақстан Жазушылар одағы айрықша қолдау көрсеткен. Ал 2023 жылы Алматыда шығатын «Таң-Шолпан» журналында заманауи өзбек әдебиеті өкілдерінің шығармалары қазақ тіліне аударылып, тұрақты түрде жарияланған. Рисолат ханым Өзбек­стан Жазушылар одағының құрылымында Қазақ әдебиеті кеңе­сінің де жұмыс істейтінін, оның рөлі мен беделі басқа ұлт әде­биеті кеңестерімен тең деңгейде екенін атап өтті. Бұл – Өзбек­стандағы қазақ әдебиетінің жүйелі түрде дамуына мүмкіндік туғызып отырған маңызды құрылым екені сөзсіз.
Бұл кездесулер барысында тараптар қазақ және өзбек әде­биетінің тарихи тамыры, рухани жақындығы, қазіргі даму барысы және болашақтағы бірлескен жобалар төңірегінде пікір алм­асып, әдебиет арқылы мәдени байланысты тереңдетудің маңыз­дылығына тоқталды. Жылы жүздесу барысында Жазу­шылар одағының музейін аралап, одақтың тарихы мен көрнекті жазушылары туралы тың деректермен танысу мүмкіндігі туды.
Іссапар аясында Қор өкілдері Өзбекстанда қазақ тілінде жар­ық көретін мемлекеттік деңгейдегі басылым – «Нұрлы жол» газетінің редакциясына барды.  Кездесу барысында басылымның бас редакторы Юсупов Ғұламзәкір басылымның құрылымы мен жұмысы, таралымы мен маңызына тоқталды. Газет аптасына екі рет, 3 600 дана таралыммен басылып шығады. Ол Өзбек­стандағы қазақ қауымдастығы үшін маңызды ақпараттық және рухани құрал ретінде қызмет етеді.
Бас редактор редакция ұжымының жұмысы, тақырыптық бағыттары мен оқырман аудиториясы туралы толық ақпарат ұсын­ды. Делегация мүшелері газет қызметкерлерімен пікір алма­сып, бірлескен жобалар мен ақпараттық алмасу мүмкін­діктерін талқылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары