Қоғам мен адамдарға деген сенім – ұзақ әрі бақытты өмір сүрудің маңызды бөлігі болуы мүмкін. Бұл туралы Psychological Bulletin журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар адамдардың бір-біріне және үкіметке деген сенімі олардың психикалық саулығына, өмірге қанағаттану деңгейіне және тіпті ұзақ өмір сүруіне оң әсер ететінін анықтады.
Нидерландыдағы Утрехт университетінің профессоры, зерттеу авторларының бірі Катрин Финкенауэрдің айтуынша, сенім – барлық жастағы адамдардың бақытты әрі риза болу сезіміне тікелей әсер етеді.
– Біздің нәтижелер сенімнің адамның өзін бақытты сезінуіне айтарлықтай ықпал ететінін көрсетті. Бұл әсіресе балалар, жасөспірімдер мен егде жастағы адамдар арасында өте анық байқалады, – деді ол.
Зерттеу үш түрлі сенім түрін қарастырды:
- Адамдардың бір-бірін деген сенімі – таныс адамдар арасындағы сенім;
- Институционалдық сенім – үкімет, банк секілді мекемелерге сену;
- Әлеуметтік сенім – адамдардың көпшілігі адал, сенімді әрі ізгі ниетті деген ұғым.
Нәтижесінде, сенімнің қай түрі болмасын, жоғары деңгейдегі сенім адамдардың әл-ауқатын арттыратыны белгілі болды. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында күштірек байқалған.
Сенім мен бақыт бір-бірін толықтырып отырады
2,5 миллионнан астам адам қатысқан осы ауқымды мета-талдауға сәйкес, сенім мен психологиялық әл-ауқат уақыт өте келе бірін-бірі нығайтады. Әл-ауқаттың нақты денсаулыққа әсері әлі толық дәлелденбегенімен, ол адамның өмір сүру ұзақтығына оң ықпал ететіні белгілі. Мысалы, Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бақытты адамдар орта есеппен 4-тен 10 жылға дейін ұзақ өмір сүреді.
Сонымен қатар, оларда психикалық аурулар аз кездеседі және жүрек пен онкологиялық аурулардан өлу қаупі төмен болады.
Сенім бәріне бірдей әсер етпейді
Бірақ сенімнің жағымды әсерін бәрі бірдей сезіне бермейді. Былтыр 38 елде жүргізілген зерттеу нәсілдік және этникалық азшылық өкілдері арасында сенім деңгейінің төмен екенін, бұл олардың өмірге қанағаттанбауына әкелетінін көрсетті. Алайда сенімнің дәл осы топтар арасында қалыптасуы әл-ауқатты арттырып, өмір сапасын жақсартады. Ғалымдар сенім арқылы әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы әл-ауқат алшақтығын азайтуға болатынын айтады.
– Сенімді күштеп орната алмайсыз, оны тек қалыптастыру керек. Бұл – отбасы, мектеп пен үкіметтің ортақ жауапкершілігі, – дейді профессор Финкенауэр.
– Біз сенім орнатқанда, сонымен бірге психикалық саулық пен берік қоғам да қалыптастырамыз, – деп түйіндеді ол.