Қазақстандық төреші Болат Сариев Словакияда өтетін 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының (UEFA U21) финалдық кезеңінде төрелік етеді, деп хабарлайды turkystan.kz ҚФФ баспасөз қзыметіне сілтеме жасап.
"Бұл – отандық футбол үшін маңызды оқиға. Көп жылдық үзілістен кейін қазақстандық төреші алғаш рет УЕФА аясындағы ірі халықаралық турнирдің шешуші кезеңіне шақырту алды. Болат Сариев төртінші төреші қызметін атқарады, бұл оған халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Оның алғашқы матчы 12 маусымда Финляндия мен Нидерланд құрамалары арасында өтеді. Басталуы – Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, УЕФА атынан турнирге Қазақстан футбол федерациясы төрелік және инспекция департаментінің жетекшісі Нуну Алешандре Каштру жіберілді. Ол жарыс барысында төрешілердің жұмысына талдау жасап, ресми бақылаушы әрі нұсқаушы ретінде қызмет етеді.
"Болат Сариев пен Нуну Каштрудың аталмыш турнирге қатысуы – УЕФА тарапынан қазақстандық төрешілік корпусына білдірілген сенімнің және еліміздегі төрешілер дайындығының сапалы деңгейге көтерілгенінің дәлелі", – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының (UEFA U21) финалдық кезеңі Словакияда 12-29 маусым аралығында өтеді.