4 мамыр күні Астанадағы «Сарыарқа» кинотеатрында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жасаған «Алтын адам» толықметражды мультфильмінің жабық көрсетілімі өтті. 75 минуттық мультфильмнің режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы, сценарий авторлары – Тұрдыбек Майдан мен Ұларбек Нұрғалым, ал коюшы-суретшісі – Әміржан Қазиев.
«Алтын адам» – сақ қорғандарынан табылған алтын сауыт негізінде жасалған. Шытырман оқиға құрылған мультфильмде Аңқыл, Жұпар, Тайған, Тарғытай, Аңқылдың анасы, Аланбек (барыс) сияқты бірнеше негізгі кейіпкер бар. Бас кейіпкер Аңқылдың әкесі – тайпа көсемі. Ол ұлын ержүректілікке, ел басқару ісіне баулиды. Әкесінің айтуынша, ежелде Ерлік, Әділет, Парасат деген үш тайпа Ұлы далада өмір сүрген. Олар бір-бірімен жауласып, тыныш өмір сүрмепті. Ақыры, Әділеттің көрегендігімен, үш тайпа бірігіп, сыртқы жаудан қорғанады. Оларға атадан мирас боп алтын сауыт қалады. Оны кию үшін тақ мұрагері 13 жасқа толғанда мұзарт шыңға шығып, барысты атып өлтіріп, терісін алып келуі қажет. Садақ атуды, атқа мінуді үйренген Аңқыл мезетті жасқа толды. Аңқылдың әкесі – тайпа көсемінің кеңесші-уәзірі Тарғытай Аңқылды ертіп тауға аттанады. Алдынан кезіккен қар барысын көргенде, Аңқылға оны атып өлтіруге бұйырады. Аңқыл аңшылықтың серті бойынша бірінші жебесін аспанға атады. Бұл «ысқырып атқан аңның обалы жоқ» деген ескі танымды ишралайтын сәт. Аңқыл ысқырауық жебесін аспанға атады. Бірақ ол жерге түспей көкзеңгірде жоғалады. Аңшылықтың серті бойынша, ысқырауық жебесі жерге түспесе, барысты атуға болмайды. Аңқыл сол серттен таймай, алдынан кезіккен барысқа оқ атпайды. Тарғытайдың серіктері Аңқылдың олжамен оралатынын күтіп отырған халық алдында масқара болмау үшін барысты (Аланбек) тірі ұстап, тайпа қалашығына алып келеді. Бұл кезде тайпа көсемі ауыр сырқатта жатқан болатын. Ақсөйле атты хабаршы құс аңшылыққа осы хабарды жеткізеді. Сарайға оралған Аңқылдың барыс терісін жамылмай құр қол оралуы ел ішінде үрей туғызады. Өйткені алтын сауытты кию үшін барыс терісін алып келуі міндет. Тайпа көсемі ұлының олжасыз оралғанын көріп: «Енді сенің тағдырыңды алтын сауыт өзі шешеді. Ол үшін сауыттың сырын ашу керек. Оның сыры құпия үңгірде. Бірақ үңгірдің қайда екенін білмеймін» деп, ұлына батасын беріп көз жұмады.
Міне, күрделі сюжет осы шақтан бастап ширай түседі. Мұзарттан ұстап әкелген барысты елдің алдында – амфитеатрда (гректердің аңызын еске түсіреді, бұл оқиға мультфильмнің экшндік көрінісін қоюлатып, жас көрерменге ерекше әсер сыйлайтыны анық) шайқасады. Бірақ Аңқыл барысты өлтірмей, тірі қалдырады. Тайпаның бақсылары мен белді өкілдері Аңқылдың ісіне наразы болып, күдік күшейеді. Енді жалғыз амал бар. Алтын сауытты Аңқыл жұрт алдында киюі керек. Егер сауыт оны қабылдаса, онда талайының жанғаны. Қабылдамаса, сауытпен бірге мәңгі тасқа айналады. Аңқылдың анасы баласының болашағы үшін алаңдап, алтын сауыттың жалған нұсқасын жасатып, өзін тығып тастайды. Жалпы, жұрттың алдында Аңқыл сауытты киеді. Еш өзгеріс жоқ. Осы кезде ортаға тәуіп шығып, елді анасының алдағанын, шын сауыт өзінде екенін көрсетеді. Тайпа көсемінің уәзірі елді алдағаны үшін Аңқыл мен шешесін зынданға салуды бұйырады. Аңқыл болған жайтты түсінбей, шын сауытты киюге оқталғанда, анасы оны қорғап, сауытты ұстайды да, елдің көзінше тасқа айналады. Ал Аңқыл зынданға тасталады. Осы кезде алтын сауыттың күші кетіп, талай ғасыр тас арасында байлауда жатқан Тайған оянып, темір шынжырдан босап, сақ тайпасын түгелдей құрсаулап, құлдыққа салады. Қалашықтың ұсталарын жинап, алтын қорытып, өзінің алып мүсінін жасатады. Сақ елінде тиран-патша билік құрады. Әлемді қара түнек басады.
Зындандағы Аңқылға Аланбек (барыс) адам тілінде тіл қатып, алтын сауыттың құпиясы жасырылған үңгірдің жолын білетінін, бірақ кейін патша болғанда, барыс аулау салтын жойсаң, ертіп барамын дейді. Қазақ ертегілерінен жануарлар әлемінің адам тілінде сөйлейтін талай сюжетін табуға болады. «Аңның тілі түгіл, өз тілдеріңді де білмейтін адамдар көп қой» дейді бір диалогында Аланбек. Бұл сарказм – бүгінгі қоғаммен мультфильмді жалғайтын ащы шындық.
Ақыры, Аңқыл, Жұпар, Аланбек үшеуі тау асып, тас басып жүріп, түрлі қиындықтардан өтеді. Ең соңында үңгірді тауып, алтын сауыттың құпиясын ашады. Жол бойы барысқа қанат бітіп, мұзарт шыңның сынағынан өтіп, көктің дәргейіне барып, еліне оралады. Әу бастағы уәдесінен тайып, қара түнектің иесі болуға күш салған Тайғанмен күресіп, елін, тайпасын құтқарып қалады. Ақ пен Қараның шайқасында Ақ жеңіп шығады. Бұрын Ерлік, Әділет, Парасат болғанымен, төбедегі төртеу түгел емес еді. Зеңгір көк Аңқылға Ізгіліктің жебесін сыйлаған. Ізгіліктің жебесін ежелгі үш тайпаның жебесінің қасына қадайды. Ел бұрынғы тыныш, бейбіт өміріне қайта оралады.
«Алтын адамның» қысқаша мазмұны осындай. Мұнда сценарий автораларының әлемдік мультипликациядағы негізгі мотивтер – ақ пен қара күресі, ізгілік жоқ жерде қатыгездіктің, әділет жоқ жерде әділетсіздіктің, парасат жоқ жерде қарадүрсіндіктің, ерлік жоқ жерде ездіктің салтанат құратынын Тайған образы арқылы үйлесімді бергенін байқаймыз. Сондай-ақ бала кезден бірге өскен Жұпар мен Аңқылдың лирикалық линиясы да сәтті шыққан. Ал жебе, жылқы, таңбалы тастар, хабар жеткізуші құс символдары барша әлемге, оның ішінде қазақ мифтеріне де ортақ.
Мультфильмде режиссерлер мен суретшілердің көп еңбектенгені көзге бірден байқалады. Сұлу табиғат, көз жауын алар панарома, көк пен жердің үйлесімді кескіндері, қанық бояу, көрген сайын қарағың келетін пейзаждар әлемі – суретшілердің мыңдаған картинаны көз майын тауысып сызғанының айғағы. Ал режиссерлар әр сюжет пен картинаның үйлесімін мүлтіксіз жымдастырып, оқиға мен оқиға арасындағы байланыстарды ақаусыз орындауға тырысқан.
Есік қорғанынан табылған Алтын адам – еліміздің бірегей символы. Ол жай жәдігер емес, тарихымыздан сыр шертетін рухани мұрамыз десек те болады. Өйткені осы далада ертеден ғұмыр кешкен ұлт үшін оның әр өрнегі ескі танымға жетелейді. Ондағы өрнектер мен әшекейлердің, символдардың сырын ашу үшін, ұрпаққа қадір-қасиетін жете түсіндіру үшін осындай мәдени еңбектер керек. «Алтын адам» мультфильмі кәсіби орындалу жағынан да, оқиға желісінің қызықты шытырмандығымен де әлемдік мультипликацияда өзінің бағасын алады деп ойлаймыз.
Алтын адам – жай сауыт емес, ол өнер туындысы. Оны киген ханзаданың бектердің бегі болғаны қорымның архитектурасынан анық байқалады. Алтын сауытты – сырты емес, іші алтын адамдар ғана киген болса керек. Сондай мәртебеге лайық болған соң да сауытымен бірге жерлеген. Ал «Алтын адам» – ежелгі Алтын адамға, сақ тайпасының ер ұланына қайталай қойған ескерткіш болғандай... Жұпар аңқыған аңызды мультфильм тілінде сөйлеткен шығармашылық топтың еңбегі бағалауға әбден лайық.
5 жыл: мультфильм жасаудың машақаты
Мультфильм режиссері әрі сценарий авторларының бірі Тұрдыбек Майданның айтуынша, соңғы 5 жыл уақытын арнаған. Соның ішінде осы туынды үшін келісімшарт бойынша нақты 382 күн жұмыс істеген. Бұған басты себеп, мультфильмді жасау кезінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 5 министр, «Қазақфильмде» 4 президент, Ұлттық киноны қолдау орталығында басшылық ауысып, қаржылық демеушілік уақытылы көрсетілмегендіктен, мультфильмді жасау барысында көптеген қиыншылық туындаған. Бұған дейін «Мұзбалақ» сынды көркем туындыны – толықметражды мультфильмді ұсынып, әлемнің көптеген елінен жүлдегер атанған шығармашылық топ қазақ мультипликациясын дамыту үшін жүйелі механизм керек дейді.
«Мұзбалаққа» таза екі жыл уақыт жұмсадық. Ал «Алтын адамды» жасауға 1 жыл 20 күнімізді ғана арнай алдық. Бұл толықметражды мультфильм үшін өте аз уақыт. Соған қарамай көрерменге ойдағыдай дүние ұсындық деп ойлаймыз. Мультипликация өндірісі даму үшін мемлекеттің тұрақты қолдауы керек. Онсыз әлемдік алпауыт кинокомпаниялармен бәсекелесе алмаймыз. Талай рет қаржы бөлінбей, осы мультфильмді жасау үшін жиналған шығармашылық ұжым тарап кетті. Жүйкемізді жүндей түткен кезеңді бастан өткердік. Дегенмен бізді осы өнерге адалдық соңына дейін жеткізді. Міне, бүгін көрерменге ұсынып отырмыз», – деді Т.Майдан.
Режиссердің айтуынша, дайындық кезеңінде онға таяу маман, өндіріс кезінде 40-тан астам суретші, ал монтаж кезінде тағы да 10-ға таяу кәсіби маман жұмыс істеген. Бұл ірі әрі ұлттық жоба үшін шағын құрам. Әлемдік компанияларда толықметражды мультфильмдер үшін жүздеген адам жұмыс істейді. Оларға қырауар қаржыдан бөлек, нақты жоспар құрылып, шығармашылықпен еркін айналысатын уақыт бөлінеді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ,
сценарий авторы:
Ізгілік жебесін қостық
– Мультфильм идеясы режиссер Тұрдыбек Майданның ойында ұзақ жыл піскен дүние. «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмінен кейін осы «Алтын адам» туралы айтып жүрді. Бірақ мен аса түсінбедім. Сценарийін жаздыруға Әннәс Бағдатпен сөйлесіп жүргенін білетінмін.
Кейін маған хабарласты. Сценарийдің алғашқы нұсқасына көп өзгерістер керек екенін айтып, Алматыға шақырды. Сол кезде нақтыладық, сөздің тоқетері: «Мен Алтын адамның ішін көрсеткім келеді» деді.
Содан әділдік, парасат, ерлік, ізгілік жебелерін таптық. Оларды шын мәніндегі алтын адамның негізгі қасиеттері ретінде тұрақтандырып, сюжетті соған негіздедік. Өздеріңіз білесіздер, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның да төрт жебесі айтылады және Алматыдағы тәуелсіздік монементіндегі алтын адамның да төрт жебесі бар. Міне, бұл жебелердің негізі сол жақта жатыр.
Алдыңғы қағандықта ізгіліктен өзге үш жебе болды, ал бұл мультфильмнің бас кейіпкері енді Ізгілік жебесін іздейді, әрине, оны нақты білген жоқ, тек қаған киетін алтын сауыттың құпиясын ашу жолында жолығады.
Бұл мультфильмде көшпенділер ұғымындағы біраз дүниені сіңіруге тырыстық. Мысалы, ұйықтап жатқан жауын оятып алып қылыштасуы соның бір көрінісі. Аңды ысқырып ату – бейуаз жануардың обалына қалмаудың бір серті. Біз мультфильмде осы ұғымды, обал мен сауап ұғымын, яғни, ізгілікті кіріктіріп, алтын адамның өзі емес, болмысы алтыннан – ізгілік нұрынан жаралғанын көрсетуге тырыстық.