Еліміздегі дәрі-дәрмек нарығы импортқа әлі де тәуелді. Бұл мәселе коронавирус пандемиясы кезінде көтеріліп, саланы ілгерілетуге күш салу қажет екені айтылған еді. Дегенмен көрсеткіш өсудің орнына, кері кеткен.
Осы аптада Мәжіліс депутаттары Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелерін қарады. Аудит нәтижесін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов таныстырды.
Шетелге тәуелділік – 84 пайыз
Фармацевтика саласы импортқа тәуелділіктен арыла алмай отыр. 2024 жылы нарық көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткенімен, оның 84 пайызы –шетелдік өнім. Бұл – елдегі әрбір он дәрінің сегізі шетелден келеді деген сөз. Мұндай ахуал, бір жағынан, ішкі өндірістің әлсіздігін көрсетсе, екінші жағынан азаматтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігі мен баға тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың есебінше, отандық компаниялар жеткізетін дәрілердің ассортименті екі есе, 968-ден 507-ге қысқарған. Ассортименттің кемуі таңдаудың азаюын, ал бұл өз кезегінде бағаның өсуі мен бәсекенің жойылуына әкеледі.
– 2024 жылы республикадағы фармацевтика нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болса, оның 84 пайызын шетелде өндірілген өнімдер құрайды. Отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға әкеледі, – деді Әлихан Смайылов.
Өндірістің локализациясы мен инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейтіні бақылаудың әлсіздігін әйгілейді. Мемлекеттік деңгейде жоспарланған бағдарламалар, инвестициялық уағдаластықтар қағаз жүзінде ғана орындалып, нақты нәтиже бермей отыр. Формалды есептер мен шынайы нарықтық жағдай арасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып барады.
Палата басшысы шарттардың дер кезінде жасалмауы мен жеткізу кестелерін сақтамау, дәрілік заттардың шығарылуы мен айналымын бақылау жүйелеріне қатысты басқа да бірқатар мәселені атап өтті. Бюрократия – басты кедергінің бірі. Жаңа препаратты нарыққа шығару үшін 5 түрлі тізімнен өту қажет. Бұл – уақыт пен ресурсты құр рәсуа қылу ғана емес, науқастардың қажетті емге кеш қол жеткізуіне себеп болатын фактор. Оның үстіне, қолдан жасалған шектеулер сатып алудың шынайы бәсекелі негізде өтуіне жол бермей отыр. Нәтижесінде, тендерлер көбіне бір ғана жеткізушінің қатысуымен өтеді, ал бұл бағаның негізсіз өсуіне жағдай жасайды.
Фармакологиялық қадағалау мен тіркеу жүйесіндегі олқылықтар дәрі-дәрмек сапасына да, қауіпсіздігіне де күмән туғызады. Шарттардың уақытылы жасалмауы, жеткізу кестелерінің жиі бұзылуы – бұның барлығы дәрі тапшылығына апарып соғады.
172 пайызға дейін құн қосылған
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек бағасына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, препараттар тіпті түпнұсқасынан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған.
– Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді, ал Еуропада және әлемде 30 пайыздан аспайды. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің (ОТӨ) генеригінің бағасы 1273 теңгені құраған. Бұл 4 есеге дейін қымбат, – деді депутат.
Бұл қалай мүмкін болды? Отандық зауыт, елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындары мен бағасын есептеп, солай дәрінің бағасы көтеріледі. Оны оригиналмен салыстырсақ, көптеген отандық дәрілер шетелдік түпнұсқасынан еселеп қымбат болып шығады.
Депутаттың мысалынша, «парацетамолдың» зауыттағы бағасы – 59 теңге, Қырғызстанда – 90 теңге, ал бізде 144 теңгеге сатылып жатыр. «Терафлюге» елде белгілеген шекті баға – 3,3 мың теңге, ал зауыттағы бағасы – 1,5 мың. Ресейде ол – 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың тұрады. Ал «кируда» дәріханаларда 710 мың тұрса, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағасын 1,3 млн көлемінде белгілеп, оны Фармация 1,2 млн-ға сатып алған. Қағаз жүзінде қарасақ, тіпті ақша үнемдеген сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде 2 есеге жуық қымбатқа сатып алған деген ой түюге болады.
– Тіпті сұмдық жағдай – дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат, сондай-ақ, отандық фармацевтиканы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтты. Депутат жаңа дәрілерді тіркеу мерзімін бір айға дейін қысқартуды, сондай-ақ клиникалық хаттамаларды дер кезінде қайта қарауды, тиімсіз дәрілерді алып тастауды және қажетті дәрілерді жедел енгізуді қамтамасыз етуді ұсынды.
– Шекті баға әлемдегідей 30 пайыздан аспауы керек. Баға белгілеу әдістемесін қайта қарау, «пайызға пайыз» қағидасын алып тастап, нақты шығындар мен халықаралық тәжірибені ескеру қажет. Жыл сайынғы максималды бағаларды автоматты түрде реттеу механизмін жаңарту, бағаны бақылаудың электронды жүйесін енгізу маңызды, – деді Асхат Аймағамбетов.
СҚ «Фармацияға» реформа қажет
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісінде ең көп сынға ұшырайтын құрылым – СҚ «Фармация». Мәжіліс отырысында Асхат Аймағамбетов бұл ұйымды түбегейлі реформалау қажеттігін айтты. Оған себеп – логистиканың кенжелеп қалуы, есептің аздығы және делдалдардың тым белсенді араласуы.
Дәрі-дәрмекті тікелей өндірушіден емес, бірнеше аралық ұйым арқылы сатып алу – бағаның негізсіз өсуіне ғана емес, сапа мен жеткізу мерзімінің де қауіп төндіруіне себеп. Бұл жерде мәселе тек экономикалық тиімсіздікте емес, өмірлік маңызы бар препараттардың халыққа уақытылы жетпеуінде. Сондықтан делдалдарды айналып өтіп, тікелей зауыттармен жұмыс істеу – реформа өзегіне айналуға тиіс.
Сонымен қатар сатып алуды серпінді түрде жоспарлау жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл – дәрі тапшылығын немесе керісінше, артық қор жиналып қалуын болдырмауға бағытталған маңызды қадам. Қоймада шіріп жатқан дәрі де, уақытында жетпей адам өмірін қауіпке тігетін тапшылық та – екеуі де жоспарлаудың қателігінен. Ал бұл қателіктердің құны жай есеп емес, кейде науқастың өміріне келіп тіреледі.
Ашық цифрлық есеп беру жүйесі де – сенімділікті қалыптастырудағы басты құрал. Егер халық қай дәрі, қай жерден, қандай бағада алынғанын онлайн режимде көре алса, бұл саладағы жемқорлық тәуекелдері де азаяр еді.
Депутаттар денсаулық сақтау саласындағы бірқатар күрделі мәселелерге назар аударды. Олардың қатарында Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының жүйелі түрде орындалмауы, заңнамадағы олқылықтар, отандық жобалардың нарықта бәсекеге қабілетсіз енгізілуі, тіркелмеген препараттар мен олардың субстансаларының көлеңкелі түрде жеткізілуі және бұл үдерістегі бақылау тетіктерінің жоқтығы да бар.
Отырыс аяғында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының фармацевтика саласына ерекше көңіл бөліп келе жатқанын еске сала отырып, Парламенттің осы салаға заңнамалық тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Алайда Президент 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін қойғанымен, бұл мақсат әзірге орындалмай отыр.
– Көріп отырғанымыздай, дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша міндеттер әлі де жеткілікті. Сала жүйеленген тәсіл мен неғұрлым озық көзқарасты талап етеді. Есепті тыңдау қорытындысы бойынша біз Үкіметке, уәкілетті органдар мен әкімдіктерге ұсынымдар дайындадық. Депутаттар саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар ұсынды. Үкімет бүгінгі талқылау қорытындысы бойынша депутаттардың барлық ұсынысын ескеруі қажет. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Е.Қошанов.
Асхат Аймағамбетовтің сөзімен қорытындыласақ, бұл есеп – еліміздегі фармацияның шынайы рентгені. Жалпы, қуатты фармацевтикалық индустрияны қалыптастыру – ұзақ уақытты және қажырлы еңбек пен көп қаражатты қажет ететін күрделі процесс. Еліміз коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы елдердің қатарында болғанын ескерсек, әлеуетіміз мүлде жоқ деу сыңаржақ пікір болар еді. Бірақ әлеуетті әрекетке айналдыру, міне, мәселе осында болып отыр.