Қарағанды облысында 17 жастағы мотоцикл жүргізушісі 8 жасар қызды қағып кетті

/
Қарағанды облысында 17 жастағы мотоцикл жүргізушісі 8 жасар қызды қағып кетті
depositphotos.com

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған мотоцикл жүргізушісі сегіз жастағы қызды қағып кетті. Салдарынан қыз бала оқиға орнында көз жұмды, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдай Көкпекті станциясында болған. Жергілікті тұрғындар бұл елді мекенді Солоничка деп те атайды. Куәгерлердің айтуынша, қыз жол жиегінде тұрған кезде оны мотоцикл қағып кеткен. Рөлде 17 жастағы жасөспірім болған.

"Ол қызды 3-4 метрге дейін сүйреп кетті. Қыз бала оқиға орнында қайтыс болды. Жігіттің өзі де апат кезінде жарақат алды. Ол мотоциклмен бірге қыздың жанына құлаған", – дейді оқиғаны көрген ауыл тұрғындары.

Қарағанды облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Полиция қызметкерлері мотокөлік жүргізушілеріне жол ережесін қатаң сақтау қажет екенін және кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына жол берілмейтінін бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, өңірде ауыр салдары бар жол апаттары әлі де болып жатыр. 17 жастағы жүргізуші эндуро-мотоциклді басқарып келе жатып, 8 жастағы жаяу жүргінші қызды қағып кеткен. Алған жарақаттарынан қыз бала оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушінің өзі түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді", – деп мәлімдеді полиция.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған жүргізушінің ата-анасына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Іс "көлік құралын басқару құқығы жоқ адамды рөлге жіберу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бабы бойынша тергеліп жатыр.

Полиция ата-аналарға балалар мен жасөспірімдерді мотокөлік басқаруға жібермеу керегін ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары