Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ауылдық жерлерді кешенді дамытуға бағытталған «Esen Foundation» қорының «Baquatty audan» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша жиын өткізді.
Іс-шара Ақмол ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген мектеп-гимназия қабырғасында ұйымдастырылды.
Жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Мәжіліс депутаттары, салалық министрліктер мен өңір жұртшылығының өкілдері қатысты. Целиноград ауданында «AMANAT» партиясы «Esen Foundation» қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Baquatty audan» пилоттық жобасы қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік алшақтықты жоюға бағытталған. Осылайша, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғырту және инклюзивті ортаны дамыту мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл қадам мектеп қабырғасынан бастап ауылдағы адами капитал сапасын арттыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан барша азаматқа тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жиынды ашқан Ерлан Қошанов аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған саясатты жүзеге асырудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президент ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту және әлеуметтік әділдік орнату мәселесіне баса мән береді. Бүгінде Қазақстанда 7,6 миллион азамат ауылдық жерде өмір сүреді. Олардың тұрмыс сапасы заман талабына сай болуы қажет.
«Бұл жоба аса маңызды міндеттерге қол жеткізуге бағытталған. Ол қала мен ауыл тұрғындарының тұрмысындағы теңсіздікті жоюға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселені жіті бақылауда ұстайды. Президент айқындаған басымдықтар негізінде «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, тұрмысын жақсартуға және ауылдық жерлерді орнықты дамытуға бағытталған бірқатар кешенді бастаманы жүзеге асыруда. «Baquatty audan» жобасы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруға нақты серпін беруді көздейді. Ең бастысы – бұл бастама жергілікті жерде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуі қажет», – деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде, «Esen Foundation» қорының сарапшылары «Baquatty audan» жобасының қазіргі нәтижесіне тоқталды. Ауылдық педагогикалық академия құрылып, соның шеңберінде 1000-нан астам мұғалім кәсіби қоғамдастыққа бірікті. Олар салалық сессияларға қатысып, әдістемелерімен және тәжірибелерімен бөлісуде. Мұғалімдердің айтуынша, бұл тәсіл әр мұғалімнің әлеуетін дамытуға және өзін-өзі оқытатын тұрақты ұйым ретінде қалыптасуға жол ашады. Ауыл мұғалімдеріне Астанадан менторлар бекітіліп, тұрақты кәсіби қолдау көрсетілуде.
Сонымен қатар қосымша білім беру жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Талапкер және Қызылжар ауылдарында ашылған 5 Sandyq орталықтары арқылы балаларды мектептен тыс сабақтармен қамту көрсеткіші 83%-ға жетті. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету мақсатында әлемдік стандарттарға сай жабдықталған инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды.
Денсаулық сақтау саласында 300-ден астам медицина қызметкері, соның ішінде дәрігерлер, медбикелер және медициналық ұйымдардың басшылары оқытылды. Менторлық жүйені енгізу нәтижесінде ауылдағы мамандардың Астанадан келген әріптестерімен тікелей кеңесу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қадам жедел әрі сапалы шешім қабылдау деңгейін арттырды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту және ауылдық жерлерді орнықты дамыту бағытында қолға алып жатқан жобалары азаматтардың кең қолдауына ие болып, ел аумағында қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 12 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында кейінгі екі жылда 16 мыңға жуық шағын несие беріліп, 18 мың жұмыс орны құрылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтардың қаржылық сауатын арттырып, борыш жүктемесін азайтуға ықпал етуде. 2025 жылы осы жоба аясында 1 миллион адамды қамту көзделіп отыр.
Жиын қорытындысы бойынша «Baquatty audan» пилоттық жобасын өзге де партиялық жобалармен үйлестіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам аталған жобамен қамтылған ауылдарды орнықты және кешенді дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жоба менторлары «Әкімдер мектебі» шеңберінде жаңадан сайланған әкімдер алдында дәріс оқиды. Болашақта пилоттық жоба нәтижесі тұтас ел аумағында қолға алынады. Әзірлемелерді шекара маңындағы аудандарда қолданысқа енгізу мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары «Baquatty audan» жобасына заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын.
Айта кетейік, «Baquatty audan» жобасы «Ansa», «Baq» және «Самұрық-Қазына» АҚ қорларының қолдауымен жүзеге асырылуда.