ЖИ қолдану білім алушылардың бағасын және ынтасын төмендетуі мүмкін – жаңа зерттеу

/
ЖИ қолдану білім алушылардың бағасын және ынтасын төмендетуі мүмкін – жаңа зерттеу
сурет: istockphoto.com

Education and Information Technologies журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижесі генеративті жасанды интеллект (AI) құралдарына, соның ішінде ChatGPT-ге жиі сүйенетін білім алушылардың оқу нәтижелері төменірек болатынын көрсетеді. Зерттеу студенттердің жауапкершілік деңгейі жоғары болған сайын мұндай құралдарды аз қолданатынын анықтады. Сонымен қатар, AI-ға үнемі жүгіну — өзін-өзі бағалаудың әлсіреуімен, оқу үлгерімінің нашарлауымен және дәрменсіздік сезімінің күшеюімен байланысты екені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Кейбір студенттерімнің ChatGPT сияқты генеративті AI-ға тым тәуелді болып бара жатқанын байқаған соң, бұл құралдардың олардың когнитивті дамуына және ұзақмерзімді білім нәтижелеріне қалай әсер ететінін зерттегім келді», — дейді зерттеу авторы, SZABIST университетінің басқару және ұйымдастырушылық мінез-құлық пәні бойынша ассистент-профессоры Сундас Азим.

«AI көмегіне сүйенген тапсырмаларда студенттердің аудиториядағы белсенділігі мен пікірталасқа қатысуы айтарлықтай төмен болды. Себебі, ChatGPT секілді құралдар ұқсас жауаптар бергендіктен, студенттер көбіне келісіп отырды, бұл — сыни ойлау мен белсенді талқылаудың азаюына әкелді. Осыдан барып, мен олардың шын мәнінде үйреніп жатқанына күмәндандым», — деп түсіндіреді ол.

Азимнің айтуынша, зерттеу басталған кезде студенттердің генеративті AI-ды қолдануы туралы зерттеулердің көбі тек пікір деңгейінде болды немесе AI қолдану этикасына назар аударған. Ал нақты академиялық нәтижелер мен студенттердің жеке тұлғалық ерекшеліктері (мысалы, жауапкершілік, уақытылы жұмыс істеу, белсенділік) назардан тыс қалған еді.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, барлық студенттер AI-ды бірдей деңгейде қолданбайды. Сабақта белсенді, уақтылы, жауапты студенттер бұл құралдарға әлдеқайда сирек жүгінеді. Бұл – тұлғалық ерекшеліктер AI қолдану деңгейіне әсер етуі мүмкін деген гипотезаны туындатып, академиялық әділдік пен адалдық мәселелері аясында зерттеудің өзектілігін күшейтті.

Зерттеу AI құралдарын шектен тыс қолдану оқу мотивациясына кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп, студенттер мен ұстаздарға оны саналы әрі теңгерімді түрде пайдалану қажеттігін ескертеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары