Үнемі жұмыстан кеш шығатын, демалыс күндері де тыным таппайтын қызметкерлер әріптестерін көбірек жұмыс істеуге итермелегенімен, олардың наразылығын да туғызуы мүмкін. Ғалымдар еңбекқор адамның жанында жұмыс істейтін қызметкерлер өзін өзгелермен жиі салыстырып, қосымша қысым сезінетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Organizational Behavior ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аустралия мен Қытай ғалымдары шамадан тыс жұмыс істеудің тек адамның өзіне емес, ұжымдағы қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін зерттеген.
Алғашқы тәжірибе Қытайдағы банктердің бірінде жүргізілген. Оған 316 қызметкер мен 56 басшы қатысқан. Төрт апта бойы зерттеушілер қызметкерлердің жұмысқа деген көзқарасын, әріптестерімен қарым-қатынасын және еңбек өнімділігін бақылаған.
Нәтижесінде жұмысқа шектен тыс берілген адаммен қатар еңбек ететін қызметкерлер өздеріне көбірек талап қойып, бұрынғыдан белсендірек жұмыс істей бастаған. Алайда олар сол әріптесіне жиі наразылық білдіріп, оны сыртынан сынауға да бейім болған.
Ғалымдар мұның себебін адамдардың өзін өзгелермен салыстыруға бейімділігімен түсіндіреді. Мысалы, бір қызметкер күн сайын кешке дейін жұмыс істесе, жанындағы әріптестері де басшылықтың алдында нашар көрінбеу үшін жұмыс уақытын ұзартуға немесе көбірек тапсырма орындауға мәжбүр сезінуі мүмкін.
Бірақ зерттеу тағы бір қызық ерекшелікті анықтаған. Егер адам көп жұмыс істеу арқылы тек жоғары қызметке көтерілуді немесе сыйақы алуды көздейді деп қабылданса, әріптестерінің оған деген наразылығы күшейген.
Ал қосымша еңбегі бүкіл ұжымның табысына бағытталған деп есептелсе, мұндай қысым айтарлықтай байқалмаған.
Ғалымдар бұл тұжырымды тексеру үшін АҚШ-тағы 228 жұмыс істейтін ересек адамға да тәжірибе жүргізген. Қатысушыларға еңбекқор әріптеспен жұмыс істеуге қатысты түрлі жағдайлар ұсынылған. Нәтижелер алғашқы зерттеудегі заңдылықтарды растаған.
Кейін тағы екі тәжірибеге 514 адам қатысып, олардың бұрынғы жұмыс тәжірибелері талданған. Бұл жолы да өзгелерді көбірек жұмыс істеуге мәжбүр сезіндірген қызметкерлердің сыртынан сын айтылатыны анықталған.
Зерттеушілердің пікірінше, шамадан тыс еңбекқорлық ұжымдағы бәсекені күшейтіп қана қоймай, қызметкерлер арасындағы сенімге де әсер етуі мүмкін.
Дегенмен ғалымдар көп жұмыс істейтін әрбір адамның әріптестеріне кері әсер ететінін айтпайды. Нәтиже қызметкерлердің бір-бірінің ниетін қалай қабылдайтынына, ұжымдағы қарым-қатынасқа және жұмыс ортасына байланысты.
Зерттеу авторларының айтуынша, компаниялар қызметкерлердің еңбек өнімділігін ғана емес, шамадан тыс жұмыс істеу мәдениетінің бүкіл ұжымға ықпалын да ескеруі керек.