Өткен ғасырдың 90-жылдарында қазақ әдебиеттанушыларының қатары бір шоғыр талантты жастармен толықты. Сол жаңа, жас толқынның қатарында біздің замандасымыз ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің професоры, «Алаш» мәдениеті және рухани даму институтының директоры Амантай Жарылқасынұлы да бар еді. Бір қарағанда Амантайдың ғылым мен шығармашылықтағы жолы сәттілікке толы сияқты көрінеді. Айтуға оңай көрінгенмен, ғылым деген тылсым әлемнің кез келгеннің уысына сия бермейтін, кез келген жанға көндіге бермейтін бұралаң жолдары аз болмайтыны анық.
Амантайдың әкесі Жарылқасын Шәріпұлы Кеңес тұсында да, тәуелсіздік дәуірінде де түрлі шаруашылық, әкімшілік қызметін атқарған елге беделді де белгілі азаматтардың бірі болды. Жәкең 28 жасында өзі туған Бозкөл ауылындағы кеңшарды басқарған. 1992 жылы Қазалы ауданының алғашқы әкімі атанды. Одан әрі Қызылорда қаласының әкімі, Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүліктер жөніндегі орталықтың директоры, облыстық мәслихат депутаты, т.б. лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған. Бүгіндері 80-нің сеңгіріне шыққан ағамыз Қазалы ауданының, Қызылорда қаласы мен облыстың құрметті азаматы. «Әке көрген – оқ жонар» деген қазақ мақалына жүгінсек, Амантайдың алғырлығы атадан дарыған қасиет екеніне шүбә жоқ. Алайда Бозкөлде туған бозбаланың біз көргендегі болмысы бөлек-тін. Бала күннен кітап жастанып, қиялға мастанып өскен кейіпкеріміз қызметке қызыға қоймаған сияқты. Амантайдың балғын қаламынан туған балауса жырлары мен мақалалары мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жарық көре бастауы – соның бір айғағы деуге болар. Мектеп бітіргенде де мүмкіндігі мол бола тұрып, сол кездегі «модный» оқу орны «Нархоздың» Экономика факультетін емес, КазГУ-дың журфагын таңдады. Сөйтіп, ол әкім емес, ақын-қаламгер, бәлкім, кейін ғалым болуды қалады. Болашақ әдебиеттанушының жүрек қалауы да осы еді.
1988 жылы университетті бітірген соң өзі оқыған білім ордасында қалып, алдымен ассистент, стажер-зерттеуші, аға оқытушы қызметінде ұстаздық еңбек жолын бастады. Бұл – «Қайта құру» жылдарының желпуімен қазақ қоғамында жариялылық белең алып, әсіресе, журналшы қауымның қаламы жорғалап тұрған шақ. Тәуелсіздік алдындағы өлара кезеңнің талабымен Амантай Шәріптің жазғандары «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жиі жарияланып тұрды. Көп ұзамай, Қазақстанда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын» ақтау үдерісі басталды. Ізденімпаз жас бұл маңызды науқанға да белсене араласты. Келешек кандидаттық жұмысына «Сұлтанбек Қожанұлының əдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбын таңдады. Ғылыми жетекшісі – профессор Тауман Амандосов болатын. Ғылымдағы алғашқы ұстазы дүниеден озғаннан кейін орнына «темір декан» Темірбек Қожакеев бекітілді. Оның ғылымдағы алғашқы ізденістері осылайша алаш-кеңес қайраткерінің шығармашылық мұрасын түгендеуден басталған еді. Сол жолда Ресей, Өзбекстан және еліміздің мұрағаттары мен ғылыми кітапханалардың сирек қорында сақталған мол материалдарды мүмкіндігінше сүзіп шықты. С.Қожанов сынды біртуар мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметіне байланысты бірнеше тарихи деректер жас зерттеушінің кандидаттық еңбегінде алғаш рет ғылыми оралымға енді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ мәдениетінің тарихындағы тарлан тұлғаның тағы біреуінің шығармашылық ғұмырына жан бітіріп, туған жұртымен қауыштыру, оның есімін ұрпақ жадында жаңғыртудың рухани маңызы зор болатын.
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің жауапты мекемелерінде басшылық қызметте болып, қиын жылдарда ұлтының жанынан табылып, жоғын жоқтаған Сұлтанбектің қазақ әдебиетіне де сіңірген еңбегі аз емес-ті. Оның бір дәлелі 1920 жылдан бастап Ташкент қаласында шығып тұрған «Ақ жол» газетін С.Қожанов басқарды. Оның қамқорлығымен газетте алаш зиялыларының мақалалары жиі басылып тұрды. Бір жағынан қайраткердің Ахаңның 50 жылдық мерейтойын өткізу, Мағжанның өлеңдер жинағын шығару, Халелмен бірлесіп, Ә.Дибаев жинаған қазақтың халық әдебиеті мұраларын жариялауға комиссия құруы т.б. еңбектерін ескеру өте қисынды еді. Осы орайда А.Шәріп: «Сұлтанбек Қожанұлының өміріндегі әдебиетпен байланысқан әдемі, әсерлі, әрлі сәттермен бірге тарих тәлкегіне тапсырған қиын, қырсық, қытымыр мезеттер «Ақ жолдың» тағдырынан ажырағысыз. Сұлтанбек десең – «Ақ жол», «Ақ жол» десең – Сұлтанбек ойға оралады» деген орынды тұжырым жасайды.
ҚазМУ-дың Журналистика факультетінде оқытушылық қызметте жүріп Амантай ғылыми-зерттеулермен шұғылдануды бір сәтке тоқтатпайды. 1994 жылы кандидаттық жұмысын сәтті қорғаған соң, көп ұзамай университеттің Ғылыми кеңесінде докторлық жұмысының тақырыбы бекітілді. Бұл жолы «Қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі: генезисі, эволюциясы және трансформациясы» деп аталған тақырыпты ұсынған ғылыми кеңесшісі – атағы көпке мәлім әдебиеттанушы, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Зейнолла Қабдолов.
Әкесі Жарылқасын Шәріпұлы 28 жасында кеңшар директоры болып тағайындалса, ұлы Амантай 29-ға иек артқанда кандидат атанды. «Бала әкеден сынық сүйем кем туады» деген рас та болар. Есесіне, А.Шәріп 36 жасында докторлық жұмысын қорғап, академик ағаларының ақ батасын алды. Сәл кейін профессор атағын иеленді. Сол батагөй Зекеңнің тәлімін бұлжытпай орындап, ұстаз өнегесін үнемі үйренумен, үздіксіз ізденумен болды. Ғылымдағы жолына бағдаршам болған
З.Қабдолов, Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, З.Ахметов, С.Қирабаев, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Р.Нұрғалиев сынды талай ғұламалар өмірден өтіп те кетті.
Амантай Шәріп – ғылымда өз қолтаңбасын қалыптастырған, не жазса да дерек пен дәйекке жүгініп жазатын білікті зерттеуші. 2000 жылы ғалымның «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты монографиясы жарық көрді. Бұл еңбегінде автор қазақ халқының көп заманнан көксеген аңсарлы арман-мұраттарының маңызды мәйегі – ұлттық идеясын оның төл әдебиетінің тарихынан індете іздестіреді, зерттейді, зерделейді. Зерттеу жұмысына көне түркі ескерткіштері, хандық дәуірде қарыштай дамыған жыраулық поэзия үлгілері мен ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы ақындар шығармашылығын алтын арқау етеді. Аталған еңбегінде ғалым компаративистикалық әдіске сүйене отырып, ұлттық идеяның генезисіне барынша бойлап, осынау қасиетті ұғымның әлем халықтары руханиятындағы зерттелу мен қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталады. Көптеген оқымыстының ой-пікірін сараптай келе автор «ұлттық идея» ұғымын былайша тәпсірлейді: «Ұлттық идея дегеніміз – этностың мезгілдік һәм мекендік факторлар арқылы айқындалатын тәжірибесі, танымы және талғамына байланысты бірте-бірте жаңғырып-жаңаланып отыратын, бірақ өзіндік ілкі белгілерін жуық арада жоғалта қоймайтын табиғи-тарихи әрі тылсымдық бітім-болмысының, сана-сезімінің, мінезі мен мәдениетінің, соған сәйкес туындайтын әлеуметтік мұрат-мүдделері мен қимыл-қозғалыстарының жалқылық та, жалпылық та мәнін жинақтаған ұйтқысы».
Амантай қазақ халқының ұлттық санасындағы «атамекен» ұғымының «құдыретін» көне түркілер кезеңіндегі «құт» идеясымен сабақтастыра отырып, тиянақты талдағанын көреміз. Жыраулар поэзиясындағы мемлекеттік һәм әлеуметтік мәселелердің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы сөз өнерінде ұлттық сана, ояну үдерісіне ұласуын түрлі идеялар мен әдеби тенденциялар аясында салмақты сараптайды. Ашығын айтқанда алаш жұртының ұлттық идеясы қандай мазмұнда, нендей сенімге сүйеніп, қай тұғырға табан тіреуі тиіс деген мәселе әлі күн тәртібінен түспегенін ескерсек, бұл кітаптың оқырманы азаймасы анық. А.Шәріптің ұлттық мұрат пен алаш аңсары жайынан жазған ізденісті еңбектерін бірқатар түркі ғалымы жоғары бағалады. Солардың бірі Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик, Қырғызстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Абдылдажан Ақматалиев әріптес інісі туралы былайша қалам тербейді:
«Ол әдебиеттегі ұлттық идея мәселесін мифтік ойлау жүйесіндегі «Қоныс – құт – құдірет» формуласы, жыраулық поэзиядағы қоныстық утопия, «Қос өзен», «Сарыарқа» ұғымдарымен байланыстыра қарастырады. Қазақ поэзиясындағы фатализм, эсхатологизм және символизм жайын мүлде жаңаша талдайды. Амантайдың «измдері» қашаннан қалыптасқан қасаң теорияның құрсауындағы дәстүрлі «измге» емес, елдік екпінге, ұлттық ұлағатқа, сүйіспеншілік сезімге толы. Ол кейінгі еңбектерінде ұлттық әдебиет пен дәстүрлі ментальдік мәселелерін талдауға көбірек көңіл қойып жүр».
Ол енді өзі талайдан зерттеп жүрген ұлттық идея тақырыбын әдебиетіміздегі, оның ішінде поэзиядағы дәстүрлі ментальдік аспектілерімен сабақтастыра қарастырады. Қырғыз ғалымы байқағандай,
А.Шәріп зерттеген тағы бір тың бағыт өз нәтижесін берді. Амантайдың бұл саладағы еңбегі 2013 жылы 3 автор (Д.Қамзабекұлы, Б.Омарұлы, А.Шәрiп. Ұлттық әдебиет және дәстүрлi ментальдiк) бірігіп жариялаған ұжымдық монографияға енуімен бірге ортақ тақырыпты айшықтаумен ерекшеленді десек, артық айтқандық емес. Әрине, ежелден ежеттес дегендей, әдебиет тарихының белгілі бір кезеңдерін зерттеуде бірін-бірі толықтырып тұрғандай көрінетін үш ғалымның ғылымдағы қолтаңбалары әр алуан. Соған қарамастан олардың осы кітапқа енген еңбектердің етенелігі ерекше таңғалдырады. Бәлкім, КазПИ-дегі академик Серік Қирабаев пен КазГУ-дегі академик Зейнолла Қабдолов шәкірттерінің бастарын түйістірген рухани орта, ғылыми орда – Ұлттық ғылым академиясы болар. Бір кездері үшеуі де М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарды, докторлық диссертацияларын да қаз-қатар қорғады-ау деймін.
Аталған кітаптың бірінші бөлімін құрайтын А.Шәріптің «Әдеби-тарихи үдерiс және дәстүрлi ментальдiк» деп аталатын зерттеуі «Көркемдiк сана түрлерi және ментальдiк метаморфозасы», «Ментальдiктер мәмiлесi және ұлттық мiнез», «Жыраулық жерұйықнама», «Абай: бейуақ тұстың бағыты» деп аталатын 4 тараудан тұрады. Аттары айтып тұрғандай мұнда ұлт мінезінің пайда болу, қалыптасу себептері мен оның қазақ халқы тарихындағы 6 кезеңдік ментальдік география, философия, тарих, этнография, саясаттану, экономика және әлеуметтану пәндерінің ықпалдастығы арқылы тұжырымдалған. Амантай ұлттық мінезге қатысты зерттеулерін әр дәуірдегі қазақ поэзиясы өкілдерінің өлеңдері негізінде сәтті мысалдармен түйіндеп отырған.
Бір тұста автор: «Ақын неғұрлым талантты, тұлғалы, тұтас болса, оның шығармашылығында өзi бел баласы саналатын ұлттың мiнезi бiрегей бүтiндiкте танылады», – деген маңызды қорытындыға келеді. Осы орайда зерттеушінің Абай поэзиясы мен қара сөздерін сараптай отырып, ұлы ақын сынаған ұлт мінезіне қатысты татымды тұжырымдар жасай білгенін айту парыз. Ғылыми талдау нәтижелерін өзінің жекелеген ұтымды ойларымен тұздықтай келе, зерттеуші келесі пайымдауларын ұсынады:
«Екiншiден, – дейді автор, – Абай шығармашылығының контексiне тыңғылықты көз тастасақ, ондағы «жағымсыз» кейiпкерлердiң фонында жарқырып көрiнетiн «жағымды» кейiпкердiң болмысы бар екенiн анық аңғарамыз. Ол – Абайдың бәрiне таразы, төрешi ақындық «менi», яғни халқының өзiне дейiнгi бүкiл қадiр-қасиетiн бойына қорыта құйған ақынның тұлғасынан сомдалып-сұрыпталған ұлттық мiнез. Бiр сөзбен айтқанда, Абайлық ұлттық мiнез». Иә, шынында ол заманда қазақтың мінезін ұлы Абайдан артық сынаған ақын болды ма? Тіптен, сол қазақты Абайдан артық жақсы көрген де біреу болды деу қиын... Осы тұрғыдан келгенде Амантайдың пікірін еріксіз құптайсыз.
Амантай Жарылқасынұлының әр кездегі әдеби зерттеулерінде Асан қайғыдан Абайға дейінгі қазақ поэзиясының ұлттық сипаты диахронды-синхронды тәсілмен сатылай зерттеліп, бірнеше ғылыми жұмысына өзек болды. Ол – үнемі ізденісте жүретін ғалым. Соңғы жылдардың өзінде академик-зерттеуші бірнеше гранттық ғылыми жобаларға жетекшілік жасады әрі негізгі орындаушыларының бірі болды. Мысалы, жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы (Түркітану сериясы, №4. 2024. – 341-360) журналында оның «Домбыра: түрлері, таралу аймағы және жыршылық өнердегі орны» атты мақаласы басылды. Бұл А.Шәріптің «Түркі халықтарының авторлық ауызша поэзиясы: генезис, типология, поэтика» атты ғылыми жобасы бойынша атқарылған жұмыстарының нәтижесіне негіздеп жазылған мақала екені соңындағы ескертпеден аңғарылады.
Аталған мақаланы оқи отырып, Амантай досымызды жаңа бір қырынан танығандай болдым. Ол енді ғылыми нысан ретінде алынған ауыз әдебиеті өкілдері – ақындарды былай қойып, ұлысаралық көне музыка аспаптарының кәнігі зерттеушісіне айналып кеткендей. Ғалым бірер жыл көлемінде Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан, Қарақалпақстан, Дағыстан елдерін аралап, көне халық аспаптарының сүйемелімен жыр айтатын бахшы, қошық, жырау, ақын, шайырларды армансыз зерделеп, әрқайсымен ауызба-ауыз тілдесіп, сырласып қайтқанға ұқсайды. Шынында, солай! «Талант – қай жағынан да талант» демекші, Амантайды ғылымға көзсіз берілген «біртүрлі» ғалымдардың санатына жатқызып үлгердім. Тек шашы ғана шығын болды демесең, жоғалтқанынан тапқаны басым болып көрінді. Осы арада Бауыржан Омарұлының мына бір сипаттаулары Амантай бейнесін толығырақ ашатынына күмәніңіз болмасын.
«Бір дерекке ден қойса, – дейді қаламы ешнәрсені қағыс қалдырмайтын Баукең досы хақында, – әбден түбін қазып, жеті атасын түгелдеп, шегіне жетіп тынбайынша тоқтамайтын зерделі зерттеуші. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, желдіртіп жаза алатын парасатты полиглот. Ағылшыншадан және түркі тілдерінің біразынан көлемді шығармаларды қазақшаға аударған тиянақты тәржіман. Көркемсөзге де, көсемсөзге де аса жетік стилист суреткер. Білімі мен білігі жасты да, жасамысты да таңғалдыратын ойлы оқымысты».
Жоғарыдағы мақаланың аңдатпасын оқып-ақ көп нәрсе ұғуға болады. Тәптіштеп жазылған тиянақты, тұжырымды ақпараттан кейін автор еңбегіне қызығушылығың арта түседі. Яғни, зерттеуші «Мақалада домбыраның инструменталды музыкадағы қолданысын емес, жыршылық өнердегі орнын зерттеу мақсат етіп қойылған. Бұл тақырып бұрын ғылыми тұрғыдан арнайы қарастырылған жоқ. Автор өзінің шетелдік ғылыми іссапарлары барысында домбыраға қатысты ғылыми орталықтардан, музейлерден және информанттардан жинақтаған фото, аудио және жазба деректерін іріктеп пайдаланған» екен. Одан арғы мәтіндермен танысқан сайын автордың ғылыми жұмысына тек тәнті боласыз:
«Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, оның ішінде Қарақалпақстан, Ресей Федерациясы құрамындағы Башқұртстан, Татарстан, Тыва, Хакасия республикаларына жасалған зерттеу сапарлары барысында түркі халықтарының музыкалық аспаптары, солардың қатарында домбыра туралы академиялық және ұлттық-мәдени орталықтардан, кітапханалардан, музейлерден, сондай-ақ информанттар мен жыршылардан тақырыпқа қатысты эмпирикалық мәліметтер жинақталды; аудио- және бейнежазбалар жасалды, фотосуреттер алынды». Мақаладағы жүйелі әрі кәсіби талдау, баяндау, сұхбаттасу, ой тұжырымдау тәсілдері аңдатпа мен кіріспеде айтылған мәліметтердің деректемелік және дәйектемелік жақтарымен шектелмей, авторлық пікірмен, болжамды ойлармен, тәжірибелік жұмыстардың нәтижелерімен жалғасып, соңы ғылыми тұжырымдармен түйінделеді.
Мына бір этноэкспедиция сапарындағы жазбаның үзігіне назар аударыңызшы:
«Домбыра жасау өнері кез келген адамға қонбайды. Ұзақ жыл басқа салада жұмыс істеген, қазір Сұрхандария уәлаятының Бәндіхон қышлағында тұратын 30 жылдық тәжірибесі бар кәнігі шебер Нұрмұрат Шәйдиловтің шаңырағына арнайы барып, мейман болғанда өз аузынан естігеніміз: бір күні түсінде оған ұсталардың ұстазы Тәжі баба Аллаяр аян берген. Содан осы кәсіпке бет бұрады. Әулеттің үлкенінің әңгімесіне құлақ түрсек, домбыраның арғы тарихы 2,5-3 мың жылға тереңдеп кетеді». Тағы бір тұста: «Домбыра жасалатын ағаш желтоқсанның басында жапырағы қурап, тіршілігі тоқтағаннан кейін кесіп алынады. Қабығымен бірге жалпағынан жатқызылып, жерге көміледі. Сегіз айдан бір жылға дейін лайдың ішінде жатады. Екі басын клеенкаға орап тастайды. Шірік ішіне түспеуі керек. Үстінен су ағады; сонда керегі қалады, шіритіні кетеді» деген ғажайыпқа толы әңгіме-деректің куәсі боламыз. Міне, бұл – нағыз ғылым!
Ол жас кезінен бастап ғылыми ізденістерін ЖОО-дағы оқытушылық қызметімен ұштастырған ұстаз-ғалым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі еңбек жолын айтпағанда, ұзақ жылдар бойы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерін атқарды. Ғылыми бағыттағы жұмыстары Халықаралық Түркі академиясының хатшысы болумен қатар ЕҰУ жанынан ашылған «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры қызметімен жалғасты. А.Шәріп – ғылым мен білім бағытында ғана емес, журналистика саласында да бірқатар жауапты қызмет атқарып, елеулі еңбек етті.
Ғалымның көптеген зерттеуі мен іргелі ғылыми жобаны орындау барысында жазылған еңбектері отандық және шетелдік (Scоpus) ғылыми журналдар мен әдеби портал, сайттарда мақала түрінде жарияланды. А.Шәріптің «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші» (1994), «Қайраткердің қаламгерлігі» (1995), «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» (2000), «Сұлтанбек Қожанұлының шығармалары» (2009), «Алтын арқау» (2009), «Сөз өнері және ұлттық рух» ( 2010), «Егеулі қалам» (2024) т.б. кітаптары бар.
Амантай Шәріптің есімі ақын ретінде де мәлім. Оның өлеңдері «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», т.б. жинақтары мен антологияларға енген. Сонымен қатар «Құбыла» атты жыр кітабы жарық көрген.
Серікбай ҚОСАН