Ақтөбе облысында интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер танымал интернет платформаларында жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтарды алдап, олардың ақшасын заңсыз иеленген. Жәбірленушілердің бесеуі – Ақтөбе облысының тұрғындары, ал қалғандары – Астана мен Алматы қалаларынан.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілердің жеке басын және жүрген жерін анықтап, барлығын Алматы қаласында ұстады.
Ұсталғандардың екеуі – Алматы облысының 19 және 22 жастағы тұрғындары. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың бірі интернет платформасында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландырулар жарияласа, екіншісі жүргізуші куәліктерін дайындап беремін деп уәде берген. Екеуі де азаматтардан алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай кеткен.
Үшінші күдікті – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. Ол да дәл осындай тәсілмен онлайн сауда алаңдарында жалған хабарландырулар жариялап, азаматтардың қаражатын иемденген.
Барлық жағдайда күдіктілер жәбірленушілермен интернет және мессенджерлер арқылы байланыс орнатқан.
Қазір аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктілердің еліміздің басқа өңірлерінде жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды онлайн сауда және интернет арқылы көрсетілетін қызметтер кезінде сақ болуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және жарнамалар мен ұсыныстардың шынайылығын мұқият тексеруге шақырады.