Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург, ұстаз Әкім Тарази дүниеден өтті. Тұтас ғұмырын шығармашылыққа арнаған, көркем ойдың көкжиегін кеңейткен, күмбезін безбендеген, бірегей туындыларымен оқырманын ой орманына жетелеген, кішкентай адамдардың үлкен тағдырын зерлі сөзбен кестелеген классиктің екінші өмірі басталды. Ұлт әдебиетінің таразысы атанған Әкім Тарази шығармашылық баянын оқырмандары сағына оқиды.
Бақұл болыңыз, суреткер!
МҰСТАФА ШОҚАЙМЕН ИДЕЯЛАС ЖАЗУШЫ
Әкім Тарази ағамызбен 1975 жылы қызмет бабында таныстық. Ол кезде Әкім Ұртайұлының жасы 40-тан енді асқан қылшылдаған кезі еді. Біздің әлі 30-ға тола қоймаған шағымыз.
Біз алғаш кездескенде ол кісі Қазақстан киногерлер Одағының бірінші хатшысы болып жұмыс істейтін, мен «Қазақфильм» киностудиясында бас редактордың орынбасары қызметіне енді келген шағым еді.
Сол тұста Әкім Таразидің «Құйрықты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Арман – Атаман» деген кітаптары шыққан, әдеби ортаға танылған жазушы еді. Мен «Құйрықты жұлдыз» кітабына мақала жазғам. Ол Ә.Таразидің тұңғыш кітабы туралы жазылған тұңғыш рецензия еді.
Сонда қазақ әдебиетіне ерекше, өз стилі бар үлкен жазушының келгенін оқырман қауымға паш еткен едік. Біздің, яғни, қарапайым оқырманның үміті ақталғандай – көп ұзамай қаламгердің «Тасжарған» атты романы шықты. Ол романды қолға тиісімен бас алмай оқыдық. Біздің байқағанымыз, жазушы Әкім Тарази «советтік шындықты» – социалистік реализмді қабылдамайтын және соцреализмнің қалыбына сыймайтын ерекше қаламгер екен.
Соцреализм не дейді? Советтік құрылыстың жетістіктерін жазыңдар, мақтаңдар, өмірдің күнгейін көрсетіңдер, көлеңкелі жағына жоламаңдар дейді. Ал Тарази өз шығармасында советтік құрылысты мысқылдап, оның көлеңкелі тұстарына үңіліп, жетістіктерінен гөрі кемшіліктерін астарлап көрсетеді. Бұдан Ә.Таразидің шыншыл жазушы екені байқалды. Ол бұдан кейінгі туындыларында да осы бағытты ұстанды десек, артық болмас.
Шығарманың финалында Бақтығұл өзінің қожайыны болған бай Жарасбай мырзаны атады, сонда кинодрамтург Ә.Таразидің қосқан жаңалығы – Бақтығұл Жарасбайды атуға ыңғайланғанда, қасындағы жандайшаптары оны оқтан көлегейлемек болады, бай болса «атсаң ат» деп Бақтығұлға қарсы шабады. Осы ерекше сцена киноның әсерін күшейтіп тұр.
Оның кино саласындағы тағы бір ұмытылмас еңбегі деп «Мұстафа Шоқай» фильмінің сценарийін жазуы деп есептер едім. Сталин өзі «Кеңес Одағының №1 жауы» деп атаған Мұстафа Шоқай советтік жүйені жек көрген, оған бағынбаған тұлға болса, советтік жүйенің көлеңкесін көре білген және соны өз шығармаларында айта білген Әкім Тарази де сонымен үндес, идеялас қалам қайраткері еді.
Жазушы, аудармашы, драматург және кинодраматург Әкім Таразидің өнімді еңбек еткен саласының бірі – драматургия жанры еді. Бұл салада ол көптеген пьеса жазып, оның бәрі де театрларда қойылды. Он бестен астам пьесалары көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Аударма саласында да өте өнімді еңбек етті. Орыстың атақты шығыстанушы жиһангері, қытай тілінің білгірі Никита Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» атты тарихи туындаларын, Француздың атақты жазушысы Франсуа Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тілінде сөйлетті.
90-нан асқан шағында пәниден бақиға көшкен Әкім Тарази ағамыз халқының есінде қарымды жазушы-драматург артында өшпес мұра қалдырды. Ұзақ та мәнді өмір сүрді, еңбегі бағаланды. Ол суреткер ретінде өзі армандаған барлық шығармаларын жазып үлгереді.
Әкім ағамыздың жаны жәннатта болғай, рухы пейіште шалқығай.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы
ӨЗІ ЖАЙДАРЫ БОЛҒАНМЕН, ТУЫНДЫЛАРЫ ТУЛАП ТҰРАТЫН
Өткен ғасырдағы алыптардың ізін басқан шоқ жұлдыздай талантты шоғырлар сиреп барады. Солардың бірегейі, пәниден бақиға аттанып, тал бесіктен мәңгілік жер бесікке түскен Әкім аға еді. Аттанып кетіпті деген хабарды естігелі бері қолда бар кітаптарын қайта-қайта оқығанда, екінші өмірі елес бергендей болды.
Жылы жымиып тұрып, көз шарасын қадай қарайтын сәті көз алдымнан кетер емес.
Бір сәт ойға оралады. Қаламгерге Астанада Мемлекеттік сыйлық тапсырылды. Басылымнан жазуға барған едім. Құттықтадым. Елде тура Әкім ағаға ұқсайтын әкеміз бар еді, қандай ұқсастық деп қалдым. «Бір-біріне ұқсамаса қазақ қазақ бола ма, тек-тамырымыз бір ғой, содан адаспауды ойлайық», – деді. Ұлт ұлының байламы осылай болса керек.
Тарази шығармаларын қарғадайдан оқып өстік. Кітапханамның алғашқы кітаптарының бірі – «Асу-асу» еді. Кейін «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын» «Тасжарған», «Басынан қара таудың...», «Кен», «Тәж», «Көкжиек» қосылды.
Жазушының қай шығармасын алсаң да өзіндік сөз саптауы, сөйлем құрауы, кейіпкерлерінің болмыс-бітімі ерекше көрініп тұрады. Айталық, «Көкжиек» кітабындағы әңгімелері мен хикаяттар үш жырға топтастырылған. Бірінші жырдың бастауындағы «Ләйлі» әңгімесінің оқиғасы ел жайын қамтиды. «Сол жылы көктем ерте шықты; сол жылы көктемде ауылдағы бозбала бірі қалмай бәрі ғашық болды; сол жылы көктемде ауылдағы бозбала бірі қалмай бәрі бір қызға ғашық болды. Қыздың аты – Ләйлі». Осылай бастайды. Осы бір сөйлемнің өзінен қанша сәттерді аңғаруға болады. Ал «Тырна, тырна, тырналар» хикаяты диалогпен басталады. Әдетте, көп диалогты оқу қиын ғой, жалығасың. Тарази диалогтері өлеңдей оқылады. Кезінде құлшына үңілген шығармамның бірі Әкім ағаның «Кен» романы еді. Ондағы басты кейіпкер Кірпішбайдың бүкіл болмысы әлі күнге дейін есте сақтаулы.
«Көк аспанда қырағы көз бар» деген жинағындағы әрбір эссе көркем шығармадай келісіп-ақ тұр. Сол кітаптағы «Қызыл шаш қатынды» оқып отырғанда алда айтқан «Ләйлідегі» сөйлем құрау тәсілі қайталанады. Оқып көрелік: «Нәзік еді. Тым нәзік еді. Ұялшақ еді. Тым ұялшақ еді.... Белі қылдырықтай, көзі тостағандай еді». Осы сөйлемдердің өзінен жазушының суреткерлігін аңғару қиын емес. Әрқайсысы бір бейне. Бұл дүниенің түйінін Әкім аға «Көк аспанда қырағы көз бар» деп аяқтайды.
Жазушының «Басында Қаратаудың....» деп аталатын кітабындағы деректі дүниелердің өзі, соның қатарында Бауыржан Момышұлына қатысты әңгімесі ерекше, ғалым мен батырдың әңгімесінен әр адамға тән қасиет дараланып тұрады.
Әкім Таразидің драмалық шығармаларының қай-қасысы да – тағдырлы. «Жолы болғыш жігіт» жинағындағы драмаларға көз жүгірткенде, тақырыпта айтқанымыздай, өзі жайдары көрінгенмен, туындыларындағы оқиғалар асаудай тулап тұрады. Содан да болар, драмалық туындылалары қалың қауымның көкейіндегісін қозғағанмен, биліктің шымбайына бататын. Алғашқы қойылымын көргендер тамсанып айтып жүргенмен, санаулы күннен кейін сахнадан сырғытылып, кейінгілерге жете бермейтін. Сол шығармаларға тән асаулық қоғамның бұралаңын бұлтақтатпай көрсетуден туғанын бірден аңғарасың. Әкім шығармалары осынысымен құнды болды. Алдағы екінші өмірінде де құны жарқырай берері анық.
Әкім ағаның аңызға бергісіз ақиқаттан тұратын тұстастары да ерекше еді. Олар: Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, өмірден ерте кеткен Ахан Нұрманов, Тельман Жанұзақов, тағы басқалары. Біз осы алдыңғы толқынға қызыға қарайтын едік. Әзіл-қалжыңдары, сыйластықтары сүйсінтетін. Әкім аға деп алдынан қия өтпейтін інісі Мырзатай Жолдасбеков бірер айдың алдында Астанада, «Күндерімнің куәсі» атты алты томдық шежірелі кітабының тұсаукесерін өткізген еді. Оған Әкім ағаның жары, белгілі жазушы Роза Мұқанова да қатысқан. Соңында Мырзатай аға қаумалаған қауымға рахметін айтып, «Роза жеңгей, Әкім ағаға сәлем айта барыңыз, алдымдағы биігім ғой!» деп еді. Бұл да ағалардың бір-біріне ерен құрметін көрсетсе керек.
Осыдан жиырма жыл бұрын «Тәж» кітабына қолтаңба жаздырып алған едім: «Қазақ ең жақын адамын Бауырым дейді. Бауырым! Мерейің биік болсын, бала-шаға, үрім-бұтағың көп болсын! Әкім Тарази ағаң», – деп қолтаңба қалдырыпты. Бүгін сол кітапты қайта парақтап, ағаның жазуына әлсін-әлсін үңіле бердім...
Алла иман берсін, Аға!
Сүлеймен МӘМЕТ,
жазушы
ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰСТАЗ
Қазақ әдебиетінің саялы бәйтерегі, кинодраматургия өнерінің көшбасшысы, абыз Әкім ағамен мәдениетіміз бен өнеріміздің бір алтын дәуірі аяқталғанын сезгендейміз. Кеше ғана қасында Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров бастаған қадірлі достары әзіл-қалжыңы жарасып бірге жүретін еді-ау.
Әкім ағаның шақыруымен 1994 жылдары бір топ жас шәкірті болып тәліміне бөлендік, ең бастысы, жайсаң ағамыздың жан жылуын жақыннан сезініп, ағалық қамқорлығын көрдік, азаматтық тәрбиесін алдық.
Сол жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы табалдырығын аттаған шәкірттері туралы «Жас Алаш» газетіне «Бұл шәкірттерім не классик болады, не мен секілді еркін ойлай алатын тентек болады» деген рәуіште сұхбат берген болатын. А.Қонақбаева, Д.Саламат, Е.Зейіпхан, М.Омар, Д.Амантай, С.Нөгербек секілді бір топ мүриттер Әкім ағаның алдын көрген едік. Әкім ағамыздың әрбір дәрісі біздерге өнер кереметінің шымылдығын ашқан тосын жаңалыққа толы еді. Сабаққа С.Мұратбеков бастаған саңлақ достарын ертіп әкеліп шеберлік сағатын өткізетін. Әлем әдебиеті классиктерінің туындылары мен өмірі, кино өнерінің құпиялары сараптан өтеді. Әдебиет әдемі сөзден ғана емес ширыққан тартыс-драма, өмірдің буырқанған оқиғаларынан өрбісе шынайы болатынын ұдайы еске салатын. Ол жасандылықтан ада, шын адам, нағыз адамгершілікке ие тұлға ғана өшпес өнер тудыра алады деп тұжырым жасайтын. Ұстазымыз әрбіріміздің қуанышымызды бәйек болып құттықтайтын, тойымызға қатысып, ақ тілегін арнап, шашу шашатын, ақ батасын беретін. Бас қосуымызда, тіпті, өзбек ағайындардың сарынымен пародия салып, «Евгений-Онегин» операсынан ария айтып, біздердің ішек-сілемізді қатыратын. Көзінен де, сөзінен де шексіз мейірім, ізет, ұстаздық риясыз ақ пейілі төгіліп тұратын. Ол шәкірт інілерінен сырын жасырмайтын, қалтқысыз пікірлесетін, қай-қашанда ақыл-кеңес беретін жанашыр көкеміз еді.
Өзінің өмір белесіндегі үлкен бір жүрекжарды қуанышын ең алдымен біздерге бөлісіп, барша шәкірттерін ресторанға шақырып, ақ дастарқан жайғаны, керемет бір сырласу кешін өткізгені есімнен еш кетпейді.
Әкім көкемізді кеше өмірден өткен үзеңгілес інісі М.Мағауин «Мен – қазақ әдебиетінің жұлдызы, ал Әкім ағам – толған айы» деп мәз-мейрам боп әзілдеп отыратын. Көкеміздің жан досы Сайын ағаға деген сағынышы толастамайтын. Абыз ұстазым, қазақ әдебиетінің классигі, Алаштың жайсаң мінез жампоз азаматы Әкім көкемнің өзі де міне, ғарышқа көтерілді. Көкемнің жатқан жері жайлы болсын, рухы пейіште шалқысын.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
ғалым
ҚОШ, КЛАССИК!
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық өнері мен киносының тағы бір бәйтерегі құлады. Жылымық кезеңде қазақ өнері мен мәдениетінің көгінде жарқырап шыққан алтын шоғырдың соңғылары аманатын келешекке табыстап, мына жалғанды қалдырып өтіп жатыр.
Бұл буын алдыңғы толқынның ұлы көшінен көз жазып қалғанда, ерекше екпінмен ескі жұртқа жаңа көшті бұрған, ұлттық мәдениетті жаңа белеске көтерген игі жақсыларымыз еді. Көзге жас, көкірекке өксік тығылады.
Туындылары оқырмандарының жан азығына айналған, қазақ киносы мен драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Үртайұлы Әшімов 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Әкім Тарази 1964 жылдан бастап қазақ киносының қара шаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редакторы болып, 1970-1980 жылдар арасында Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, Қазақ КСР Кинематографистер одағының хатшысы қызметін мінсіз атқарды.
Қаламгердің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қыз жылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді. «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын. періште. махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де драматургиялық шығармалары еліміздің театрларында сахналанды. Оның Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметі тұсында қазақ кино өнері өрлеу кезеңін бастан кешірді.
Жылдар өте келе ұстаздық етіп, профессор Әкім Тарази
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірттерге дәріс берді.
Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесері өткен болатын. Жазушының «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы осы томдықтарда жинақталып, оқырмандарымен қауышты.
Қош, киелі сөз өнерін көкке көтерген суреткер! Қош, ұлтын сүйген ұстаз! Сіз жаққан өнер алауы сан ұрпақтың санасына сәуле түсіріп тұрарына сенеміз.
Ғалым АХМЕДЬЯРОВ,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры
БІЗ СІЗДІ ҰМЫТПАЙМЫЗ
Қазақ сөз өнерінің бір алыбының жүрегі өзінің соғуын мәңгілік тоқтатты. Неткен өкініш. Қазақ өнерінің шындығын дәл Әкім ағадай жазатын жазушыны көре алмай тұрмын.
Бірақ тәубаға келейік. Артында мол әдеби мұрасы қалды. Айтарын айтып, жазарын жазып кетті. Жазушы өзінің шығармашылық ұзақ жолында қай жанрға қалам сілтесе де, шығармасының шырайын келтіріп айта қаларлықтай дүниелер тудырды. Оның қай туындысы да оқырманын бейжай қалдырған емес. Ол қазақ әдебиетінің алтын қорына қомақты олжа салып, өзінің әдеби мектебін қалыптастырған қаламгер. Жалпы, қазіргі қазақ әдебиетін Әкім Таразисіз елестетуге бола ма?
Ә.Тарази шығармаларындағы «кішкентай» пенделер мен тұлғалар арасындағы күрес – шындық пен өтіріктің, жақсылық пен жамандықтың, не өмір мен өлімнің арасындағы күрес. Бұл күрес бүгін-ертең бітпейді. Ірі тұлғалар толық рухани азаттыққа жеткенше тоқтатпайды бұл күресті. Бұл –мағыналы өмір үшін күрес. Сондықтанда жазушы шығармалары рухани өміріміздің күретамырындай оқырман зердесіне жан бітіріп, тоқтаусыз алға жетелейді.
Хош, аяулы аға. Асыл ұстаз.
Біз Сізді ұмытпаймыз, Әкім аға!
Алпысбай МҰСАЕВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор,
таразитанушы