Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда күміс медаль иеленді

/
Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда күміс медаль иеленді
Шымкент әкімдігі

Парижде өткен синтетикалық биология бағытындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі – International Genetically Engineered Machine (iGEM) 2025 байқауында NIS-Kazakhstan командасы күміс медаль алды. Бұл – Қазақстаннан қатысқан жалғыз мектеп командасы, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқауда Шымкент қаласындағы екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Қаратау және Абай аудандары) оқушылары, сондай-ақ, Петропавл мен Түркістандағы NIS және өзге де жалпы білім беретін мектептердің шәкірттері бірігіп, бір команда ретінде додаға түсті.

NIS-Kazakhstan командасы өз жобасында косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтау мәселесін көтеріп, қоғам назарын осы бағытқа аударды. Команда әзірлеген proof of concept жүйесі генетикалық модификацияланған HEK293T жасушаларының негізінде жасалып, косметикалық заттардағы гидрохинонды анықтауға бағытталған.

Зерттеудің келесі кезеңі – тұтынушыларға косметикалық өнімдер құрамын тексеруге мүмкіндік беретін портативті биосенсор құрастыру. Оқушылар халықаралық ғылыми аренада еліміздің биотехнология саласындағы әлеуетін танытып, инновациялық ойлау мен ғылыми ізденістің жарқын үлгісін көрсетті.

Айта кетейік, iGEM байқауы – биоинженерия мен гендік технологиялар арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған жас зерттеушілердің басын қосатын ең ауқымды ғылыми жарыстардың бірі. Биыл оған 60-тан астам елден 400-ге жуық команда қатысты, олардың қатарында университеттер мен аспиранттық деңгейдегі зертханалар да бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары